Қазақстан халқы Ассамблеясы

441

Зафирис Николай Павлович

Өмір жылдары: (1924 – 2001 жж.)

    Ынталы ғалым-астроном, Қазақстандағы тұңғыш Ақтөбе планетарийінің негізін қалаушы және тұрақты директоры. Шынайы педагог, балалар мен жасөспірімдердің тәлімгері.

    Николай Павлович 1924 жылы 15 қаңтарда Кишиневтің жанындағы Бессарабияда дүниеге келген. Тегі – ұлты грек қарапайым банк қызметкері болып жұмыс істеген әкесінен мұра. Николай Зафиристің анасы сауатты және ақылды ұлты орыс әйел, бір кездері әйелдер гимназиясын бітірген, бірақ содан кейін өмірін күйеуі мен балаларына арнаған.

    Николай Павлович Бессарабияда өткен балалық шағын ерекше жылылықпен еске алды. Отбасы үлкен бау-бақшасы бар кішкентай жайлы үйде тұрды. Ол кезде кішкентай бала Коля қараңғы түсіп, бақшаға жұлдызды аспанға ұзақ уақыт қарау үшін жиі шығатын. Жарқыраған жұлдыздар көзді арбап, жұдырықтай жүрегінің жиі соғуын үрейлендіретін. Өмірінің соңына дейін берілген ісі – ғарышпен, шоқжұлдыздармен және кометалармен Николай Павлович арасындағы тығыз байланыс сол кезден орнаған болар.

    Қазақстанға Зафиристар отбасы 1940 жылы Бессарабияны аннексиялау нәтижесінде қызу оқиғалардан кейін Кеңес одағына қосылып Молдова КСР-і атанған кезде келді.

    Николайдың әкесі жалған айыптау арқылы концлагерьлердің біріне жер аударылды. Кішкентай баланың есінде мәңгілікке қоштасу күні анық сақталған: «Бізді соғыс басталғанға дейін қозғай бастады. Мені, ағамды және анамды бір жаққа, әкемді екінші жаққа жібергені есімде. Ол кезде менде велосипед болатын, сонымен әкемнің артынан ердім, бізді айыратынын сездім. Бір солдат мені: «Қайда бара жатырсың?» деп тоқтатып, құтқарып қалды. Бір топ адамдар легі әкеммен қоса өтіп кетіп, мен қалып қойдым. Содан кейін әкемді көрген емеспін». Көптеген жылдар өткен соң, отбасы Павел Зафиристің өлімнен кейінгі ақталуы туралы біледі.

    Әсіресе Қазақстандағы өмірінің алғашқы жылдары отбасы үшін ауыр болды. Колхоздардың бірінде Зафиристар отбасы көпбалалы қазақ отбасын паналады. Николай Павлович бұл адамдар туралы әрқашан ерекше жылулықпен еске алды. Қішкентай әйелдің оларды жеке бөлмеге орналастырғаны мен әрдайым ыстық шелпегімен бөліскенін ұмыта алмады.

    Николай он төрт жасқа толмай жатып көмір шахталарында жұмыс істей бастаған. Арық жігітке тиелген көшпелі вагондарды орнынан жылжыту үшін еңбектеп итеруге тура келді.

    Қиын жұмысына қарамастан, Николай оқуын жалғастырады. Ол мұғалімдер институтын тәмамдап, физика пәнінің мұғалімі болады. Ұзақ жылдар бойы Зафирис Ақтөбе қаласындағы № 13 орта мектепте және кооператив техникумында жұмыс істеді.

    Николай Зафирис қаладағы алғашқы Жас техниктер станциясын ұйымдастырады. Оның көптеген шәкірттері қалалық, республикалық, халықаралық көрмелер мен ХШЖК лауреаттары мен дипломанттары атанды.

    1966 жылдан бастап соңғы күндеріне дейін Николай Зафирис өмірін толығымен планетарий мен өзінің сүйікті жұлдыздарына арнаған. 1965 жылы Ақтөбе еңбекшілеріне сыйлық ретінде әлемдегі ең жақсы оптика өндірілетін Йена қаласынан ГДР еңбекшілерінен планетарийге арналған жабдық келді. Келген жабдық планетарий салу туралы шешім қабылданғанға дейін қоймаларда жатты.

