Қазақстан халқы Ассамблеясы

543

Розыбакиев Абдолла Ахметович

Өмір жылдары: (1897 – 1937 жж.)

    Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, революциялық қозғалысқа қатысушы. О. Жандосовпен, Т. Бокинмен бірге Жетісуда кеңес үкіметін орнатуға қатысқан.

    Розыбакиев Жетісу өңірінің тұрғындары арасында нағыз интернационалист ретінде танымал болды.

    Абдолла Ахметұлы Верненск ауданының Курам болысына қарасты Киікбай ауылындағы мұсылман мектебі мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Этникалық ұйғыр. Верненская мұғалімдер гимназиясында, 1925-1927 жылдары Я. Свердлов атындағы коммунистік университетте білім алған.

    Сонау 1918 жылы А. Розыбакиев большевиктер партиясы басшыларының ұрандарына сеніп, саналы түрде шешім қабылдап, Коммунистік партия қатарына қосылады. А. Розыбакиевтің негізгі қызмет саласы – ұлттық азшылық өкілдері арасындағы идеологиялық жұмыс. 1918 жылы ол Верныйдың аудандық ұлт комиссары болып сайланды. 1921 жылы мамырда А. Розыбакиев Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің ұлттық азшылық бөлімінің меңгерушісі болды, ол кейін Жетісу облыстық партия комитеті жанындағы ұйғыр және дүнген коммунистерінің өлкелік бюросына айналады.

    1917 жылдан «Верный қаласындағы мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы» басшыларының бірі, Жетісу облыстық атқару комитетінің және облыстық әскери атқару комитетінің мүшесі болды. Жетісу РК(б)П облыстық комитеті жанындағы уездік комиссар және ұлттар ісі жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары.

    Абдолла Розыбакиевтің өмірі мен қызметін зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Абдуллина «Өзінің революциялық қызметінің басынан бастап ұлттық кадрлар, әсіресе ұйғырлар арасында жұмысты ұйымдастыруға үлкен мән бергенін» атап өтті.

    1917 жылдың сәуірінде Абдолла Верный қаласындағы Мұсылман жұмысшыларының біріккен одағының хатшысы болып сайланды, ал 1918 жылы Ұйғырлар революциялық одағының басшысы болып тағайындалды.

    Абдолла Розыбакиев Орта Азия мен Қазақстандағы революциялық оқиғалардың белсенді қатысушысы, талантты ұйымдастырушы болған. 1920 жылдың көктемінде Түркістан майданының уәкілі Д. Фурмановтың ұсынысы бойынша Жаркент уездік-қалалық революциялық комитетінің төрағасы болады. Кейін Абдолла Ахметұлы Жаркенттің Қызыл Армия атты полкінің бастығы Г. Ерискинмен бірге қарулы отрядтар басында шекаралас қазақ-ұйғыр ауылдарын күзеткен ұйқысыз түндерін еске алысады.

    1926 жылы ол Қазақстанның оңтүстік облыстарының Сайрам, Бадам және Арыс болыстарындағы егістік және шабындық жерлерді қайта бөлу жөніндегі комиссияның басшылығымен жерлерді нақты бөлуді зерттеді. Осы комиссия жұмысының материалдары жерлерді қайта бөлуге негіз болды, бұл сол кезде ауылдарды кеңестендірудің маңызды шарты еді. Біраз уақыт бұрын ол Алматыда облыстық партия мұрағатын құруға қатысқан.

    Зерттеуші А.Т. Абдуллина атап өткендей, Розыбакиев ұйғыр қоғамының «басшы топтары» билікке ұмтылатынын түсінгендіктен, ұйғырлардың өзін-өзі билеуіне қатты қарсы болды. Ол жас кеңес республикасының тұтастығын сақтау үшін көп жұмыс жасады.

    1924 жылы А. Розыбакиев ұлттық межелеу жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасының орынбасары, Сырдария губерниялық партия комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ЖШИ Өлкелік бақылау комиссиясы Төралқасының мүшесі, Қызыл-Орда аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Одан кейін Павлодар аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы, Қазақ АКСР жабдықтау халық комиссары болды.

    Ағартушылық үлесі

    Абдолла Розыбакиевтің таланты Жетісудағы 1917-1920 жылдардағы тарих, экономика, революциялық оқиғалар бойынша мақалалар мен брошюралар жазудан да көрінді. Ол «Ұйғыр және дүнген өлкесінен Жетісу өлкесіне қоныс аудару тарихы және олардың экономикалық ахуалы», «Ұйғыр әдебиетінің тарихы және оның қазіргі жағдайы», «Алтышахар-Жоңғария және ағылшын империализмі» атты мақалалар дайындап, жазды.

