
279
Григорян Рубен Арамаисович
Өмір жылдары: (1917 – 1976 жж.)
Қазақстанның Ақтау қаласы мен атом өнеркәсібінің алғашқы құрылысшыларының бірі, тау-кен инженері, КСРО Орта машина жасау министрлігі Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатының директоры (1961-1970), А.И. Әлиханов атындағы теориялық және эксперименттік физика институты директорының орынбасары (1970-1976).
1917 жылы Карс қаласында хирург-дәрігердің отбасында дүниеге келген. 1934 жылы жұмысшы факультетін бітірген. Бір жылдан кейін Мәскеу мемлекеттік тау-кен университетіне түсіп, оны 1940 жылы аяқтап, тау-кен инженері мамандығын алып шығады.
Р.А. Григорянның барлық еңбек қызметі атом өнеркәсібінің дамуымен байланысты. Уран өндірісін игерудің алғашқы күндерінен бастап ол КСРО-дағы, Чехословакиядағы түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеді, онда қатардағы инженерден ірі кәсіпорындардың басшысына дейінгі еңбек жолын жүріп өтті. Ол ірі ұйымдастырушы және кәсіби инженер ретіндегі ерекше тәжірибеге ие болды.
1961 жылы Рубен Григорян Қазақстанға жіберіліп, кейіннен бір кәсіпорын – Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатына біріктірілген 475п/ж және 7 п/ж кәсіпорындарының директоры болып тағайындалды.
Комбинат 1959 жылы Гурьев облысы Маңғышлақ түбегінде Меловое кен орнының базасында сирек жерлері бар кешенді уран-фосор кендерін өндіру және қайта өңдеу үшін құрылды. Бұл кеніштердің құрамы жағынан едәуір қоры бар, бірақ уран құрамы жағынан нашар, бірегей кен орны, ол ауқымды әртараптандырылған өнеркәсіп кешенін салуға алып келді.
Ол кезде болашақ комбинат пен қаланың орнында дала мен құм болған. Материалдық-техникалық база және қатынас жолдары, су көздері, энергия және байланыс құралдары мүлдем болмады, адами ресурстар тапшы еді.
1959 жылы алғашқы ауыл пайда болды, онда бірнеше қазақ киіз үйлері мен шатырлар тұратын. Алдымен 200-ге жуық отбасы тұратын жер қалашығы құрылды. Сол 1959 жылы жергілікті ұлутастан жасалған алғашқы үй салынды. Осылайша комбинатпен бірге жаңа қала – Ақтау бой көтерді.
1961 жылдан бастап негізгі бөлшектер мен құрылысты басқару зауытының директоры қызметін атқарған Р.А. Григорян бір уақытта өнеркәсіп кешені мен қаланың құрылыс бөлімінің бастығы, сонымен қатар №14 250 әскери бөлімінің командирі болды.
Рубен Арамаисович зауытты дамыта отырып, 60-шы жылдары қалыптасқан қала құрды. 1959 жылы 31 шілдеде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Ақтау елдімекені Ақтау жұмысшылар кенті болып өзгертілді. 1961 жылдың өзінде-ақ 14,5 мың тұрғын өмір сүрді, оның 8350-і зауытта жұмыс істеді. 1963 жылы 10 желтоқсанда ол облыстық бағыныстағы қалаға айналды және Ақтау атауын алды, бірақ 1964 жылдың 1 шілдесінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен қала Шевченко болып өзгертілді. 1967 жылы мұнда 50 мың адам тұрған. 1973 жылы Шевченко қаласы 89 мың халқы бар Маңғышлақ облысының орталығына айналды.
Р.А. Григоряннің келуімен, құрылыс қарқыны өсті – елге кен қажет болды, зауыт кеңейді, сондықтан мұнда мамандар мен жұмысшылар көбірек жіберілді. Комбинаттың күрделі мәселелерінің бірі – кеніштерді пайдалану мен қала инфрақұрылымының құрылысына басшылықты бөлу еді. Рубен Григорянның басшылығымен бұл жағдай ретке келтірілді. Қала тез көркейе бастады. 1961 жылдың соңына қарай 3,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, 250 отбасы жеркепеден пәтерлерге көшірілді. Кентте 2 кинотеатр, 3 кітапхана, 3 мектеп, балабақша салынды.
Григорянның тұсындағы онжылдықта қаланың негізгі өндірістері мен өзегі салынды. Алғашқы күннен бастап көлік магистральдарының – теміржол, автомобиль, құбыр, теңіз, әуе кешенінің құрылысы басталды.
