Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Ақпан, 2016

800

Ақтауға Арменияның елшісі келді

Ақтауға Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ара Саакян жұмыс сапарымен келді. Елшінің іссапар мақсаты мұнайлы аймақ армяндарын олардың ұлттық «Трндез» мерекесімен құттықтау.

Сапар барысында елші Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевпен кездесіп, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселесін талқылады.

Содан соң, Ара Саакян Достық үйін аралап, этномәдени бірлестік төрағаларымен кездесті. Жиын қатысушылары Қазақстандағы этносаралық келісім жайлы өз ойларын айтты.

«Ақтауға келудегі мақсатым, Ақтаудағы «Ехпайрютун» армян этномәдени бірлестігінің жұмысымен танысу және олармен жүздесу, - дейді Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ара Саакян. - Мен Ақтауға осымен екінші рет келіп тұрмын. Ең бірінші рет, Маңғыстауға үш жыл бұрын келгенмін. Маңғыстау облысы менің жаныма жақын аймақтың бірі. Маңғыстау облысында мыңнан аса армян тұрады. Бүгін мен Маңғыстау облысының әкімі Алик Серікұлы Айдарбаевпен кездестім. Кездесу барысында біз Армения мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық мәселесін талқыладық. Мені қуантатыны әсем қала Ақтаудың күннен-күнге өсіп келе жатқандығы. Менің жұмыс сапарым барысында біз «Трндез» мейрамын да тойладық. Мейрамға кішкене тоқтала кетсем, ол - тазалықтың, шаттықтың мерекесі. Барша армяндарды осы мейраммен шын жүректен құттықтаймын».

Содан соң, белсенді топ этномәдени бірлестіктердің құнды жәдігерлері қойылған мұражайға экскурсия жасап, естелікке суретке түсті.

Ара Саакян жұмыс сапары барысында қалалық шіркеу аумағындағы «Хачкар» киелі тасына тағзым жасап, Шевченко қаласының құрылысына атсалысқан Рубен Григорянның бюстына гүл шоқтарын қойып, біртуар тұлға жайлы естеліктер айтты.

Елшінің жұмыс сапары «Трндез» мерекесін тойлаумен аяқталды. «Трндез» – армяндардың тарихы мыңжылдықтар қойнауында жатқан басты мейрамының бірі. Армяндар оны Тира – (арм. Տիր) құдайының құрметіне арнайы тойлайды. Армян мифологиясы бойынша Тира – (арм. Տիր) білімнің, өнердің, ғылымның құдайы болған.

«Трндез» мейрамының көне атауы «Тирндез». Оның мағынасы «Тира құдайының құрметіне қабырғаға от жағу» дегенді білдіреді. Бұл атау армяндар христиан дінін қабылдағаннан кейін өзгеріске ұшырап, «Трндез» аталып кеткен.

«Бұл мейрам армяндардың басты тойлайтын мейрамы, - дейді «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет Курдоглян. - Біз «Трндзді» жыл сайын атап өтеміз.   Бұл күн - баршамыз үшін шаттық пен қуаныш күні. Ол Тира құдайының құрметіне арнайы ұйымдастырылады. Баршаңызды аталмыш мерекемен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, әр отбасыға бақыт тілеймін».

«Трндез» мерекесін тойлау барысында қонақтар қасиетті оттан секіріп, діни жоралғыларды жасап, мерекелік дастарханнан дәм ауыз тиіп, естелікке суретке түсті.

   

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай