Қазақстан халқы Ассамблеясы

278

Гафнер Владимир Викторович

Өмір жылдары: (1946 – 2013 жж.)

    Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің ірі ұйымдастырушысы, Қазақстанның мұнай өңдеу өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері, Ленин атындағы Гурьев МӨЗ директоры және 1986 – 1999 жылдары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ Президенті.

    Владимир Викторович Гафнердің өмірбаяны – Атырау мұнай өңдеу зауыты және керісінше. В.В. Гафнер 1946 жылы Свердлов облысының Карпинск қаласында дүниеге келген. Әкесі шағын кәсіпорында бас инженер, анасы Эмилия Тобиасовна балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген. Владимир Викторович туған әкесін білмейді. Соғыстан кейінгі жылдары басталған қуғын-сүргін олардың отбасына да әсер еткен. Шағын кәсіпорынның бас инженері болып жұмыс істеген әкесі зиянкестігі үшін айыпталып, кішігірім апатқа байланысты лагерьрде қаза тапты. Ұлының өмірі үшін қауіптгенген Эмилия Тобиасовна Владимирдің тегін өзінің қыз кезіндегі тегі – Гафнерге ауыстырады, бірақ әкесінің атын туған кезіндегідей қалдырады.

    Владимир бес жаста болғанда, отбасы Свердлов облысының Туринск қаласына көшеді. Мұнда ол орта мектепті бітіріп, содан кейін Тюмень индустриалды институтына түседі. Ал жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Гурьев мұнай өңдеу зауытында жұмысқа тұрады. Қаланы провинциялылығына және көптеген артықшылықтарының жоқтығына қарамастан, ол бірден қабылдады. Отыз жыл ішінде ол ешқашан жақсы орын тауып, ыңғайланып орнығу туралы ойына алмады. Гурьев оның отанына айналды.

     

    В.В. Гафнер еңбек жолын 1973 жылы Гурьев мұнай өңдеу зауытында каталитикалық риформингтің салынып жатқан технологиялық қондырғысында бастады. Дегенмен 1974 жылы ол цех бастығы болады. Ал 1976 жылдың желтоқсанында КСРО Мұнай және газ министрлігінің алқасы В.В. Гафнерді зауыттың бас инженері етіп тағайындайды. Бұл лауазымда Владимир Викторович он жыл жұмыс істеп, өзінің барлық инженерлік ақыл-ойын танытып, өзінің кәсіби шебер екенін көрсетті. Оның шығармашылық әлеуеті өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында қондырғылар мен цехтарды техникалық қайта жарақтандыру сияқты маңызды міндеттерді шешуге бағытталған болатын.

    1986 жылдың 24 қарашасында ұжымның жалпы жиналысының шешімімен Владимир Викторович Гафнер бірауыздан В.И. Ленин атындағы Гурьев мұнай өңдеу зауытының директоры болып сайланды.

    Он үш жыл бойы ол қарапайым, демократиялық, жауапты ірі кәсіпорынның бірінші басшысы болды. Оның бастамасымен өндірісті басқарудың ұжымдық органы құрылды, оған оның барлық орынбасарлары мен бас мамандары кірді.

    В.В. Гафнердің әріптестері оның: «Әй, жігіттер, мені жерге қараттыңдар ғой» деген сөзінен барлығы қысылып, ұялатындарын естеріне алады.

    Владимир Викторович Гафнер стратегиялық ойшыл басшы және кәсіби маман ретінде зауыттың мұнай өңдеу жүйесіндегі орнын анық түсінді. Үнемі ғылыми әдебиеттерді зерттеп, одақтық және республикалық жиналыстарда сала мәселелерін талқылады. Өзіне сеніп тапсырылған зауыттағы технологиялық үдерістердің жетілмегендігін байқай алатын. Оның басты мақсаты таңдау тереңдігін арттыру, ашық түсті мұнай өнімдерін өндіруді арттыру еді. Мұның бәріне каталитикалық крекинг қондырғысын салу, бүкіл зауытты түбегейлі қайта құру арқылы қол жеткізуге болатын болды. Оның өндірістік қызметі де осыған арналды. Гурьев МӨЗ-нің келбетін өзгертуге, оны саладағы алдыңғы қатарға шығаруға деген ұмтылыс оның Гурьевтегі өндірістік қызметінің айнымас бөлігіне айналады.

