«Қазақтану» жобасы: Ұлттық тәрбиені бүгінгі күн талабымен жаңаша қарастырған жөн

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Жалағаш және Қармақшы аудандарының тұрғындарына арналған семинар өтті.

Семинарда алғашқы болып «Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ философия және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, дінтану магистрі Әлібек Жаппасбаев «Қазақ халқының салт-дәстүрі мен наным-сенімдері», олардың қалыптасу тарихы мен қоғамдық қатынастардағы рөлі, ұл бала тәрбиесі мен жауапкершілігі туралы сөз қозғады. Бүгінгі таңда ұл баланың тәрбиесіне ата-ананың назары жоғары болу керектігін айтып өтті.


«Қазақ халқының әріден келе жатқан мәдениетін және білім, тәлім-тәрбие беру жүйесінің негіздерімен жан-жақты танысу бүгінгі күннің басты бағдары. Ұлттық тәрбиенің бұрынғы әдістерін бүгінгі күн талабымен жаңаша қарастырған жөн. Ата-бабамыз жасап, сомдап кеткен жігіттің моделін одан әрі, өскелең ұрпақтың бойына дарыту, тағдырдың қандай тәлкегін көрсе де, қайсарлығы мен тектілігін жоғалтпаған дана халықтың ұрпағы екендігін ұғындыру арқылы олардың бойына мақтаныш сезімін туғызу – ата-ананың бірден бір міндеті», - деді.


Ал, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының қауымдастырылған профессоры, облыстық ҚХА жанындағы ҒСТ мүшесі Аман Абасилов «Филологиядағы қазақы дүниетаным» әдебиеттегі көрінісі, тілі туралы өз ойын ортаға салды. «Қазақ филологиясының негізгі мәселесі – қазақты тану және таныту. Бұл мәселе ерте кезден дүниетанымның негізгі мәселесі болып келеді. Қазақ халқының ерлігі, төзімділігі, батырлығы, адамгершілігі, даналығы, көрегендігі   біртұтас бейнесін құрады. Қазақы дүниетаным ол көп факторлардан құралған рухани жетістік», - деп білеміз деді.

Семинарда келелі ойлар айтылып, аудан тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.

Back to the list