1962 жылдан бастап жүктерді жаппай тасымалдау басталды. 1964 жылы 26 маусымда Мақат – Шевченко магистралінің солтүстік және оңтүстік трассаларының түйіскен жерінде күміс дөймық қағылды. Теңіз порты, Маңғышлақ энергия зауыты, Каспий маңы құрылыс басқармасы, Еуропадағы ең ірі пластмасса зауытының құрылысы салынды, ет комбинаты, құс фабрикасы және көптеген ірі кәсіпорындар пайдалануға берілді.
Ақтаудың басты қала құраушы объектісі – Каспий маңы тау-кен металлургия комбинаты едәуір кеңейіп, 30 мыңдық ұжымға өсті, оның құрамына: екі тау-кен өндіру карьері, үш қайта өңдеу зауыты, жөндеу-механикалық зауыты, тіс пастасы зауыты және машина жасау зауыты, ОҒЗЗ және байланыс көлігі мен басқа да қызмет көрсету қызметтерінің 10-нан астам кәсіпорны, барлығы 26 өндірістік бірлік кірді.
Ақтау қаласы сол жылдары заманауи қаланы құрудың жаңа тәсілінің үлгісі болды. Қаланың құрылысы мен дамуының бас жоспарында адамгершілік идея айқын көрінеді: адамның игілігі – бәрінен маңызды, оның құрылысы жобасына «адам үшін қолайсыз ортаны жақсы бейімдеген қала ретінде» Патрик Аберкромби атындағы «Алтын медалі» бар сәулетшілер қауымдастығының Халықаралық сыйлығы берілді.
Ақтаудың құрылуы мен дамуы, айтқандай, тарихи атауы қалаға 1991 жылы қайтып берліген болатын, бұл мыңдаған мамандардың, ғалымдар мен жұмысшылардың ісі. Комбинат пен қала құрылысы бір адамның еңбегі бола алмайтыны анық. Бірақ ақтаулықтар үшін Рубен Арамаисович Григорянның есімі қала құрылысшысы сөзімен мәңгі байланысты. Сол жылдардағы Рубен Григорянның басты қағидасы адамдарға қамқорлық жасау еді. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, ол өзінің барлық бағыныштыларына және осы аймақтың болашақ тұрғындарына жағдай жасады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1966 жылғы 29 шілдедегі Жарлығымен 1959-1965 жылдардағы жоспарларды орындаудағы және жаңа техниканы құрудағы ерен еңбегі үшін Рубен Арамаисович Григорянға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі табысталды. 1961-1970 жылдары Қазақстан КП ОК мүшелігіне кандидат, 1963-1971 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VI-VII шақырылымдарының депутаты болып сайланды.
Мәскеуге көшіп, 1970 жылдан бастап Рубен Григорян А.И. Әлиханов атындағы теориялық және эксперименттік физика институты директорының орынбасары болды. Ол 1973 жылы шілдеде аяқталған Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатында КСРО-да алғашқы көпмақсатты АЭС құру бойынша жұмыстарға қатысты.
Р.А. Григорян 1976 жылы 25 қарашада Мәскеуде қайтыс болды. Ол жақта Кунцевский зиратында жерленген.
Рубен Арамаисович Григорян – Социалистік Еңбек Ері, Ленин және Сталин сыйлықтарының лауреаты, Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, I дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған, Ақтау қаласының Құрметті азаматы.
1. Герои атомного проекта. - Саров, 2005. - 566 с. (Григорян Р.А. – С.116).
2. Сырьевая база атомной промышленности. События, люди, достижения // под общей ред. Н.П. Петрухина – М., 2015. – С.205.
3. Маңғыстау энциклопедиясы. – Алматы, 1997 – С.239.
Ақтау қаласында Рубен Арамаисович Григорянның есімімен көше аталды және ескерткіш-бюст орнатылды. Ескерткіштің ашылуында оның қаланы салудың қиын жолының басында айтқан сөздері еске алынды: «Мұнда теңіз суық, күн жылы шырай танытпайды, жер тұзды, сондықтан біз теңіз жылы, күн мейірімді және жер жомарт болатындай жұмыс жасауымыз керек».
Қала ардагерлері Р.А. Григорянға қойылған ескерткішті барлық Алғашқы құрылысшыларға арналған ескерткіш деп санауды ұсынды.
20 Маусым, 15:06
Қызылордада «TWO STARS» атты ерекше ән-шоу байқауы өтті
18 Маусым, 00:17
Алматы қаласындағы Республикалық Достық үйінде «Ана – ұлттың ұйыстырушысы» тәжірибеге бағытталған курсы басталды
вчера, 17:05
Астанада БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында ҚХА салтанатты отырысы өтті
18 Маусым, 09:23
Алматы қаласында V Республикалық Ақсақалдар кеңесінің форумы өтті