Ассамблея народа Казахстана

Ас, ас беру — өлім-жітімде жасалатын кәденің соңғысы, еске алу рәсімі. Ас беруді “жылын беру” деп те атайды. Бұған арнайы сойылатын жылқыны марқұмның қырқында (қырқ күн өткен соң берілетін ас-су) тұлдайды. Оған көбінесе марқұмның мінген аты белгіленеді. Мұны жетісінде де белгілей береді. Тұлдау — сол аттың қара терін шығарып барып суыту. Жал-құйрығын күзеу. Сонан соң жүген-құрықтан азат етіп қоя беру. Қазақ А-ты бір жағынан той деп есептейді. Ат шаптырып, бәйге береді. “Аруақ риза болмай — тірі байымайды” дейтін қазақ дүниеден өткен туысқанының рухын риза етуді міндет санайды. А-тан кейін ол үйде (ауылда) қаралы ту түсіріліп, азалы күй тоқтатылады. Жесір қалған әйел тек ерінің А-ын берген соң ғана қайта тұрмысқа шығуға ерікті. А. беруге қайтыс болған адамның туыс, жекжат, дос-жарандары ат салысады. Осыған орай “Ас пен той ортақ” деген қағида қалыптасқан. Көзі тірісінде елге атағы жайылған, соңында қалған ағайын-туысы мол адамдардың А-ы ұлан-асыр той дәрежесінде өткен. Ондай А-та жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылған. Бұған әр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші, жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнайы шақырылып, жүйрік аттар келетін болған. 1860 ж. Ерден Сандыбайұлына А. берілгенде 500 үй тігілген, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Ат жарыстың бас бәйгесі 100 жылқы болған. Осылай Ерденге үш рет А. берген. Үшеуіндегі шығын 1860 жылқы, 600 қой, 1000 саба қымыз болған. 1861 ж. Байдәулет Құлбекұлына берілген А-та бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе тігілген. 1874 ж. Лабақ Қуат баласының А-ы болған. Бұл А-қа 700 үй тігілген. Мұның сыртында шақырылғандар әруаққа деп малын, сойысын, сабасын және әкеледі. А-та елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы, біліктілігі сынға түседі. А. беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мәлім болып, аңызға айналған. Сағынайдың асына кеткен шығын атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болған.А. беру дәстүрі үзілмей жалғасып келеді. 1991 ж. Торғайдағы Ахмет пен Міржақыптың асы, 1992 ж. өткен Көкшетаудағы Абылай ханның, Ақмоладағы Бөгенбайдың, Талдықорғандағы Қабанбайдың астары халықтық дәстүрлердің қайта оралуының көрінісі болды.Әдеб.: Жүнісов А, Бабалар дәстүрі, А., 1992. Ас беру - дәстүр, қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, рухани қатынастар жүйесіндегі атқаратын функционалдық қызметі әр кезеңдердегі тарихи-этнографиялық, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет пен көркем шығармаларда көбінесе отбасылық салт-дәстүрлер мен діни ғұрыптық жоралар жосындарының ішінде ат үсті ғана қаралып, арнайы зерттеу тақырыбы ретінде қаралмағаны белгілі. Көпшілік еңбектерде белгілі бір астардың көлемі, асты өткізу тәртіптері, ондағы орындалатын әртүрлі салт-дәстүрлік шаралар мен діни ғұрыптық жоралардың өткізілу (бәйге, балуан күресі, айтыс, жамбы ату, тұл аттың сойылуы, септің таратылуы, қаралы тудың сындырылуы т.б.) ретін суреттеу сияқты астың сыртқы формасын бейнелейтін деректердің тіркелуі басым. Ал астың қоғамдық қатынастарды реттеушілік әлеуметтік-саяси институционалдық рөлі жеке зерттеу тақырыбы ретінде әлі күнге дейін мүлде қаралмаған десе де боларлық.

Дәстүрлі қазақ қоғамының көп қырлы тіршілік қалыбының жоғары өркениеттілікке тән әлеуметтік-саяси ұйымдасу санаты жоғары дәрежеде болып, үйлесімді өмір сүруінің бұлжымастығын қамтамасыз ететін экономикалық-саяси, әлеуметтік және құқықтық қатынастар нормаларының жиынтығы болды. Өйткені салт-дәстүр дегеніміз адам қажеттілігін өтейтін барлық материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтардың тоғысы. Оның ішінде әсіресе қай халықта болмасын өлген адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері–уақыт тезіне көне бермейтін, ғасырлар бойы өзгеріске ұшырай қоймайтын белгілі бір әлеуметтік-қоғамдық көзқарастардың, идеялық нормалардың ең бір консервативті түрі болып табылады.

Қазақ халқының да өлген адамға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәртібі, белгілі бір табиғи-экологиялық кеңістікті игеру жолында қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, саяси жүйелердің жиынтығы ретінде этнография ғылымының ең өзекті мәселелерінің бірі десек артық емес. Оның ішінде, әсіресе өлген адамды шығарып салуға байланысты ғұрыптық циклдің қорытынды нүктесін қоятын ас беру дәстүрінің маңызы зор. Бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің өзіндік ұлттық-мемлекеттік идеологиялық тұғырнамасын жасау, қалыптастыру мен дамытуда сан мың жылдар белесінен бүгінгі күнге дейін мазмұнын жоғалтпай жеткен, ұлттың ұжымдық ұйтқысының негізі болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып заңдарының танымдық, тәрбиелік және құқықтық мәні бар белгілері негіз болуы шарт.

Қазіргі уақытпен ежелгі көшпелілердің арасының алшақтығына қарамастан, ас беру дәстүрі әліде ел арасында өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тіпті жалпы көшпелі өркениеттің күйзеліске ұшыраған уақыты XVIII-XIX ғғ. да ас беру дәстүрі қоғамдық қарым-қатынастардың жойқын реттегіш мәнде болды. 1991 жылдан бері тәуелсіз Қазақстанда әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген елге сіңірген қызметі ұмыт болған қоғам қайраткерлеріне көптеген астардың берілгені белгілі. Бұл тек дәстүр жаңғырығы ғана емес, қазақ қоғамында ас беру дәстүрінің қоғамдық реттегіш қызметіне бүгінгі күні де сұраныстың жоғалмауының белгісі. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Дәстүрлі қазақ қоғамының өмір сүру қалыбын ішінара жан-жақты сипаттауға ұмтылған салмақты зерттеу жұмыстары XVIII ғасырдың екінші жартысында басталды. Бұл зерттеулердің қазақтың көшпелілік дәстүрлі құрылымына берген бағасын дәл анықтау тарихнамалық еңбектердің басты мақсаты. Бұл салада Қазақстан ғалымдары тарапынан қол жеткен жетістік аз емес.