Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері

Этномәдени бірлестіктер ең алдымен азаматтық қоғам институттары болып, қоғамдық бірлестіктер ретінде құрылады және мемлекеттік тіркеуден өтеді. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР 2008 жылғы 20 қазандағы № 70-IV Заңы (бұдан әрі - ҚХА туралы ҚРЗ) 14-1-баптың 1-тармағында Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің қызметінің мақсаты ретінде азаматтардың белсенділігі мен әуесқойлығының дамуы, дәстүрлерді, тілдер мен мәдениетті сақтау және дамыту саласындағы мүдделерін қанағаттандыруы болып табылатынын айқындады. 

Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері (бұдан әрі - ҚХА ЭМБ) қоғамдық бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады. Белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлік (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана) шегінде іс-әрекеттеріне қарай Ассамблеяның жергілікті, өңірлік немесе республикалық этномәдени бірлестіктері ретінде әрекет ете алады. 

ҚХА туралы ҚРЗ 14-1-бабының 3-тармағына сәйкес, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатпен мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады. Сонымен қатар, қазақ халқының шоғырландырушы рөлі ретінде Қазақстан этностарының патриотизмі, рухани-мәдени ортақтығы негізінде азаматтық қағидаты бойынша қазақстандық бірегейлікті нығайтуға қолдау көрсетеді. 

Осыған байланысты этномәдени бірлестіктер және олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) қызмет деңгейін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының өлшемшарттары мен талаптарына сәйкес деп тану үшін этномәдени бірлестіктер қоғамдық аккредиттеуден өтеді. Қоғамдық аккредиттеу нәтижелері бойынша этномәдени бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің тізіліміне енгізіледі және ҚХА Кеңесінің (2019 жылғы 28 қарашадағы № 19-35-04.3) шешімімен бекітілген Ассамблеяның құрылымына кіреді (Этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеу қағидалары (жаңа редакция). Бұл ретте, ЭМБ-ны қоғамдық аккредиттеу әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ғана өтеді (ҚХА туралы ҚРЗ 14-1-бабының 4-тармағы). 

Ағымдағы жылдың наурыз айындағы деректер бойынша қоғамдық аккредиттеуден өткен ЭМБ-нің жалпы саны - 416 (15 – республикалық, 401– өңірлік және жергілікті) этномәдени бірлестіктерді құрайды. 

Ассамблеяның мақсаты мен міндеттерін іске асыру бойынша өз қызметі барысында «Қоғамдық келісім» РММ Республикалық этномәдени бірлестіктермен (бұдан әрі – Республикалық ЭМБ) белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Негізінен Республикалық ЭМБ Алматы қаласында шоғырланған. Астана қаласында «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан украиндерінің «Радасы» ЗТБ, «Қазақстандық татарлар мен башқұрттар конгресі» РҚБ және «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» ҚҚ орналасқан. 

Республикалық ЭМБ жанында мәдени-ағарту мекемелері (театрлар, би және шығармашылық топтар, жексенбілік мектептер және т.б.) жұмыс істейді. 

Алматыда Қ. Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық корей музыкалық комедия театры және Республикалық неміс драма театры орналасқан. Шымкент қаласында Шымкент қалалық өзбек драма театры бар. 

Сонымен қатар, корейлердің, шешендер мен ингуштардың, ұйғырлардың, армяндардың, түрікмендердің, немістердің, дүнгендердің, орыстардың, күрдтердің, гректердің, қарашайлар мен балкарлардың, әзірбайжандардың, беллорустардың, украиндардың және басқа этностардың хор топтары, би және халық ансамбльдері, музыкалық студиялары, вокалдық топтары және т. б. бар. 

Тіркелген 52 ЭМБ БАҚ-тан қазіргі уақытта 9 этникалық БАҚ қазақ, орыс, ағылшын, неміс, корей, түрік, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, күрд тілдерінде шығарылады. 

Ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқыту және шығармашылық тілін еркін таңдауға конституциялық құқықты іске асыру (19-баптың 2-тармағы) және Қазақстан халқының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін сақтауға бағытталған Ассамблеяның міндеттері (6 тармақша) Ассамблея туралы ҚРЗ 4-бабы) этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлерінің қызметі арқылы жүзеге асырылады. 

Атап айтқанда, қосымша білім беру субъектілерінің бірі ретінде этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлері жанынан құрылатын жексенбілік мектептер жұмыс істейді. 

Жексенбілік мектептері ана тілін, дәстүрлерін зерделеу және сақтау, этностар мәдениетін одан әрі дамыту және мемлекеттік тілді үйрену мақсатында Қазақстанда тұратын өзге этностардың өкілдері үшін арнайы құрылған. Республикада 137-ден астам жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оның ішінде ана тілін оқыту топтары - 197, мемлекеттік тілді оқыту бойынша - 118. 

Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті жыл сайын этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде қазақ және ана тілін оқыту курстарын ұйымдастыру жөніндегі жобаны іске асырады. 

Жобаның мақсаты - этникалық топтардың өкілдеріне өз ана тілін және мемлекеттік тілді үйренуді қоғамдық бірлестіктердің жексенбілік мектептері негізінде ұйымдастыру арқылы мемлекеттік қолдауды көрсету. Этномәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептері негізінен Достық үйлерінде орналасқан. Қаржыландыру көздері мемлекеттік бюджетпен (республикалық, жергілікті), кейбір жағдайларда этномәдени бірлестіктің өз қаражаты есебінен отандастарды мемлекеттік қолдау желісі бойынша (корейлер, гректер, немістер, шешендер және т.б.) жүзеге асырылады.