Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Маусым, 2020

1297

Ж.Түймебаев: «Мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға әр этностың ақылгөй, парасатты, идеялы азаматтары көмекші болуы тиіс»

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» республикалық онлайн конференциясында мемелекеттік тілдің қолданысқа ену деңгейі талқыланды. Бұл шара Ассамблеяның 25 жылдығына сәйкес ұйымдастырылған болатын. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатындағы мәселелерге де тоқталып өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ел мүддесіне қызмет ететін азаматтық инсититут. Ел ішінде болып жатқан барлық әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерден тыс қалған емес. Осы мәселеге байланысты дөңгелек үстел барысында өз пікірін білдірген ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Ассамблеяның елдегі жағдайға қатысты мәселелердің барлығын назарда ұстап, мемлекет дамуына ықпал ететін бастамаларды талқылап, өз ұстанымдарын білдіріп отыратынын айтты.

«Ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» деп, адамның, қоғамның болмысына бір-ақ ауыз сөзбен сипаттама берген. Өзі Төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жас­тарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деп үнемі айтып отырғанына да осы жиынға қатысып отырған көбіміз куәміз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ассамблеяның 25 жылдығының қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелусіз Қазақстанды құруы мен дамытуы жолындағы ерен еңбегін көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасы басталған болатын. Жоба Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Елбасы өмірге келген өлке - Алматы облысының Үшқоңыр баурайында және ең алғашқы еңбек жолы басталған Қарағанды, Теміртау қалаларында жалғасты. «Жалпыхалықтық экспедицияның еліміздің әрбір азаматы үшін тағылымы мол. Әсіресе, өмірлік ұстанымы қалыптасқан, қоғамдық белсенділік танытқан, мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ғылымды басты бағдар етіп алған жастарымыз үшін Елбасының жүрген жолы – тәжірибесі де, тәлімі де мол өмір мектебі», - деді жобаның жүзеге асырылуын баяндаған Жансейіт Қансейітұлы.

Жансейіт Түймебаев тіл мәселесін де айналып өтпеді. Ол Президент Қ.Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұқбатына байланысты өз ой-пікірін білдірді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілдің деңгейін арттырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірлесіп жұмыс жасауда.

«Басқосуымыздың мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатындағы мәселелер туралы ой бөлісу, болашақ қызметімізде басшылыққа алу.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы республиканың өркендеуіне әсер ететін саяси-экономикалық даму мәселелерімен қатар, қазіргі ең өзекті болып отырған пандемия кезеңіндегі халықтың жағдайы, демографиялық өсу, тіл, халықты әлеуметтік қолдау сияқты мәселелерге басым мән береді. Өз пікірін білдіре отырып, көпке ой салады.

Президентіміз өз Жолдауында «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз», дей келіп, ойын «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп тұжырымдағанын баршаңыз білесіздер.

Мемлекет басшысының бұл бастамасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау көрсетіп, былтыр «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізді. Бұл жиынға бүгін бізбен байланысып отырған көпшілігіңіз қатыстыңыздар. Біз әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткізілген бұл форумды Жолдауда айтылғандай, «даңғаза жасамай, жұмыла жүргізіп жатқан жұмысымыздың» көрнекі мысалы дей аламыз», - деген Жансейіт Қансейітұлы республиканың әр түкпірінен түрлі этнос өкілдерінің онлайн қосылып, өздерінің қазақ тілін үйрену тәжірибесімен бөлісуі – қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың артқанын танытады деді.

«Бұрын басқа ұлттың ұл-қызы ана тілімізде сөйлесе қилы заманда бауырға басқан қазақ халқына деген құрметі деп қабылдайтын болсақ, Ассамблея форумы Жолдауда жасалған «ұлтаралық тіл» туралы тұжырымның өміршең екендігін танытты.

«Ана тіліндегі» сұхбаттың әлем тіршілігіне, дамуына кері әсер етіп отырған пандемиядан басталуы заңды. Соңғы көрсеткіштерден үрейленіп қалған халқына бар жағдайды ашып айтып, кеңес беріп, «Біз біргеміз!», «Кемедегілердің жаны бір» деп басу айтылуы көңілдерде сенім ұялатады.

Мемлекет басшысы айтып отырғандай, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Оны мына сіз бен біз жақсы білеміз. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы тіл мәселесіне байыппен қарап, оны үйренудің өзіндік қағидаттарын қалыптастырған. Алғаш қолға алған кезде «Бір жылда 1000 бала үйренсе» деген арманнан туындаған «Мың бала» жобасы қанатын кеңге жайып, мемлекеттік тілді үйретудің заманауи мектебіне айналды. Басқа да қызықты жобалар бар. Міне, сондықтан да біз Президент сұхбатындағы айтылған «мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет» деген тұжырымды орындап отырмыз деуге болады.

Президенттің сұхбатында адамзат басынан өткен тарихи сәттер, заманауи фактілер мысалға келтіріліп, халық санасын қозғайтын ойлар айтылған. Оларды елге жеткізуде, іске асыруда бізге үлкен міндеттер жүктеледі.

Мемлекеттік тілдің елді біріктіріп, ұйыстырушы фактор ретіндегі рөлін арттыру жұмысы жедел қолға алынуы керек. Бұл ретте бізге әр этнос ішіндегі ақылгөй, парасатты, идеялы азаматтарымыз ең үлкен көмекші болады деп сенемін.

Осы тұста Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.» деген сөзін жүзеге асыру мақсатында қазақ тілін насихаттауға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары және бүгінгі жиынға қатысып, өз пікірін білдірген барлық азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалімен марапатталады.

Марапаттарыңыз құтты болсын!

Ендеше, іске сәт, құрметті отандастар!

Бүгінгі басқосуымызда тың ойлар мен идеялар ортаға салынады деп күтемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!», - деді Жансейіт Түймебаев.

Кейін қарай