    Жаңа тарихи жағдайларда, нарықтық қатынастарға көшу міндетті болған кезде, Гафнер өзінің бір сұхбатында былай деді: «Нарықтық экономикаға көшу қажет. Мемлекеттің қолында экономикалық құралдарды реттеу тетіктері болуы керек. Нарық біздің экономикамызды түбегейлі реформалау, бастамаға жол ашу, еңбек ұжымдары мен әр қызметкердің экономикалық дербестігі үшін, бізде бар үлкен ресурстарды ұтымды пайдалану үшін қажет, мысалы, Гурьев өңірінде және оны пайдалана отырып, нарыққа сүйене отырып, нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже алуға болады. Міне, осы үшін нарықтық экономикаға көшуіміз керек.»

    1998 жылдың шілдесінде өткен еңбек ұжымының кәсіподақ конференциясында «АМӨЗ» АҚ президенті В.В. Гафнер: «Мұнай бизнесі – әлемдік нарықтың жағдайын анықтайтын экономикалық орта. Біз – әлемдік мұнай өнімдері нарығының бір бөлігіміз. Егер зауыт тоқтап қалса, біз, зауыт жұмысшылары, атыраулықтар қапаланамыз» деп, болжамды сөздерін айтқан еді.

    Ол директор қызметіне қайта құру дәуірінде кірісті. Гафнердің зауытқа басшылық еткен жылдары қиын болды. Бұл өндірісті басқарудың белгіленген нормаларын өзгерген кезеңі болды. Шығындарды есепке алудың әр түрлі формалары енгізілді, еңбек ұжымдарының кеңестері пайда болды, басшыларды сайлау ұсынылды, содан кейін күші жойылды. Елде инфляция басталды, жеткізілімдер бұзылды, өндіріс деңгейі төмендей бастады, күнделікті өмірден ең қажетті заттар жоғалып кетті.

    Мұндай жағдайда бірінші басшы ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді және қиын жағдайдан шығудың жолын тапты. Зауыт өткен ғасырдың 80-90 жылдарына тән экономикалық проблемаларды шешуден тыс қалған жоқ.

    КСРО-ның саяси, экономикалық және қоғамдық өмірінде болған өзгерістер зауыттың бірінші басшысының жолын күрделі етті. Алайда қаншалықты қиын болса да, ол Атырау МӨЗ-нің өркендеуі және тұрақты жұмыс істеуі үшін не істеу керектігін білді.

    1999 жылдың шілде айының ортасында Владимир Викторович Гафнер «АМӨЗ» ААҚ президенті қызметінен кетті. Зауытта «Гафнер дәуірі» аяқталды. Ол жиырма тоғыз жыл, оның ішінде жиырма үш жыл жоғарғы басшылықта жұмыс істеп, зауыт жұмысшыларының жүрегінде өзінің жақсы ізін және жарқын естелігін қалдырды. Жылдар өтсе де, зауыт жұмысшылары әрдайым жаңадан келген әр директорды Гафнермен, тек кәсіби тұрғыда ғана емес, сонымен бірге адами тұрғыда өсуі тиіс жоғары деңгеймен салыстыратын болады. В.В. Гафнердің кезінде біраз зауытшылар үшін зауыт өзінің туған үйіне айналған, олар зауытты сағынатын, оны жақсы көретін. Гафнердің жанында жұмыс істеп бастағандар да және бүгінгі күні сапта жүргендер де зауытты «үйіндей» сезінеді, оған бей-жай қарамайды, ол үшін жандарын береді, білімдерін, тәжірибелерін, энергияларын туған кәсіпорындарына беруден аянбайды.

    2003 жылдың 17 сәуірінен бастап Владимир Викторович «ЛУКОЙЛ» ААҚ Басқарма бастығының орынбасары болып жұмыс істей бастады. МӨЗ-дің Ресейдегі еуропалық бөлігіне жетекшілік етті. Екі жыл Одесса мұнай өңдеу зауытын басқарды және оны құрдымға кеткен жерінен көтерді.

    2007 жылы В.В. Гафнер зейнеткерлік демалысқа шықты. 2013 жылдың 14 маусымында Владимир Викторович Гафнер қайтыс болды.

    Владимир Викторович Гафнер – Атырау қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерінің иегері, КСРО және Қазақстан Республикасының көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған.

    1. Есенова Е.- Владимир Гафнер. Знатные нефтяники земли казахской. Биографическая серия. – Алматы, 2015. – 192 с.

    2. Мукашев С. Летопись города Атырау. – Алматы, 2001 – 215 с.

    3. Атырау: Энциклопедия. – Алматы, 2000 – С.187.

    Владимир Викторович Гафнер туралы кітап жазылды, оның құрметіне 2014 жылы өзі тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды, Атырау қаласының көшелерінің бірі оның есімімен аталды.

Кейін қарай