Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қаңтар, 2020

7892

Ассамблеяның 25 игілікті жылы: Ізгі қадамдардың куәгері - қызылордалық Ашур Халилұлы

Көпшілік Ашур Халилұлын өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы біледі. Бұқарада дүние есігін ашқан ардақты ақсақалдың түпкі ұрпағы Сыр елінің тумалары болып табылады. Сондықтан ол Қызылорданы өз туған жері деп санайды. Ұстаздар отбасында тәрбие алған Ашур ақсақал 1953 жылы ата-анасымен Қызылордаға көшіп келеді.

Ашур Халилұлының өмірбая­ны өте мазмұнды. Еңбек жолын аспаздың көмекшісі болып бастаған ол зерделігінің арқасында сатылап өскен. Еңбек өтілі үш жылға тол­ғанда арнайы жолдамамен Өз­бек­станның Самарқанд қала­сын­да­ғы сауда институтына түседі. Арасында екі жыл әскери борышын өтеп, 70-жылдардың басында Қы­зылордаға қайтып оралады. Содан еңбекке білек сыбана араласып кетеді.

Нәтижесінде облыстық өнер­кә­сіп басқар­масы бастығының ор­ын­басары қызметіне дейін жоға­рылайды. Бү­гін­де ол – ардақты әке, қадірлі ата. Ұяға қондырған екі ұлы да адам жанына араша болып, ақ халатты абзал жан ретінде елге танылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚХА-ның белді мүшесі, Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ардагері Ашур ағамен сұқбаттасқанды жөн көрдік.


– Тату елдің тұғыры биік болады демекші, қызметі басталғалы бері өткен жиырма төрт жылда Ассамблея сессиялары ел өміріндегі тағдыршешті оқиғаларына белсене үн қосып, стратегиялық маңызы жоғары шешімдердің қабылдануына бастамашы болды. Сіз сол әрбір бастаманың куәгері болып келесіз. 25 жылдың 25 жұлдызды сәтімен бөліссеңіз.

– Иә, расымен бүгінде Қазақстанның қуатты тетігі, қоғамдық келісімнің бірегей институты ретінде Ассамблея барша әлемге үлгі болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты әлемнің ең белді халықаралық ұйымдары Ассамблеямен тығыз қарым-қатынаста.

Елмен бірге есейіп, қатар өсіп келе жатқан бұл орган ширек ғасырға жуық уақытта азаматтық қоғам институттарын дамыту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру бағытында ұтымды ұсыныстар жасай отырып, стратегиялық мәнге ие бірқатар құжаттардың қабылдануына бастамашы болды.

Мысалы, 1995 жылғы маусымда өткен екінші сессияда ҚР демократиялық бағытын айқындаған жаңа Конституцияға негіз болған мәселелер көтеріліп, жалпыхалықтық референдум өткізу ұсынылды. Оның нәтижесінде Конституцияда нәсіліне, ұлтына, дініне және әлеуметтік тиесілігіне қарамастан барлық азаматтар құқықтарының теңдігіне кепілдік берілуі, этностық, тілдік, мәдени, діни әралуандылықты мойындау негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың азаматтық қағидаттары бекітілуі Ассамблея қызметінің тұғыры болып табылды.

Ал, 1997 жылы «Тарихи зерде, ұлттық келісім және демократиялық реформалар» деген тақырыппен өткен төртінші сессияда саяси қуғын-сүргін тарихын зерделеу, құрбандарды ақтау мәселелері көтерілді. Әр этностың жоғалтқан жақсыларын жария түрде еске алуына мүмкіндік беру – кезі келген шара және сол сәттегі тарихи қажеттілік еді. ҚХА-ның саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобасын біздің өңірдегі облыстық ассамблея да белсенді жүргізіп келеді. 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізіліп, ҚХА-ның қоғамдық-саяси рөлі арта түсті. Айта берсек, әр жыл сайын сессияда маңызы жоғары, ауқымы кең мәселелер шешімін тауып келеді.

– Ашур аға, сіз 1995 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болып табыласыз. ҚХА алғаш құрылған уақыттан бастап өңіріміздің дамып, өркендеуіне үлкен үлес қосып келесіз. Өңірдегі бірлік пен татулық мәселесіне тоқталып өтсеңіз.


– Біз тамыры бір ұлтпыз. Бір-бірімізге алакөзденетін, бөлісе алмайтын, түртпектейтін, мүйіздейтін ештеңеміз жоқ. Бағзы замандардан бері қарай тату-тәтті тіршілік кешіп келеміз. Бүгінде Қазақстан дейтін қабырғалы елде 700 мыңнан аса өзбек тұрады. Оның сыртында біздің мемлекетке келіп жұмыс істейтін, нәпақасын айыратын ағайынның өзі біршама.

