Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Тамыз, 2017

2202

«Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясы

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен еліміздегі құндылығы жоғары, тарихи-мәдени мұралармен танысу мақсатында Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысының  қалаларына саяхат жасалды.

Топтың құрамында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев, директордың орынбасары Рахима Ахметова, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, ғылыми-сараптамалық топ, журналистер мен сарапшылар клубының және жастар қанатының мүшелері болды.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Бегалықызының айтуынша: «Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясының мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен «Туған жер» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау арқылы Отырар, Сауран, Сығанақ сияқты орта ғасырлық қалалар, сондай-ақ Арыстанбаб және Қожа Ахмет Яссауи археологиялық кесенелер тарихымен танысу. Қазақстан халқының рухани құндылықтарын насихаттау мен оқып-үйрену негізінде қазақстандықтардың бірегейлігін, ұлттық бірлігін нығайту. Алдағы уақытта өңірдің этнос өкілдеріне басқа да киелі жерлерді көрсетіп, олар арқылы бүкіл диаспоралардың туған өлкенің тарихы мен мол рухани құндылықтар туралы білімдерін арттыру, отансүйгіштік қасиеттерді күшейту болып табылады»,- деді.

Барлығы 50 адамнан құралған экспедицияның мүшелері алғашқы қадамын Қаратау мен Сырдария өзендерінің ортасында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бабаларымыздың көне қаласы Түркістаннан бастады. Ондағы көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші Арыстанбаб кесенесіне ат басын тіреді. Дүниежүзін шарлаған, түрлі діни ағымдарды зерттеген, исламды қабылдағаннан кейін қалған өмірін сопылық мағынадағы исламды уағыздауға арнаған Арыстанбаб кесенесін аралады. 400 жыл өмір сүріп Мұхаммед Пайғамбардың серіктесі болған Арыстанбабтың өмірінен көп мағлұмат алды.     

Одан кейін экспедиция мүшелері Қазақстан аумағындағы ең ірі, әрі дамыған қалалардың бірі – Отырар қалашығына аялдады.  Отырар атырабы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 57 шақырым, Арыс өзені Сырдарияға құятын жерге жақын орналасқан. Қалашық тарихта ортағасырлық сауда орталығы Фараб ретінде әйгілі, ежелгі қала Отырардың үйінділері болып табылады.

«Қоғамдық келісім» КММ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Серікұлы: «Тарихи тұрғыдан біздің өлкеміз өте бай мекен. Дәл осы жерде бүгінгі Қазақстанның аумағындағы ең ілкі адамдардың мекені табылды. Мұнда өз заманының ұлы ғалымдары өмір сүрген. Дәл осы қалада ұлы философ және математик, Аристотельден кейін «екінші ұстаз» ретінде танылған Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген»,-деді.

Экспедиция өз жұмысын сәулеттің көрнекті ескерткіші, ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісіне айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып жалғастырды. Ол – ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне қосылған Қазақстандағы бірінші құрылыс, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласында орналасқан. Кесене сопылықтың негізін қалаушы, ойшыл, ақын, уағызшы Қожа Ахмет Хазірет Сұлтан Яссауидің құрметіне тұрғызылған. Яссауи Арыстанбаб пен Юсуф Хамаданидан білім алады, сопылық негіздерін, араб және шағатай тілдерін, поэзия мен Шығыс әдебиетін оқыған. Өз ілімінде ол тақуашылық, төзімділік, мейірбандылық, әділдік пен адалдықты дәріптеді. Яссауи өлімінен 233 жыл өткеннен кейін Орта Азияның қуатты билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен жаңа кесене салынады. Қожа Ахмет Яссауи мешіті бүкіл дүние мұсылмандары үшін қасиетті орынға айналды. Мұнда этнос өкілдері Қожа Ахмет Яссауидің тарихына байланысты естеліктер, құжаттарды, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттарды тамашалады. Бар ынта-ықыластарымен тыңдап, мүмкіндігінше мол ақпарат алуға тырысты.

Экспедиция мүшелерінің келесі бағыты Түркістан қаласында орналасқан тарихи-этнографиялық мұражай, қазақ халқының мұрасы мен рухани қазынасының қайнар көзі саналатын этноорталық болды. Онда олар Түркістанның рухани өмірі, тарихы, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер жинағымен танысты. Орталықтың музейлік экспозициясы 3800 шаршы метрді қамтиды. Ғимарат 3 қабаттан, 5 көрме залынан, конференция залынан, қолөнершілердің шеберханасы және тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелерден тұрады.

Тарихи-танымдық экспедиция Түркістан қаласының батысынан 40 шақырым қашықтық және Оңтүстік Қазақстан облысының қиылысында орналасқан Сауран қалашығында болды. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болған. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұналарының қалдықтары бар, ауданы 500-880 м дөңгелек алаң сақталған. Экспедиция мүшелері қаланың ішіне қақпа арқылы кіріп, қаланы қоршаған дуалдың сырт жағындағы көптеген каналдардың ізін көріп, жеті қатар қорғаныс қабырғаларының іздерін тамашалады.

 «Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясының соңғы аялдамасы – Сыр өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің бірегейі - Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар көне қала – Сығанақ болды. Сығанақ қаласының орны қазіргі "Сунақата" елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан бес бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған. Моңғол шапқыншылығы кезінде қала толығымен қирап, тек ХІV ғасырдан бастап қайта қалпына келтіріліп, Сығанақ қаласы Ақ Орда мемлекетінің астанасы болған.

Экспедиция барысында саяхаттаушы құрам ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізе отырып, алған әсерлерімен бөлісіп, кітапшаға өз ой-пікірлерін жазып, қалдырды.

Дата события ассамблеи: 08.08.2017

Кейін қарай