Қазақстан халқы Ассамблеясы

468

Геринг Яков Германович

Өмір жылдары: (1932 – 1984 жж.)

    Кеңестік шаруашылық қайраткері, зоотехник ғалым, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастырушы, Павлодар облысы Өспен ауданы «Қазақ КСР-ге 30 жыл» колхозының төрағасы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты.

    Яков Германович 1932 жылы 29 ақпанда Грузияның Люксембург ауылында дүниеге келген. Ұлты неміс. Ол XIX ғасырда Швабиядан қоныс аударушылар құрған ауылда өсті. Сол жерде мектепке барды, бірақ ұзақ оқыған жоқ. 1938 жылы оның әкесі тұтқындалып, туыстары қуғын-сүргінге ұшырады.

    1941 жылы оның отбасы Қазақстанға жер аударылған. 1941 жылдың қараша айында ұзақ сынақтардан кейін Герингтердің әжесі үш немересімен Павлодар облысының № 4 ауылына қоныстанады. Кейін олар Яков Герингтің еңбек жолы басталған аудан орталығына (қазіргі Ақсу қаласы) көшті. Он екі жасар жасөспірімді майдандағы пима жасайтын цехқа шәкірт ретінде жұмысқа алады. 1946 жылы әкесі Герман Геринг бостандыққа шығып, балаларына оралады, ал Яков ұзақ үзілістен кейін қайтадан мектеп партасына отырады. Содан кейін фабрика-зауыт оқушылық мектебін бітіріп, Киров атындағы Қарағанды шахтасында жұмыс істеді. Шахтада қираудың астында қалып, нәтижесінде он сегіз ай бойы омыртқасы сынған күйінде төсекке танылады. Ол жерден 1 топтағы мүгедек болып шығады.

     

     

    1956 жылы маусымда Яков Геринг зооветеринарлық техникумды үздік бітірді. Өзінің қалауымен Павлодар облысы Успен ауданы «Қазақ ССР-нің 30 жылдығы» колхозында зоотехник болып жұмыс істеуге келеді. Бұл фермада өмірінің соңына дейін 30 жылдан астам уақыт еңбек етеді.

    Я.Г. Геринг жұмыс істеуге келгенде колхоздың құлдырап тұрған кезі еді. Жұмыстың алғашқы күндерінде оған ХШЖК-ны көру үшін Мәскеуге барудың сәті түседі. Көрмеде алынған білімі сүтті мал шаруашылығы мамандандығын таңдауына септігін тигізеді. Колхозда Геринг селекция жұмыстарын ұйымдастырды, бұл тек сүттің өнімділігін ғана емес, сонымен қатар майлылығын да арттырды.

    Жас зоотехниктің жетістіктері елеусіз қалмады. 1959 жылы колхозшылар Герингті өздеріне төраға етіп сайлайды. Бұл жаңалық ашуға бастайтын жаңа мүмкіндіктер еді.

    Колхозда бұрыннан су мәселесі болатын. Геологтардың, су мамандарының қолдауын тапқан Геринг бұл мәселені шешіп қана қоймай, көптеген жылдар бойы экономиканың өркендеуінің негізіне айналған суармалы егіншілікті ұйымдастыра алды. Кез-келген мәселені шешуге мұқият қарап, Я.Г. Геринг мал шаруашылығының ең заманауи әдістеріне сүйенді. 1961 жылдан 1974 жылға дейін колхозда қуатты әлеуметтік-өндірістік база құрылды, ол шаруашылықтың тұрақтануымен қатар, облыстың ең тиімді шаруашылықтарын басып озуға мүмкіндік берді.

    Я.Г. Герингтің шаруашылық жүргізу тәжірибесі, «Қазақ КСР-інің 30 жылдығы» колхозында қолданылатын технологиялары бүкіл Кеңес Одағына тарады. Ал жаңашыл төраға өз заманынан әлдеқайда озып, одан әрі жемісті идеяларды жүзеге асырды. 1982 жылы кең ауқымды суару машиналарын енгізу бойынша «Кубань» бүкілодақтық семинарын өткізу үшін «Қазақ КСР-інің 30 жылдығы» колхозы таңдалды. Осы уақытқа дейін колхоздың суармалы жерлерінің ауданы бес мың гектарға жетті, 64 суару ұңғымасы, үш су қоймасы тартылды.

    Я.Г. Геринг – толық өндірістік циклі бар және әлеуметтік-мәдени өмірі жақсы ұйымдастырылған, өзін-өзі қамтамасыз ететін, жоғары дамыған экономика идеясын құрушы.

    Яков Германович 1984 жылы ауыр отадан кейін бұрынғы қарқында жұмыс жасағысы келді, алайда бала кезіндегі қиындықтар мен апаттар денсаулығына әсер етті. 1984 жылы 21 қарашада Геринг қайтыс болды.

    КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасымен 1966 жылғы 22 наурыздағы жарлығымен мал шаруашылығын дамытудағы, ет, сүт, жұмыртқа, жүн және басқа да өнімдер өндіру мен дайындауды арттырудағы жетістіктері үшін Яков Германович Герингке Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі және Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

    Сонымен қатар Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты (1978).

    1. Казахская ССР / Гл. ред. Р. Н. Нургалиев. - Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1988. - Т.2. - С. 142. – 608 с.

    2. Яков Германович Геринг. Сайт «Герои страны». https://www.peoples.ru/state/statesmen/yakov_gering/

    3. http://www.warheroes.ru/hero/hero.asp?Hero_id=11967

    Павлодарлықтар облыс орталығындағы көшелердің бірін оның есімімен атады. Константиновка ауылындағы Еске алу аллеясында Я.Г. Герингке ескерткіш орнатылды.

Кейін қарай