    Құрылысы 1966 жылдың күзінде басталған Планетарий ғимараты сол кездегі Пионер деп аталатын саябақта салынды. Бұл жер кездейсоқ таңдалмаса керек, сол жылдары ол орамда балаларға арналған мекемелердің үлкен кешені ораналасты: «Маяк» балабақшасы, облыстық балалар кітапханасы, саябақтың өзінде ағаш мүсіндері, мұнаралары мен аттракциондары бар ертегі қалашығы, сондай-ақ аэродинамикалық үйірме алаңы тұрды.

    Ғимарат салып, жабдықты орнатқан Мәскеу планетарийінің мамандары еді. Күмбез биіктігі 10 метр жұлдызды залда «Карл Цейс» фирмасы жасаған күмбезде Солтүстік аспан жарты шарын бейнелейтін «Планетарий» түпнұсқа аппараты орнатылды. Сонымен қатар жиырмаға жуық проекциялық құрылғылар табиғи аспанда байқалатын барлық дерлік аспан құбылыстарын жаңғыртты.

    1966 жылы салтанатты ашылуы 1967 жылдың 3 қаңтарында өткен Ақтөбе Планетарийінің директоры болып Николай Павлович Зафирис тағайындалады. Жаңа қоғамдық-ғылыми орталықтың ашылуына сол кезде екі жүзге жуық адам жиналды. Николай Павлович Зафирис жиналған қауымға жұлдызды залда «Планетарий аспаны астында» атты алғашқы дәрісін оқыды, барлығына өте қызықты және түсінікті болды.

    Николай Павлович нағыз баға жетпес керемет қабілеті иесі болды, күрделі ғарыштық құбылыстар мен ғылыми құрылымдарды қарапайым сөздермен сипаттай алды. Планетарийге келушілер дәріс барысында астрономия мен космонавтиканың соңғы жетістіктері туралы ақпарат алды. Негізгі келушілер оқушылар, жоғары және орта оқу орындарының студенттері еді. Планетарий лекторлары 60-шы жылдардың соңында әсіресе 70-ші жылдары отандық космонавтиканың соңғы жетістіктері туралы дәрістермен қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарына, облыс аудандарының колхоздары мен совхоздарына барды.

    Н.П. Зафирис өз ісінің нағыз энтузиасты болды, халық арасында астрономияны әрдайым насихаттаудан жалықпаған. Облыс пен республиканың баспасөзінде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы ең ірі «жұлдызды» мекеменің жұмысы туралы мәліметтер жиі кездесетін.

    Николай Зафирис барлық алғашқы ғарышкерлерді жеке танитын. Ол ғарышқа Жерден алғашқы шыққан адамын – Алексей Леоновты кездестіргендердің бірі болды. Николай Зафиристің атына «жұлдызшы ғалым» атағы берік орнықты. Ақтөбеліктердің айтуынша, осылайша ол өз ісіне берілген ғалым-астроном, жұлдызды аспанды ашқан, жүздеген дарынды балаларды шабыттандырып, оларға жол ашқан, Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы кейіпінде есте қалған, өскен қаласының дамуына баға жетпес үлес қосты.

    Ақтөбе планетарийіне 1,5 млн-ға жуық адам келеді. Қала қонақтары ақтөбеліктердің астрономиялық тақырыпқа деген құштарлығы мен хабардарлығын жиі атап өтеді, ал бұл аймақтың бас астрономының басты ағартушылық нәтижесі ғой!

    2001 жылдың 31 шілдесінде Николай Зафирис қайтыс болды. Зафирис секілді адамдар туралы «ерекше адам, нағыз ғалым өмірден озды» деп бекер айтпайды. Өзінің естеліктерінде Николай Павлович Молдавияны сағынғанын жиі айтатын, бірақ ол жаққа оралмайтынын да айтатын, өйткені өмірдің мәні мен өз бақытын туған үйінен, Қазақстаннан тапқан.

    Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы.

     

    1. Вишенина К. На шаг ближе к небу. http://rikatv.kz/evrika/articles/na-shag-blizhe-k-nebu.html

    2. Рышкина Е. Звезды Актюбинского планетария зажигаются 50 лет. http://aktobetimes.kz/verhnyaya-novost/5235-zvezdy-aktyubinskogo-planetariya-zazhigayutsya-50-let.ht...

    3. Там, где небо становится ближе. https://avestnik.kz/tam-gde-nebo-stanovitsya-blizhe/

Кейін қарай