Ал Өзбекстанда миллионнан артық қазақ ғұмыр кешіп жүр. Екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың, бауырластықтың, ынтымақтың белгісін айнытпай көреміз. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан осы ұлы достықтың әлі талай буынды тербететініне бек сенеміз.

Бірлік түбі – береке деп, халық бекер айтпаған болса керек. Ең бастысы бірігіп тірлік істесек, келісімде өмір сүріп, тұрақтылықты сақтасақ, біз жаңғырудың негізін қалаймыз деп ойлаймын.


– Облыстық өзбек этномәдени бірлестігі 1994 жылы 19 тамызда құрылды. Сол уақыттан бастап 2016 жылдың қазан айына дейін оның төрағасы өзіңіз болдыңыз. Екі мәрте Қызылорда қалалық халық депутаттары Кеңесіне депутат болып сайландыңыз. Ұлт бірлігі – басты байлық дегендей, өңірдегі бірлестіктер тарапынан халық достығын сақтап, одан әрі нығайту бағытында қандай жұмыстарға куә болып жүрсіз?

– Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері – қоғамдық ахуалға әсер ете алатын ықпалды күш. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында құрылған аймағымыздағы 11 этномәдени бірлестік қазақ халқының мәдениетін, мемлекеттік тілді меңгеруге басым мән беруде.

Жалпы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өткізген іс-шаралардың танымдық, тәрбиелік мәні туралы көптеген мысалдар келтіруге болады. Соңғы жылдары қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастыру бойынша Алғыс айту күні мерекесі облыс көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жалпы халықтық сипат алды.

Этнос өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы, Достық үйінде тілдерді оқыту кабинеті де жүйелі жұмыс жүргізуде. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда, облыстағы этномəдени бірлестіктердің мəдени күндері, əр этностың: Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Сабантой, Сольналь, Остерн, Песах, Масленица, Пасха сынды ұлттық мерекелері тұрақты түрде кеңінен аталып өтеді. Бұл облысымыздағы барлық этностардың ауызбіршілікте өмір сүруіне, қоғамдық келісімнің берік нығаюына үлкен ықпал ететіні сөзсіз.


– Ассамблея бастауында тұрған азаматтардың бірі ретінде жастарға бірліктің бағасын, тыныштықтың қадірін ұғындыра жүруді парыз санайсыз ба?

– Әрине. Жастар білсін, бір мемлекетте, бір үйде тыныштық болмаса, ол жерде нан болмайды. Мәселен, Тәуелсіздік жылдарында көңілі дархан, кеңбайтақ қазақ даласын мекен еткен бір де бір ұлыстың өкілі өзінің туған тілін жоғалтқан жоқ. Саны ең аз саналатын этнос өкілдеріне дейін тілі мен ділін сақтап, қал-қадірінше дамытуына барлық жағдай жасалып келді және келе бермек. Мұндай мысалдар қазіргідей әлемнің дегбірі қашып тұрған заманда бейбітшіліктің, татулық пен келісімнің қадірін түсіну арта түсіп, әлем халқының бейбіт өмірге мүдделі, оны сақтау жөніндегі шараларға мұқтаж екендігін көрсетеді.

Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі өлшеусіз. Өйткені бұл орган барша саяси күштермен, бүкіл аймақтармен байланыс орната білді. Бүгінде Қазақстанның барлық ізгі қадамдарының бел ортасында жүрген Ассамблея елмен бірге өсіп, кемелденіп, толыққанды конституциялық органға, ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегіне айналды.


– Еліміздегі татулық пен бірліктің ұйытқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналған ақ тілегіңізді тыңдасақ.

– Бірліктің киелі бесігі, елдің ортақ мақсатқа жұмылдырылған бірегей тетігі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазақ елінің азаттық алғалы бергі ұранына айналған осы тақырып бізге өмірлік арқау болды. Қазақ елінің осы күнге дейін жеткен жетістіктерінің негізгі кілті – халық бірлігінің нәтижесі. Бұл орайда тұтастықтың құтты шаңырағына айналған Ассамблеяның орны ерекше. Түр-түсіне, тілі мен діліне бөлінбей тірлік кешкен ел бақытты. Біз әрқашан ұлтаралық қатынас, татулық, бірлікті қолдаймыз. Себебі біз бір бәйтеректің бұтағымыз. Ынтымағымыз арта берсін! Бірлік туын берік ұстайық!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Қызылорда облыстық ҚХА

баспасөз хатшысы Әсел Абзал