Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Наурыз, 2022

3135

«Ақтөбе облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысы» мүсіндік композициясының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Ақтөбеде Алғыс айту күніне орай «Ақтөбе облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысы» мүсіндік композициясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Оңтүстік Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг-сок, Оңтүстік Корея Республикасы Елшісінің Консулы Ким Вон Йон, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.

- Өткен ғасырдың 30-жылдарында корей халқының басына қандай ауыр тауқымет түскенін бәріміз білеміз. Бірақ 100 мыңға жуық корейлік ерлер мен әйелдер, балалар мен қарттар қақаған қыста жүк вагондарымен айдалаға жер аударылып келгенде, кеңпейіл қазақ халқы оларды жатсынбай бауырына басып, қиын-қыстау заманда көмек қолын созған еді. Бүгін біздің достығымыз бен ынтымағымыздың беріктігі – халқымызды біріктіретін айтулы оқиғаларды еске алып, өткен тарихты жадымызда сақтау. Сондықтан жаңа композицияның ашылуы біздің қоғамның өмірлік күші ынтымағымыз бен бірлігімізде екенінін тағыда бір айқын дәлелі, - деді Марат Әзілханов алғы сөзінде.

Одан әрі Ассамблея Төрағасының орынбасары акцияның бастамашыларына шынайы алғысын білдіріп «Ақтөбе облысының кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы К.В. Цхайға «Халық алғысы» медалін табыстады. Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге этномәдени қоғамдық бірлестіктердің бастамаларына жоғары деңгейде қолдау көрсетілетінін айтып, зор қошеметін білдірді. Сондай-ақ жоғары мәртебелі Оңтүстік Корея Елшісі Ку Хонг-сок мырза мен Консул Ким Вон Йон ханымға екі елдің достығы мен ынтымақтастығын дамытуға әрдайым атсалысатындары үшін өзінің айрықша ілтипатын жеткізді.


Өз кезегінде, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин:

- 30-40 жылдардағы жаппай жер аудару кезеңінде түрлі этнос өкілдері халқымыздың қонақжайлылығының арқасында Қазақстанда баспана тауып, жаңа өмірге қол жеткізді. Ең сұрапыл аязда қазақ халқының қоныс аударушыларға деген шынайы қарым-қатынасы арқылы жан дүниелеріне жылулық сыйлады. Бүгінгі таңда, сол қиын-қыстау кезенде қолдау көрсеткен жер мен халыққа алғыс ретінде корей этносының өкілдері қазақ халқына өзара құрмет, сенім, достық пен барша қазақстандықтардың бірлігінің нышанын бейнелейтін осы жарқын композиция түрінде шексіз құрмет көрсетті, - деді.

Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сок құттықтау сөзінде:

- Осыдан 85 жыл бұрын Сталин үкіметінің бұйрығымен кәрістер қиыр шығыста пойызға отырғызылып Қазақстанға күштеп қоныс аударылған. Сол кезде Қазақстан халқы ашаршылық пен шаруашылықтың тоқырау салдарынан қиын жағдайда болғанына қарамастан кәрістерге баспана, киім-кешек, азық-түлік жағынан көмек қолын созып, оларды жақын көрші, отбасы мүшесі ретінде қарсы алды. Бүгінгі алғыс айту ескерткішінің ашылу салтанаты сол қилы заманда қазақ елінің кәрістерге деген ынтымақтастығының асқақ рухын еске алып құрмет көрсету», - деді.

Саяси қуғын-сүргін жылдары Ақтөбе өңірінде кәрістердің, немістердің, гректердің, поляктардың, украиндардың және басқа да көптеген халықтардың жүздеген отбасы мекендеді. Қазір облыста жүзге жуық этнос өкілдері тұрады. Бүгінде олар сол кездегі қиыншылықтарға қарамастан, көмек қолын созған қазақтардың қонақжайлылығы туралы ризашылықпен айтады.


Аталған туынды қазақ және кәріс әйелдерінің мүсінінен тұрады. Депортацияның қиын кезеңінде мыңдаған кәріс ұлты өкілдерінің аман қалуына көмектескен қазақтардың қонақжайлығының символы ретінде қазақ әйелі кәріс әйеліне қымыз құйылған ыдысты ұсынып тұр. Әйелдер өздерінің ұлттық киімдерін киген. Кәріс әйелінің арқасында бала - бұл кәріс ұлтының балаларды алып жүруінің дәстүрлі тәсілі. Ақ құстың айшықты қанаттары қазақ ұлтының символы шаңырақты ұстап тұр. Әйелдердің арғы жағында шаңырақты ұстап тұрған ақ құстың айшықты қанаты – қазақтарға арналған үйдің нышаны. Шаңырақ күнді бейнелейді және екі халықты біріктіреді.

Сондай-ақ, бұл күні Марат Әзілханов Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, оның қоғамдық құрылымдарымен, ҮЕҰ өкілдерімен және «Жастар Ассамблеясы» жастар қанатымен кездесу өткізіп, жалпыұлттық бірлік пен келісім, жастардың бойындағы парасаттылық құндылықтарды қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді дамыту мәселелері төңірегінде ой қозғады. Оған қоса Ассамблея жұмысының жаңа бағыттары бойынша ұсыныстар талқыланды.

Кейін қарай