Қазақстан халқы Ассамблеясы

Шымкент қалалық өзбек драма театры

«Шымкент қалалық өзбек драма театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2003 жылғы 14 наурыздағы №127 Қаулысымен құрылды.
Театрдың басты міндеті - өзбек халқының өкілдеріне рухани, эстетикалық және мәдени тәрбие беру.

Театрда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады.

Ежелгі Сайрамда Шымкент қалалық Өзбек драма театрының ашылуы 2003 жылы Қазақстан өзбектерінің өміріндегі басты оқиғалардың бірі болды.

Театрдың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысқан. Шымкент қалалық өзбек драма театрына гастрольдік сапарлармен Өзбекстан Республикасынан бірқатар театр ұжымдары келді. Шымкент қалалық өзбек драма театры Қазақстанда тұратын өзбек этносының өкілдері үшін нағыз рухани орталыққа айналды. Жыл сайын Орталық Азия республикаларының түкпір-түкпірінен келген өкілдердің қатысуымен «Аския» әзіл және күлкі фестивалі, «Поэзия жұлдыздары» атты жас ақындар мен жазушылардың республикалық байқауы, «Офарин», «Лапар», «Маком» және т.б. халықаралық байқау өткізіледі.

Театрдың қойылымдарына Сайрамның жергілікті тұрғындары ғана емес, көрші аудандардан, облыстардан және қалалардан келеді. Ұжым Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларына, сондай-ақ Түркістан облысының Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш, Созақ, Түлкібас, Төлеби аудандарына гастрольге жиі барады.

Театр репертуарында 86-дан астам спектакль бар. Актерлер «Абай» атты М.Әуезовтің өлмес шығармасының қойылымын ойдағыдай өткізді.

Театр халықаралық, аймақтық және республикалық театр фестивальдеріне қатысады. Театрдың үздік қойылымдары, талантты әртістері фестиваль лауреаттары атағына ие болып, дипломдармен марапатталды.

Театр директоры Икрам Хашимжанов, А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті және А. Қуатбекова атындағы Халықаралық университетінің түлегі.

Театрдың режиссері - Қасымов Қуандық.