Қазақстан халқы Ассамблеясы

373

Масанчи Магазы Лебузович

Өмір жылдары: (1885 – 1938 жж.)

    Қазақстанның мемлекеттік қайраткері, революциялық қозғалысқа, Азамат соғысына қатысушы, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Абдолла Розыбакиевтермен Орта Азия мен Қазақстанда Кеңес үкіметін орнату жолындағы күрес ісінде серіктес болған.

    Верный қаласында дүниеге келген. Этникалық дүнген. Батрақтың ұлы. 1918 жылдан БКП(б) мүшесі.

    1908-1917 жылдары патша әскерінде қатардағы жауынгер. 1-дүниежүзілік соғысқа қатысушы. 1917 жылғы революцияға және Орта Азияда Кеңес үкіметін орнатуға қатысушы.

    1919 жылдан бастап мұсылман ротасының командирі, 2-ші запастағы батальон командирінің көмекшісі, Коминтерн атындағы мұсылман батальонының командирі. 1919 жылдың соңында оның батальоны Алматыға көшірілді.

    1920 жылдың жазында Тұрар Рысқұловпен, Сәкен Сейфуллинмен, Ораз Жандосовпен, Абдолла Розыбакиевпен және басқалармен бірге Верныйда 8-ші қырғыз (қазақ) бригадасын құрады.

    1920 жылы Түркістан кеңесі 9-съезінің делегаты болды. 1921 жылы Түркістан ОСК мүшесі болып қабылданды, Коминтерн 3-ші конгресінің делегаты, В. Ленинмен кездесіп, әңгімелескен.

    1921 жылдары – Түркістан майданының 15-ші кавалерия полкінің командирі.

    1923-1924 жылдары – Жетісу облыстық милициясының және облыстық Орталық Атқару комитетінің бастығы.

    1924 жылы – Жетісу облыстық «Кошчи/Бедноты» одағының төрағасы.

    1926-28 жылдары – Қызылорда уездік-қалалық атқару комитетінің әкімшілік бөлімінің бастығы.

    1930 жылы – Қазақстан НКВД қамау орындары Бас басқармасының бастығы.

    1931-1932 жылдары – Өзбекстан Әділет халық комиссариаты еңбекпен түзеу мекемелері Бас басқармасының бастығы, 1932 жылдан – Өзбекстан Әділет халық комиссариатының орынбасары.

    «Страна Советов» дүнген колхозының, Алматы қаласындағы Биянху атындағы дүнген ұлттық мектебінің ұйымдастырушысы.

    1936 жылдың 13 қаңтарында БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің бюросы ҚазКСР ХКК және ОСК шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып бекітілді.

    1937 жылы ол тұтқындалады. КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясында ең жоғары жазамен сотталып, атылды.

    Магазы Масанчидің қатысуымен Қарақоныз (Масанчи) ауылы үлкен жетістіктерге жетті. 1937 жылы мектеп ғимараты салынды, ал 1938 жылы радио торабы орнатылды, телефон байланысы торабы, пошта бөлімшесі, амбулатория мен аурухана ашылды, стационарлық киноқондырғысы бар клуб пайда болды. Қарақоныз сол кездегі КСРО аумағындағы алғашқы дүнген елдімекендерінің бірі болды және ең үлкен халық тығыз қоныстанған пунктке айналды. 1920 жылдары Орта Азиядағы 17 мың дүнген халқының 30%-ға жуығы Қарақоныз ауылында тұрған.

    1920 жылдары Қарақоныз (Масанчи) ауылы тұрғындарының көшіп-қонуы есебінен Шортөбе және басқа да ауылдар құрылды. Бүгінде Масанчи халық арасында ортаазиялық, оның ішінде қазақстандық дүнгендердің орталығы деп саналатыны кездейсоқ емес. Магазы Масанчи 30-жылдардың басында Алматыда «Страна Советов» деп аталатын алғашқы колхоздардың бірін ашуға көмектесті.

    1922 жылдың наурызынан бастап Қызыл Армия қатарынан шығарылып, партиялық жұмысқа жіберілгеннен кейін Масанчи Өзбекстан мен Қазақстанның мемлекеттік органдарында бірқатар маңызды қызметтер атқарды. Сол кезден бастап ол жастардың біліміне назар аударды. Ол кеңес еліндегі бірнеше дүнген диаспорасының болашағы өз халқын ағартуға және оны жаңа өмірге біріктіруге қабілетті зиялы қауым болған жағдайда ғана мүмкін болатындығын түсінді. Масанчи Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанның жоғары оқу орындарында бірқатар жас, білімді техникалық мамандар мен гуманитарийлерді даярлау және осы негізде этникалық мәдениетті дамыту идеясын алға тартты. Алматыда 1933 жылы № 4 дүнген мектебінің негізінде (мұнда 1928 жылы 200-ден астам бала оқыды) Биянху атындағы дүнген педагогикалық техникумы ашылды. 1936 жылы мұнда 100 адам оқыса, оның ішінде 27-сі қыздар болатын. Мұнда Ташкент қаласының жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істеді. Бұл оқу орнына Магазы Масанчи айрақша көңіл бөлді.

    Бірақ Магазы Масанчидің белсенді қызметі ұмытылып, Сталин кезеңінде ол негізсіз қуғын-сүргінге ұшырады, 1938 жылы оны құру үшін көп жұмыс жасағанына қарамастан, жалған айыппен «халық жауы» ретінде атылды. Сталиндік қуғын-сүргіннен бастап бұл есім халық батырларының есімдері тізімінен алынып тасталды. Хрущевтің кезінде саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталғанда, бұл есім де ақталды.

