
424
Щерба Григорий Никифорович
Өмір жылдары: (1914 – 2001 жж.)
Щерба Григорий Никифорович – көрнекті геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ленин, Қазақстан және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.
Ол геологтардың даңқты саңлағына – Қазақ ССР-нің бірінші техникалық жоғары оқу орнының алғашқы тәрбиеленушілеріне жатады.
Щерба Григорий Никифорович 1914 жылы 30 қарашада Украин КСР Хмельницкий облысы Книжковцы ауылында дүниеге келген. 1929 жылы Молдавия АҚСР Каменка кентінде жеті жылдық мектепті бітірді. Он алты жасында оқыған саяхат кітаптарының ықпалымен Қазақстанға өз бетімен аттанады. Ол Қазақстанда геолог-коллектор ретінде еңбек жолын бастаған кезде небәрі 16 жаста еді. Қабілетті жас жігітті байқап, көп ұзамай Семей геологиялық барлау техникумына оқуға жіберді, ал бір жылдан кейін Семей геологиялық барлау институтына барады. Оның негізінде 1934 жылы Алматыда Қазақ тау-кен металлургия институты құрылды, оны Григорий Никифорович 1937 жылы бітірді.
Институтты «инженер-геологиялық барлаушы» мамандығы бойынша үздік бітіргеннен кейін Г. Щерба Шығыс Қазақстан облысына жұмысқа жіберілді. Кейін Қазгеолбасқармаға берілген Қалба, Оңтүстік Алтайда кенші геолог, кейін іздеу-барлау партияларының бастығы болып жұмыс істеді. Кейін КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының прорабы және кіші ғылыми қызметкері болды.
1942 жылдан бастап Шығыс Қоңырат молибден кенішінің аға геологы, кейін бас инженері болып жұмыс істеді, майданның қажеттіліктері үшін маңызды шикізат пен материалдарды барлау және өндіруді басқарды. Ол Алтай тауларының (Көккөл және басқалары), Нарым, Қалба, орталық және Оңтүстік Қазақстанның кен орындарын зерттеуге тікелей қатысты.
Оның Казцветметбарлау тресінде жұмыс істеген кезеңінде Орталық және Оңтүстік Қазақстандағы (Жоғарғы Қайрақты, Ақмая, Ақшатау, Шалқия, Бөгеті және басқалары) түсті және сирек металдардың көптеген ірі кен орындары анықталды және бағаланды, Жезқазған, Текелі, Ащысай, Мырғалымсайдағы жаңа кен қорлары барланды.
Ол барланған, пайдаланылған, елге үлкен табыс әкелген оннан астам кен орнын өзі анықтады, ал оның қажырлы еңбегін КСРО Түсті металлургия және геология Халық комиссариаттары, КОБОК (Кәсіптік одақтардың Бүкілодақтық Орталық кеңесі) және Қорғаныс мемлекеттік комитеті бірнеше рет атап өтті. КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, «Түсті металлургия үздігі» белгісімен марапатталды.
1947 жылы Г. Щерба өндірістен қол үзбей аспирантураны тәмамдап, Ақшатау сирек металды кен орны бойынша кандидаттық диссертациясын дайындап, сәтті қорғады, сол кезде кенді гранитті интрузиялардың көпфазалылығы туралы гипотезаны негіздеді. Ғылыми-зерттеу жұмысына бейімділік оны 1948 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы жүйесіне алып келді, онда ол өмір бойы үздіксіз және жемісті еңбек етті.
Г.Н. Щерба Кенді Алтайдың колчедан-полиметалл кен орындарының вулканогендік шығу тегін теориялық негіздеді, сонымен қатар ол Шу-Іле белдеуінің кен орындарын зерттеді.
