Найза

Найза – жақын қашықтықта, бетбе-бет айқаста түйреу мақсатында қолданылатын қару түрі. Ерте заманнан бері әлем халықтарының көпшілігі соғыс және аң аулау кезінде қолданған. Алғашқыда ұшы ұшталған таяқтан жасалды, бертін келе ұзындығы 1,5 – 2 м-ге дейін жететін ағаш сапқа тастан немесе сүйектен, металдан үшкір ұш орнатылған түрлері шықты. Найзаның ұзын сапты, екі басы үшкір, сауытты бұзуға арналған түрі – “сүңгі” деп аталады. Сүңгілердің ұзындығы 3 – 3,5 м-ге дейін жетеді. Ерте замандарда көшпелі түркі халықтарында лақтыруға арналған қысқа Найзалар – “жылда” да болған. Ұшының қырлануына қарай Найза сегіз қырлы, төрт қырлы деген түрлерге бөлінген. Сынбас үшін сабын тарамыспен орап, темір шығыршықтармен бекітеді. Найзаға жауынгерлер әр түрлі дәрежеде белгі ретінде қыл шашақтар, жалаулар таққан.