    Естеліктерден

    1921 жылдың тамызында құрамына «дүнген полкі» кірген 8-ші қазақ бригадасы басмашылармен күресу үшін Жетісуден Ферғана қаласына жаяу жүріп көшіруді бастады. М. Масанчидің естеліктеріне сәйкес, бұл Қарақоныз дүнгендерінің өтініші бойынша жасалды, өйткені олар «өздерінің Қызыл әскерімен жолығысып, ұзақ жорықтың алдында олармен қоштасқысы келді». «Бізді батыр деп қабылдады... Мен сөзімді аяқтаған соң ақсақалдардың ең үлкені алға шығып: – Масанчи! Мен тізем қалтырап, қылышымды қынаптан суыратын жастан кеттім. Егер мен жас болсам, бұл жорықта менің атым сенікінен қалыспас еді... Қарияға оралған қызыл жібек түйіншек берілді. Ол оны құдды бір байрақ тәрізді жоғары көтеріп, сөзін жалғастырды: «Мынау халқымыздың қасиетті жәдігерлері. Мұнда Биянху таяныш еткен таяқ, батыл адамның киген көзілдірігі, күріш жеген таяқшалар бар. Біз бұл заттарды саған адалдығың мен Ленинмен тілдескен адамға деген құрметіміздің белгісі ретінде табыс етеміз, Масанчи...».

    1928-1930 жылдары күштеп ұжымдастыру саясаты басталды, соның нәтижесінде Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ашаршылық басталды: 1931-1933 жылдар ішінде әртүрлі бағалаулар бойынша 2-ден 4 млн адамға дейін, республика халқының 50%-дан астамы қайтыс болды. Шамамен 1 млн Қазақ КСРО-ның іргелес одақтас республикаларына және одан тыс жерлерге (Қытай, Моңғолия, Иран және Ауғанстан) қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазақ халқының осы қайғылы кезеңі халықта «Ашаршылық» деген атауға ие болды.

    Атақты дүнген ақыны Хия Лаахуновтың естеліктерінде «Мен ерте жастан адам өмірінің ащы жағын көрдім. 1933-1934 жылдары барлық жерді сұмдық ашаршылық жайлады. Бірде ата-анаммен Қарақоныз (Масанчи) ауылынан Токмак қаласына ат арбамен базарға бардық. Ауа тарылып кеткендей болды. Жолдың екі жағында да бір жерде әйелдер, бір жерде ер адамдар, кейде балалар да жатты. Әкемнен олар неге жатқанын сұрадым. Ол кезде әкем олар шаршаған соң демалып жатыр деп жауап берді. Тек біраз жылдар өткен соң мен олардың өліп жатқанын білдім. Олар аштан өлген. Көпшілігі Отар алқабынан және Балқаштан екен. Отызыншы жылдары тәркілеу белең алып, адамдар басы ауған жаққа қашып кеткен. Көбісі қаражат болмағандықтан, аштықтан құтыла алмады және бейтаныс жерде мәңгіге қалды».

    Қарақоныз (Масанчи) ауылындағы ауыртпалықты кезеңдердегі ашаршылыққа куә болғандардың басқа да естеліктері бойынша Имар Губар Қарабайсейіт және Сарыбайсейіт есімді қазақтың екі жетім ұлын асырап алған.

    Ауыл тұрғындарының айтуынша, есейсе де асырап алған ата-анасына бауыр басып кеткен Қарабайсейіт атқа мініп қонаққа келіп тұрады екен, міндетті түрде сыйлықтарын ала келеді. Үйге жақындай бере дүнгенше бар дауысымен: «Ма во хуэлели!» («Анашым, мен оралдым») айқайлап, анасын құшағына қатты-қатты қысады екен.

    Қазақ даласы осындай отбасылық оқиғаларға толы болды, айналасында өлім мен шарасыздық билік жүргізгеніне қарамастан, адамдар өздерінің адами қасиеттерін жоғалтпады және қайырымдылық, жауаптылық, ризашылық білдіру, қан мен сенімді бөліспеуге күш тапты.

    Масанчи «Қызыл Ту» орденімен, революцияның 10 жылдығына орай «Азаматтық соғыстың белсенді қатысушысы ретінде» күміс портсигар мен алтын сағатпен марапатталды.

    1. Алма-Ата. Энциклопедия. / Гл. ред. М. К. Козыбаев. — Алма-Ата: Гл. ред. Казахской Советской энциклопедии, 1983. — С. 350. — 608 с.

    2. Шупейкин В. Придет Масанчи – побегут басмачи. Именем выдающегося дунганина в Алматы названа улица. 13.06.2008. https://centrasia.org/newsA.php?st=1213364760

    3. Вансванова М.Н. «Дунгане: люди и судьбы». Алматы, 2005.

    4. Национальная энциклопедия «Казахстан». Т.4. / Гл. ред. Б. Аяган. - Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2007. - с. 418.

    5. Имазов М.Х. «Роль Магаза Масанчи в подготовке первых кадров дунганской интеллигенции». Бишкек, 2006.

    6. Машанло М.Д. Шеньсийские дунгане в Кыргызстане и Казахстане. диссертация на соискание ученой степени… Бишкек, 2009.

    7. Ибрагим Сулейманов. Международный дунганский фонд 10 февраля 2019 г. https://ok.ru/group55240622997626/topic/151606268634490

    8. Вансванова М.Н. «Магазы Масанчи: по следам судьбы». https://centrasia.org/person2.php?st=1069788615

    Мағаз Масанчидің құрметіне Алматыда ескерткіш орнатылып, көше атауы берілді. Жанында Кеңес үкіметін орнатуға қатысқан Амангелді көшесі орналасқан.

    1962 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ауылға оның есімі берілді.

    Сондай-ақ Алматы қаласындағы Көрнекті қайраткерлер аллеясында Масанчидің бюсті тұғырға орнатылды.


     

Кейін қарай