Қазақстан халқы Ассамблеясы

2634

Семенов-Тян-Шанский Петр Петрович

Өмір жылдары: (1827 – 1914 жж.)

    Семенов-Тянь-Шанский Петр Петрович – көрнекті орыс географы, санақшы, ботаник, энтомолог, саяхатшы, коллекционер, мемлекет және қоғам қайраткері; Петербург Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Императорлық Орыс Географиялық қоғамының басшысы, Ресей империясы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, 1897 жылғы алғашқы Ресей санағын ұйымдастырушы.

    Ол тегіне «Тян-Шанский» қосымшасын аттас тауларына барғаннан кейін алды.

    Петр Петрович Семенов-Тянь-Шанский 1827 жылы 14 қаңтарда Рязань губерниясының Липецк облысында дүниеге келген. 15 жасқа дейін Семенов ауылда тәрбиеленді, содан кейін Петербургтегі гвардия прапорщиктері мен кавалерия юнкерлерінің мектебіне түсті. Көп ұзамай ол жаратылыстану ғылымдары бөлімінің физика-математика факультетінде Петербург университетінің тыңдаушысы болды.

    1849 жылы Семенов Императорлық Орыс Географиялық қоғамының мүшесі атанып, сол кезден бастап оның жұмысына белсенді қатысты.

    1856-1857 жылдары Тянь-Шаньға зерттеу жүргізіп, оның орографиясы мен биік белдемділігінің алғашқы сызбасын жасады. Орталық Азияға бірқатар ірі экспедицияларды ұйымдастырып, басқарған. Оның қызметімен флора, фауна және жануарлар әлемін зерттеу бойынша Н. Прежевальский, Ш. Уәлиханов, Г. Потанинмен және басқа да ғалымдармен бірлескен бірқатар ірі ғылыми экспедициялар байланысты.

    П.П. Семенов-Тянь-Шанский Орталық Азия кеңістігімен саяхат жасай отырып, өзінің ғылыми зертханасында сүйіспеншілікпен және жоғары кәсібилікпен өңдеген бірегей этнографиялық және статистикалық деректерді жинады. Ол Іле Алатауы мен Алтай тауларының өзіне тән шыңдарын айқындап, Жетісу табиғатының флорасы мен фаунасына терең талдау жасады. Сондай-ақ қазақ даласы арқылы өтетін ежелгі жолдарды зерттеді.

    Орталық Азия мен Алтай бойынша материалдар көрсетілген Ресей географиясына көп томдық мәліметтер жинауға жетекшілік етті. Ресейдің алғашқы халық санағын ұйымдастырды (1897). П. Семенов (ол кезде префикссіз) 1857 жылы Шоқан Уәлихановқа Орыс Географиялық қоғамының толық мүшесі атағын беруге бастамашы болды. Ол: «Орыс географиялық қоғамының мүшелігіне құрметпен келесі адамды ұсынамыз» ... 2 тармақ. Сібір жеке корпусының поручигі жанында адъютант лауазымындағы, Ыстықкөл шығыс жағалауына саяхат жасап, қырғыз даласы туралы географиялық, этнографиялық және тарихи материалдардың мол қорын жинаған Шоқан Уәлиханов. Уәлиханов мырза өзі жинаған мәліметтерді қоғамға хабарлауға дайын» – деп жазған.

    «Өте жақсы қабілеттерге ие бола отырып, Уәлиханов Омбы кадет корпусындағы курсты үлкен жетістікпен аяқтады, ал кейіннен... университетте лекция тыңдап, француз және неміс тілдерін жақсы меңгеріп алды, сондықтан ол шығыс тарихы, әсіресе қырғыздарға жақын халықтар тарихы бойынша тамаша білімдар болып шықты» – деп П.П. Семенов-Тянь-Шанский Ш. Уәлихановтың дарындылығына шын жүректен қолдау көрсетіп, таңдана қарады.

    А.А. Достоевскиймен бірге жазылған өз мақаласында П.П. Семенов-Тянь-Шанский Шоқан Уәлихановтың Орталық Азияны зерттеуге қосқан үлесін егжей-тегжейлі сипаттады. Авторлар Уәлихановтың еңбегін былайша атап өткен: «Шоқан Уәлиханов бүкіл Алтышардың жай-күйі туралы бағалы материалдар жинап үлгерді, оған қоса Ад. Шлагинтвейттің қаза болу себептері мен мән-жайлары туралы алғаш рет барлау жасады. Уәлихановтың «Жоңғар очерктері» және «Алтышардың жай-күйі туралы» тамаша мақалалары 1861 жылы «Императорлық Орыс Географиялық қоғамының жазбаларына» жарияланды, бірақ, өкінішке орай, Уәлихановтың денсаулығы Петербург климатына төтеп бере алмады; 1863 жылы ол Отанына оралуға мәжбүр болды, ал 1865 жылы өкпе ауруынан (өкпе туберкулезі) қайтыс болды. Оның Қашқарға сапарының аяқталуын барон Ф.Р. Остен-Сакен 1868 жылы Қоғамның «Известиясында» басып шығарды».

    Петр Петрович 1914 жылы 11 наурызда Санкт-Петербургте қайтыс болды.

    Оның есімімен Азия мен Кавказдағы бірқатар географиялық нысандар аталған. Географиялық қоғам оның құрметіне алтын медаль тағайындады.

    Алатаудың солтүстік баурайындағы Кіші Басқан жотасының жанындағы шың П.П. Семенов Тянь-Шаньский есімімен аталған. Оның классикалық еңбектері әлемдік ғылымның жылнамаларына енді, онда Қазақстан бойынша көптеген материалдар сақталған.

    1. Национальная энциклопедия «Казахстан». Т.4. / Гл. ред. Б. Аяган. - Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2007. - с. 418.
    2. Ч.Ч. Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах.Т.5. // Гл. редакция Казахской советской энциклопедии. Алма-Ата, 1985. - с.101.
    3. Ч.Ч. Валиханов. Собрание сочинений в восьми томах. Т.4. с.449-451.
    4. Чокан Валиханов и русские ученые. К 180-летию со дня рождения Ч. Ч. Валиханова. http://www.tarih-begalinka.kz/ru/timetravel/page3529/

    Азия мен Кавказдағы бірқатар географиялық нысандар оның есімімен аталған.

    Географиялық қоғам оның атындағы Алтын медальді құрды.

    Алатаудың солтүстік беткейіндегі Кіші басқан жотасының жанындағы шыңы П.П. Семеновтың есімімен аталған.

    Оның классикалық еңбектері әлемдік ғылымның жылнамаларына енді, онда Қазақстан бойынша көптеген материалдар сақталған.


     

Кейін қарай