Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Қыркүйек, 2015

1378

«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ АРҚА ЖЕРІНДЕ

Мұсылмандардың ұлы мерекесі "Құрбан айт" күні киелі Ұлытау өлкесіне тарихи-мəдени "Ұлы Дала Елі" экспедициясы келіп жетті.

Мұсылмандардың ұлы мерекесі "Құрбан айт" күні киелі Ұлытау өлкесіне тарихи-мəдени "Ұлы Дала Елі" экспедициясы келіп жетті.

"Хан Ордасы" ескерткіші алдында экспедиция мүшелерін "Ақ əжелер" фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен "Мың бала" жобасының қатысушылары салтанатпен қарсы алды. Экспедиция құрамында "Қоғамдық келісім" РММ ҒСЖ жəне əдістемелік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрбек Шаяхметов, Қостанай облысы ҚХА жанындағы ҒСТ мүшелері, ғалымдар мен профессорлар болды.

Экспедицияның ең алдымен ұлт ұясы – Ұлытауға табан тіреуі тегін емес. Қазақтың көне ғасырлық тарихында ұлан-асыр оқиғаларды бастан өткерген, хандарымыз өз ордаларын тіккен, билеріміз бен батырларымыз бастарын қосып, елдік мәселелерді шешкен, киелі де құнарлы әрі қазыналы өлке.

Салтанатты қарсы алу рəсімінде профессор Нұрбек Шаяхметов құттықтау сөз сөйлеп, қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени мұрасын насихаттау негізінде қазақстандық біртектілік пен ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат тұтқан аталмыш экспедицияның маңыздылығын ерекше атап өтті. Ұлытау ауданының əкімі Х. Омаровқа экспедиция символы - күнделік-кітапты табыстады.

Экспедиция әрі қарай Жезді ауылындағы мұражайда жалғасты. Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының бай қоры экспедиция мүшелеріне ерекше әсер қалдырды. Мұражай қорындағы б.з.д. V-III ғ.ғ. Ұлытау ауданы Қаракеңгір өзенінің бойынан табылған сақ дәуіріндегі тас мүсіндер, Байқоңыр өзені жағалауындағы жартастарға салынған петроглифтер, көне отарба және түрлі минералдар мен тастар, түрлі-түсті металдарды қазып алуға арналған көне құрал-саймандар – тарих пен табиғат байлығының айқын дәлелі. Ерекше атап өтетіні, аталмыш музей – тау-кен және балқыту ісі саласына арналған ТМД бойынша жалғыз ғылыми-танымдық мекеме. Экспедиция мүшелері Жезді мұражайы – Қазақстандағы ең көрнекті, ең қызықты, экспонаттары мол ерекше ғимарат екенін атап өтті.

Ұлытау өлкесіндегі «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедиясының алғашқы күні айрықша танымдылықпен аяқталды. Экспедицияның келесі нүктесі Жошы хан, Алаша хан және Домбауыл кесенелері.

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: kelisim@bk.ru

Кейін қарай