Ғалымның бастамасымен және тікелей қатысуымен республиканың кешенді геологиялық карталарының жаңа сериялары жасала бастады. Жұмыстың нәтижелері ол дайындаған монографиялар мен ғылыми еңбектерде көрініс тапты. Ол бүгінде геологияның алтын қорын құрайтын 33 монография шығарды. Академик Қ.И. Сәтбаевтың серігі және пікірлесі ретінде Г.Н. Щерба геотектогендердің, вулканогендік формациялардың, кен далалары құрылымдарының және т.б. маңызды зертханаларының ұйымдастырушысы және құрушысы болды.
Оның аймақтық геология, петрология, геотектоникадан бастап металлогения және кен орындары геологиясына дейінгі ғылыми қызығушылықтары кең болды. Ол жер қыртысының сатылы дамуы және геотектоногендердің пайда болуы туралы гипотезаны, кен белдеулерін кешенді зерттеудің теориялық негіздері мен бағдарламаларын, сирек және басқа металдардың болжамдарының карталарын жасау әдістерін, Қазақстандағы вулканогенді кенді қалыптастыру мәселелерін, кен орындарының жүйеленуін, кен объектілерінің геологиялық-генетикалық модельдерін жасады.
Ол Үлкен Алтайдың, Орталық және Оңтүстік Қазақстанның, Успен және Шу-Іле аймақтарының болжамды-металлогендік зерттеулерін тікелей жүргізді. Кешенді зерттеулердің нәтижесі жаңа кен белдеулерінің жылжымалы аймақтарын, ал тұрақты блоктардың орнында металлогендік провинцияларды бөлу болды. Осы алып еңбегі үшін 1958 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды.
Академик Г.Н. Щерба жас ғалым кадрларды даярлауға қатысты. Оның жетекшілігімен белгілі кандидаттық және докторлық диссертациялар орындалды.
Сонымен қатар академик республиканың ғылым академиясының құрылуының қызу жақтаушысы болды. Оның есімі академик Қ.И. Сәтбаевтың есімімен қатар аталады. Қазақстан ғалымдары тобының бастамасы бойынша соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстанның жаңа ғылым орталығын ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс басталды. Академияның құрылуында әртүрлі ғылым салаларының ғалымдары көп жұмыс жасады. Академияның бірінші құрамына 14 академик және 16 корреспондент мүше кірді.
Григорий Щерба көп жылдар бойы кен өндіру жөніндегі Республикалық кеңестің төрағасы, Қазақ КСР Геология Министрлігінің сарапшысы және кураторы, Жас ғалымдар кеңесінің кураторы, диссертацияларды қорғау жөніндегі ғылыми кеңестің төрағасы болып белсенді қоғамдық жұмыстар жүргізді.
Григорий Никифорович қалың бұқара топтары арасында геологиялық білімді таратушы болды. Оның баспасөздегі, радио мен теледидардағы дәрістері мен сөйлеген сөздері әрқашан өзектілігі мен анықтығымен үнемі қызығушылық тудырды.
Геологтардың ғылыми қоғамдастығының естеліктеріне сәйкес, Григорий Никифорович жарқын және ерекше тұлға, үлкен табиғи дарынды және кең ғылыми және қоғамдық қызығушылық танытқан адам болған. Оның зерттеулері Қазақстанның және шет елдердің ғылыми қоғамдастығының оң пікірлерін тудырды.
Ол қалдырған орасан зор ғылыми мұра қазіргі және болашақта Қазақстанның минералдық-шикізат кешені мен экономикасын дамыту үшін өзекті әрі маңызды.
Григорий Никифорович 2001 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті.
Григорий Никифорович жемісті ғылыми қызметі және ғылыми кадрлар даярлағаны үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
1. Национальная энциклопедия «Казахстан». Т.4. / Гл. ред. Б. Аяган. - Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2007. - с. 418.
2. Библиография ученых Казахстана. «Ғылым Ордасы». РМК, 2014 (Коллектив авторов).
3. Ракишев Б. Щерба Григорий Никифорович – геолог с большой буквы. По материалам Казахстанская Правда 28 ноября 2014 года. http://infonedra.kz/knizhnaya-polka/item/shcherba-grigorij-nikiforovich-geolog-s-bolshoj-bukvy