Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Желтоқсан, 2020

2473

А. Ашири: «Еліміздің тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ұшан-теңіз»

Жер шарындағы 200-ге жуық мемлекеттің ішінде бірінші болып ұлттар арасындағы мәселені ең тиімді, ең ыңғайлы түрде үйлестіре білген Қазақстан болып отыр. Қазақ елі ақыл-парасаттан туған арнайы жүйені іске қосу арқылы нағыз демократиялық, толеранттылық, бірыңғай жүйені жақсы жолға қойғандықтан айналамыздағы көршілерден мойнымыз оқ бойы озып, әрі ғылыми, әрі берік саяси Институт қалыптастырды. Оның аты – Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының төл авторы тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл секілді ұйым дамыған елдердің де, дамушы елдердің де ісіне енбек түгіл, түсіне де кірген жоқ. Біздің мемлекетімізде ғана өз лайығында жүзеге асырылып, мықты құрылым, жетекші ұйым ретінде рөл ойнап келеді.

Тұңғыш Президент – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ, еліміздің тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ұшан-теңіз. Өйткені, күллі жұмыстың, өсу мен дамудың даңғыл жолы тек бейбітшілікке байланысты екенін бәріміз білеміз. Ұлттық алауыздықты болдырмай, тіліміздің әртүрлі, салт-дәстүріміздің сан қилы болуына қарамай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың кепілі Ассамблея екеніне көзіміз жетті. ҚХА арқылы ұлттардың санасына, жан-дүниесіне бірліктің ұрығы егіліп, үздіксіз жеміс беріп келеді.

2017 жылдан бері тоқтаусыз жалғасып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық жаңғырудың өзегіне айналуы тиіс. Бұл науқан емес, тұрақты өмір ырғағы болуымен құнды. «Рухани жаңғыру» арқылы мемлекетімізді танимыз, ұлттарды танимыз, өзімізді еркін меңгереміз. Бір түрлі формациядан екінші бір формацияға өтіп жатқан қоғам үшін іштей жаңғыруға, түлеп түрленуге тиіспіз. Нақтырақ айтар болсақ, сананың жаңаруы, жан-дүниенің өзгеруі, дүниетанымның кемелденуі болып саналады. Бұл үшін мемлекеттік заңдар мен тәртіпке даярлайтын, қоғамды үйлестіретін мекеме Ассамблея деп айтар едік.

Осы жерде бір шындықты ашып айтуға тиіспіз. Ұлттық жаңғырудың басында мемлекеттік тіл мәселесі тұруы қажет. Тілі әртүрлі, мақсаты бөлек болған жағдайда өзара табысуға, бір-бірімен түсінісуге жол қиындайды. Адамдарды жақындататын, жүрек соғуын бір ритмге келтірудің кепілі бір тілділік пен бір үнділік. Бұл мәселені Елбасымыз әр кез алға тартумен келеді. Бұл күллі жер бетіндегі дәлелденген ақиқат. Сол себепті қазақ тілі бірліктің, тұтастықтың тұғыры болуға тиіс деп санаймын. Сондықтан да, Қазақ тілі – елімізде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне және біріктіруші факторға айналуы тиіс. Осылай болғанда ғана аққу болып көкке, шаян болып құмға, шортан болып көлге тартпаймыз. Бәріміздің жүзу бағытымызда, жүру бағытымызда бір беткей болады.

Мемлекеттік қызметкерлерде, қарапайым халықта кім болып тіршілік етуіне қарамастан, Қазақ халқының мемлекет құрушы субьект ретінде мәртебесін түсінуді нақты айқындау қажет. Миллион жылдардан бері осы ұлы далада ат ойнатып, шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті көз қарашығындай сақтап келген қазақ ұлты жер бетінде ең алғашқылардың бірі болып, асауды жуасытып, арғымақты ерттеп мініп, қолына қамшы алыпты. Бұл тарих Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жан-жақты дәлелденген болатын. Сол үшін де қазақ ұлтын ұйтқы, мәйек еткен кезде ғана біз ұйғырлар аты затымызға сай «ұйығыр» бола аламыз. Ұйыймыз, ұйысамыз, бірігеміз, басымыз құралады. Мен бұл ойымды барлық ұлт пен ұлыстардың өкілдеріне «ұйыңдар» деп ашық айтар едім.

Біз озық ел боламыз десек, күрескер реформалық қуатқа бейім болуға тиіспіз. Ескірген көзқарастарды сақтай отырып, ұлттың модернизациялануы мүмкін емес. Әлімжеттілік, дара билеп төстеу, құрапаттық жосындар енді кәдеге жарамайды. Бізде жаңа идея, тың жоба, тарихтан қалған шиенің түйінін шешіп, түйткілсіз тіршілік ететін тың тынысқа жетуге тиіспіз. Ол үшін өзара құрмет, ортақ мақсатқа жұмылу, берік ынтымақ қана жеңіске жеткізеді.

Көптің көңілінен шығып, көкейіндегі сұрақтарға дәлме-дәл жауап бере алатын Ассамблеяның міндеті – еңбек, жауапкершілік, білім және кәсіби құндылықтарды белсенді насихаттау. Ұйымның өзегінде ұлттарды еңбекке жұмылдыру жатыр. Әр азаматтың мойнында үлкен жауапкершілік бар екенін сезіндіру. Білім беруді жалпыластырып, сананы өсіріп, қабілет-қарымды арттыра түсу басты назарда ұсталуға тиіс.

Ассамблеяның атқарар жұмысы, іске асыратын міндеті жеңіл емес. Алда үлкен сайлау келеді, бұл сыннан сүрінбей өтіп, ел үмітін ақтап, күткен жерден шығу жалпыға ортақ борыш. Ассамблеяның кезекті сессиясында Сауытбек Әбдрахманов және Владимир Тохтасунов бастаған тоғыз депутатты анықтап, парламентке өткізу алдағы басты міндет. Бұл сайлау қарсаңында ел тағдырын алға тарта отырып, жұрттың сөзін сөйлейтін, ұлттардың бірлігін сақтайтын таңдаулы депутаттарды анықтап шығу бәрінен маңызды.

Енді екі аптада болатын 2021 жылы 11 қаңтарда ҚХА сессиясында 9 мәжіліс депутаты сайланады. Бұл осы тоғыз адамды көрсетіп беру ғана емес, үкілеген үмітіміз, олардың лайықты болып мандат алуы тоқсанның ғана емес, тоғыз миллионның тілегі, сенімі, ертеңіне аманат арқалату деген сөз. Біз бұл реткі партиялық сайлау мен Ассамблея шешімінің оңды іске асуы даму мен өркендеудің кілті бола алады деп санаймыз.

Ахметжан Ашири,

жазушы-драматург,

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»,

«Құрмет» орденінің иегері


Кейін қарай

Ең оқылымды