Қазақстан халқы Ассамблеясы

384

Жовтис Александр Лазаревич

Өмір жылдары: (1923-1999 жж.)

    Атақты кеңестік және қазақстандық жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, ұстаз. Филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры, халықаралық ПЕН-клубтың мүшесі, поэтикалық сөйлеу теориясы саласындағы ғылыми зерттеулердің авторы, корей классикалық поэзиясының аудармашысы.

     Александр Жовтис адвокат Лазар Борисович Жовтис пен Розалия Исааковнаның еврей отбасында дүниеге келді. 1942 жылы бүкіл отбасы Қазақ КСР-не қоныс аударып, соғыстан кейінгі жылдары осында қалды.

     1946 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, «Ленинская смена» газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Сонымен бірге, театр студиясында орыс драматургиясы және орыс әдебиеті тарихы курстарынан сабақ берді. 1948 жылдан – оқытушы, 1955 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасының доценті.

     

    Өмірдің өзі А.Жовтистің қоғам қайраткері және саясаткер болуына әсер етті. Университеттен бес рет шығарылып, сот арқылы немесе КСРО Жоғары білім министрлігі арқылы қайта жұмысқа алынды. Тек 1971 жылы бұрыңғы студентінің арандатуымен үйінде тінту жүргізіліп, жұмыстан толықтай шығарылды. Жоғары білікті мұғалім және әдебиеттанушы жеті жылға оқыту және еңбектерін жариялау құқығынан айырылды. Алайда, Олжас Сүлейменов, Мұхамеджан Исаев және басқалардың көмегімен псевдоним атпен мақалаларын жариялауға, ақы төленетін рецензиялық тапсырыстар алуға, тіпті Қазақстан Жазушылар одағынан берілген мінездеме-ұсыныс бойынша Киев қаласында докторлық диссертациясын қорғауға мүмкіндік алды. 1978 жылдан бастап ол орыс және шетел әдебиеті кафедрасының профессоры, әдебиет теориясы бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі ғылыми кеңестің төрағасы, Қазақстан ПЕН-клубының мүшесі болды.

     Тұлға туралы қазіргі замандастардың естеліктері, зерттеушілердің, оқушылардың, ұрпақтардың пікірлері

    Александр Лазаревич қырық тоғыз жыл бойы ешқашан кеңес әдебиеті бойынша сабақ берген емес. «Неліктен?» деген сұраққа ол: «Олар қалағандай бола алмаймын, бірақ өз қалағанымды жасауға олар маған мүмкіндік бермейді», - деп жауап берді. Ол туғаннан педагог болатын. Мыңға жуық филолог осы ұстаздан білім алды. «Жовтистен білім алдым» деген сөз Қазақ университетінде мақтанышпен айтылды» (Виктор Снитковский).

     Өміріндегі Қазақстанмен, қазақ халқымен байланысты бірегей оқиғалары

    А.Жовтис, М.В.Мадзигон, Т.Нуртазин және лингвист Х.Х.Махмудов ҚазМУ-де Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған кештер ұйымдастырды, бірақ оларға жоғары басшылық ақынның шығармаларын насихаттауға және басып шығаруға мүмкіндік бермеді. Александр Лазаревич Орталық Комитеттің хатшысына барғанда, оған: «Есіңізде болсын, жолдас Жовтис, қазақтарда ондай ақын жоқ» деп жауап берді.

    Ал «халық жауы» - қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың аудармасы үшін еврей Жовтис «қазақ ұлтшылы» аталып, университеттен шығарылды.

    Ол үшін орыстар, еврейлер, қазақтар, кәрістер болған жоқ, ол тек екі ұғымды - жақсы адам мен жаман адамды таныды.

    1998 жылы ол М. Жұмабаев туралы «Қазақтарда осындай ақын бар» деген мақала жариялады.

     

    36-дан астам кітап шығарды. Негізінен, бұлар корей тілінен аударылған поэтикалық аудармалар, украин тіліндегі кәріс өлеңдерінің кітабы («Даңқ әні», 1986 ж.); ағылшын тілінен аудармалар (Д.Китс, «Өлеңдер мен поэмалар», 1989 ж.); көне орыс тілінен («Көне орыс әдебиеті бойынша хрестоматия», 1966 ж.). Корей тілінен кейінгі ең көп шығармалар қазақ тілінен аударылды.

     

    Оның студенттік кезіндегі аудармалары «Қазақ поэзиясының антологиясы» жинақтарына енген. Оның Жамбылдың «Жайлау туралы» өлеңінің аудармасы мектептің «Әдебиет хрестоматиясына» (Мәскеу) енгізілді. Жұмағали Сайын, Мұзафар Әлімбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Абай, Мағжан Жұмабаев және тағы басқалардың туындыларын аударды.

    Оның «Непридуманные анекдоты» атты алғашқы кітабы 1995 жылы Мәскеуде басылды. Сыншы А. Щуплов бұл жинақ туралы: «Жовтис күлкілі, тапқыр және қорқынышты кітап жазды», - деді. Аталған кітаптің жалғасы ретінде автор қайтыс болғаннан кейін үш күн өткен соң «137 непридуманных анекдотов» кітабы жарық көрді.

     Ол мүсінші Иткинд туралы «Прикосновение к вечности» кітабын (1988 ж.) «Передай дальше» түрме театры туралы А.Б.Никольский кітабы (1989 ж.); ақын Ирина Кноррингтің «Новые стихи» (1967 ж.) кітаптарын шығарды. «Отчизна» газетінің екі санында әйгілі жазушы Ю.О. Домбровский туралы «№ 417 іс» очеркін жариялады. «Әңгімелер» кітабы 2000 жылы ақпанда Алматыда басылды. Ол қазақ жерінде көп іс тындырып, өзінің лайықты ізін қалдырды.

    Переводы А. Жовтиса из средневековой корейской поэзии Чон Чхоль «Одинокий журавль», М., ХЛ, 1975.

    «Бамбук в снегу», М., «Наука», 1978.

    «Луна в реке», Алма-Ата, 1975.

    Джон Китс. Серия «Литературные памятники», Л. Наука, 1986,

    Плотникова Г. Об Александре Жовтисе в «Книголюбе», № 7-8 2003 г.

    Снитковский В. Памяти Александра Жовтиса. «Краткая литературная энциклопедия». М, 1971

    Аудармалардан басқа, Александр Лазаревич әйгілі «Стихи нужны» атты ғылыми кітабын шығарды. Ол айналасындағылардың өмірінен қысқаша әңгімелер жаза бастады. Олардың үшеуі «Феникс» журналында (Алматы, 1995 ж.) және біреуі украин тіліндегі Киев журналында жарық көрді.

Кейін қарай