Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Тамыз, 2016

3805

Ақ орамал – ізгілікке бастар жол

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының  бастамасымен «Ақ орамал» республикалық акциясы Жетісу өңірінде бастау алды. 

Қазақ тарихында ақ орамал үлкен философиялық мәнге ие. Ақ түсті халқымыз тазалықтың, адамның ақыл-ойы мен жан дүниесінің пәктігі ретінде таныған. Сонау ықылым замандарда ел мен ел арасындағы дауды аналардың басындағы ақ жаулықты шешіп, ортаға тастау арқылы тоқтатып, талай қантөгістің алдын алған. Міне, осындай ізгі дәстүрді ел есіне оралту арқылы қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау көзделген.

Аталған акцияның мақсаты – елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру. Барлық іс-шаралар жалпыадамзаттық құндылықтарды, ортақ тарихи сананы нығайтуға және Қазақстандағы барлық этностардың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға, қоғамдағы бірлік пен келісімді, азаматтардың санасында еліміздің бейбіт болашағы туралы сенімін нығайтуға бағытталмақ.

Осыған орай ағымдағы жылдың 15 тамызында  Талдықорған қаласының Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» қолдауымен «Ақ орамал» Республикалық акциясына арналған іс-шара Ескелді ауданы, Көкжазық ауылында орналасқан «Айналайын» Балалар үйі» жазғы сауықтыру лагерінде өтті.

Акцияға аналар кеңесінің мүшелері, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» қызметкерлері, этномәдени орталықтардың мүшелері, «Айналайын» балалар үйінің ұстаз-аналары және балалары қатысты.

 Талдықорған қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы Гүлмира Изатова акцияның мақсатымен таныстырып, ақ орамалдың тарихи маңызы мен мән-мағынасын түсіндіріп өтті. Тәрбиелік мәні зор іс-шара өзге ұлт өкілдерінің өнеріне ұласты: «Достық үйінің» қазақ, орыс, шешен-ингуш және татар орталықтарынан: К. Омарбекова «Кестелі орамал», Юлия Спирченко «Оренбургский пуховый платок»,Зулихан Асланбекова «Самый красивый», әндерін шырқады.

Акция «Айналайын» Балалар үйінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Олар би билеп, ана, бейбітшілік туралы ән шырқады.

Дәл осындай іс-шара 16 тамыз күні Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылындағы Ә.Сарыбаев атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Іс-шара аудан акімі Б.Әлиевтің құттықтау сөзімен ашылып, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғ.Ақбасова баяндама оқып, аналардың ақ жаулығы қазақ халқы үшін бейбітшіліктің нышыны екенін айтып, бұл іс-шараның маңызын атап өтті.

«Балдырған» бөбекжай балабақшасының тәрбиешілері «Киелі ақ орамал» атты театрландырылған көрініс қойып, орамал тартудың әртүрлі тәсілдерін ұсынып, «Сән үлгісін» көрсетті.

Іс-шара барысында әжелер жас келіндерге ақ орамалдарын тағып, жақсы тілектерін арнады.

Акция соңы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сазгер-әнші Марат Ілиясов, ауданның белгілі әншілері М.Әлжаппаров, О.Тұрысбеков, Г.Өмірбаева, А.Жұмабаева, А.Үмбетов, Л.Құсайыновалардың қатысуымен  шағын концерттік бағдарламаға ұласты. 

Бейбітшілік пен татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін «Ақ орамал» акциясы тамыз айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде аналарымыз соғыста ерлік көрсеткен батырлар мен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды.

Кейін қарай