Қазақстан халқы Ассамблеясы

Санай Заңғар, Қостанай облысындағы «Астана» телеарнасының тілшісі


ЗАҢҒАР САНАЙ

(ұлты – қазақ, 39 жаста)

«Астана» телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі

1982 жылғы 20 сәуірде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туған.

Көп балалы Санай отбасы 1990 жылдары Қостанай облысына Моңғолиядан көшіп келген.

2005 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша бітірген.

Облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында жұмыс істеген.

2008 жылдан бастап «Астана» телеарнасында жұмыс істейді.

Санай отбасының мүшелері жыл сайын Наурыз мейрамы қарсаңында қала орталығында киіз үйлер тігеді.

Тақырыбы: «Қандастардың қоғамға бейімделуі мен интеграциясын жеделдету»


Қадірлі Елбасы!

Президент мырза !

Қадірменді сессияға қатысушылар, қасиетті рамазан айы құтты болсын!

Тәуелсіздік - ұлтымызға өз жұртының тағдырын өзі шешетін күн туғызды. Оны шындыққа айналдырған өзіңіз - құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Азаттықтың арқасында Алтайдан – Атырауға дейінгі байтақ даланың шекарасы белгіленіп, қазығы қағылды.

Сан ғасырдың түйткілі болған Қытай мен Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сынды мемлекеттер арасындағы шекара мәселесі шешілгенде, әлемдік қауымдастық таңданысын жасыра алмады.

Расында,кейбір мемлекеттер ғасырлар бойы шекара мәселесін шеше алмай келеді. Ал Сіз, сайын даланың шеткі шебін санаулы уақытта шегендеп бердіңіз.Ерен еңбегіңізге кемелді келешек ұрпақ өзінің тарихи бағасын береді деп білем.

Әңгіменің әлқиссасын бекер шекарадан бастаған жоқпын. Мен атажұртқа келгенде он жастағы ойын баласы едім.Осы іргесі нық, егемен елде еш алаңсыз еркін өсіп, ержеттім.Сол үшін Сізге,өз атымнан және шеттен келген барша қандас бауырлар атынан шексіз алғыс білдірем.

Нұрсұлтан Әбішұлы,Өзіңіз негізін қалаған «Нұрлы көшпен » елдіктің елеулі 30 жылында бір миллионнан астам адам атамекеніне оралды.

Әлбетте әр қандас «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не берем деген» кемел оймен келді.

Оның дәлелі Тобыл өңіріне тұрақтаған біздің әулет. Ата-анаммен бауырларым ата кәсіппен айналысып, жағдайын жақсартып, тіршілігін түзеп отыр.

Ханымдар мен мырзалар қазақта «Нағыз бақ еңбектіге бітеді, қызыр оның талпынысын күтеді» деген нақыл сөз бар. Яки, біздің қолымыздан келген істі, өзгеде қандастар ілгерлете алады. Сондықтан сырттағы қазақтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырам.

Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайында «…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан», - деген едіңіз.

Ел жүрегін елжіреткен осы сөздеріңіз Отанына оралған талай қазаққа бағыт-бағдар болды.

Атамекенге ат басын тіреген ағайын елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру жолында аянбай еңбек етіп жатыр. Олар өркениет көшіне ілескен өрелі елдің тұрмыс-тіршілігіне бейімделіп, түрлі ұлыс өкілдерімен тіл табысып, біте қайнасты.

Тағы бір айтарым, Құрметті Елбасы соңғы жылдары қандас талапкерлерге бөлінетін квота еселеп ұлғайды. Соның арқасында 7 мыңнан астам қандас бауыр қазір елімізде білім алып жүр.Тіпті АҚШ, Канадада тұратын қазақ жастары әйгілі Гарвард, Кембридж емес Орта Азиядағы озық оқу орыны Назарбаев университетіне түсіп жатыр.

Нұрсұлтан Әбішұлы, Өзіңізге тағы бір мәрте Дүниежүзі қазақ жастарының атынан рахмет айтуға рұқсат етіңіз!

Бірегей білім интеграциясы «Ботасы келсе, атасы да келеді» дегендей, сырттағы ағайынның елге көшуіне едәуір әсер етуде.

Бірлігі бекем, тірлігі тұғырлы, берекелі бейбіт елге бет алған ұлы көш тоқтамасын, ұласа берсін.

Возврат к списку