    Сондай-ақ А. Розыбакиев латын графикасына көшкен түркітілдес халықтардың жаңа әліпбиі мен орфографиясы комитетінің жұмысына белсене қатысты. Н.Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтымен шығарылған профессор Л.И. Фесенконың «Шыңжаң тарихының очерктері» монографиясының кеңесшісі және редакторы болды.

    Осы кезеңде А. Розыбакиев «Камбагаллар авази» («Кедейдің үні», 1921 ж.) ұйғыр газетінің ұйымдастырушысы және редакторы болды. 1931 жылы Алматыда «Кзылтанг» журналы шыға бастады. 1921 жылы Абдолла Розыбакиев Қазақ республикасын жабдықтау халық комиссары болды, сонымен бір мезгілде журнал редакторларының бірі бола отырып, үнемі жастарды кеңінен ағартуды жақтады.

    1923 жылы қаңтарда облыстық бюро жанынан Абдолла Розыбакиевтің тікелей қатысуымен ұйғырлардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге негіз болған ғылыми орталық құрылды. Ғылыми орталық өз қызметін араб графикасы негізіндегі ұйғыр әліпбиін реформалаудан және емле ережелерін әзірлеуден бастады. Мұғалімдерді даярлау бойынша қысқа мерзімді курстар және бастауыш мектептер ашылды. Сол кезде Розыбакиевтің көмегімен Кеңес үкіметі тарихында алғаш рет оның серігі Л. Ансари балаларға арналған әліппені басып шығарды. Сөйтіп Розыбакиев қазіргі ұйғыр тілін жасаушылардың біріне айналды.

    1918-1925 жылдары ұйғыр «Жетысу эшчи-халық мухбири» (Жетісу жұмысшы-шаруа тілшісі), «Комек», «Бухара», «Кедей ерки» газеттерінің редколлегия мүшесі және редакторы болды. 1937 жылдан бастап Қазақстан КП(б) ОК баспасөз бөлімінде жұмыс істеді.

    Абдолла Ахметұлы өліміне дейін жауапты партиялық және мемлекеттік қызметтер атқарды. И. Сталиннің тоталитарлық билік режимінің бекітілуімен бұрынғы партиялық жолдастары А. Розыбакиевтің барлық саяси «қателіктерін» есіне түсірді. Ол 1937 жылы жалған айыппен тұтқындалып, қуғын-сүргінге ұшырады, оның есімі ұзақ жылдар бойы айтылмай келді. Ол 1957 жылы ғана ақталды.

    А. Розыбакиевтің ерен еңбегі Қазақстанның мемлекеттік архивтерінде сақталған құжаттардан көрініс тапты. Бұл құжаттар өмірінің эпопеясын объективті түрде жаза алатын және ірі саяси қайраткердің бейнесін қайта құра алатын ойлы зерттеушілерді күтеді.

    1. Алма-Ата. Энциклопедия. / Гл. ред. М. К. Козыбаев. — Алма-Ата: Гл. ред. Казахской Советской энциклопедии, 1983. — С. 350. — 608 с.

    2. Абдулина А.Т. История Семиречья в персоналиях. К 115-летию со дня рождения А. Розыбакиева. Личный фонд Розыбакиева А.А. // Государственный архив Алматинской области. – Ф. 1076. – Оп. 1. – Д. 15.

    3. Страницы трагических судеб: Сб. воспоминаний жертв политических репрессий в СССР в 1920-1950-е гг. // Сост. Е.М. Грибанова, А.С. Зулкашева, А.Н. Ипмагамбетова и др. – Алматы: Жеті жарғы, 2002. – 448 с.

    4. Личный фонд Розыбакиева А.А. // Государственный архив Алматинской области. – Ф. 1076. – Оп. 1. – Д. 117.

    5. Нурпеис К.К. Завершение эксперимента: Казахстан в годы НЭПа // Экспресс К. - 2006. - 31 марта - № 57 (15959).

    6. Материалы из личного фонда Розыбакиева А.А. // Государственный архив Алматинской области. – Ф. 1076. – Оп. 1. – Д. 18. (взяты из работы А. Абдуллиной «История Семиречья в персоналиях…»). http://www.rusnauka.com/11_NPE_2012/Istoria/2_108372.doc.htm

    1962 жылы Алматы қаласының 17-ші желісі Розыбакиев көшесі деп аталды.

    Алматыдағы Көрнекті қайраткерлер аллеясындағы тұғырға Розыбакиевтің бюсті орнатылды.

    Алматыда Розыбакиев атындағы мектеп салынды.

Кейін қарай