Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Тамыз, 2018

1353

АБАЙ МҰРАСЫ ЖАСТАРДЫ КӨБІРЕК ҚЫЗЫҚТЫРА БАСТАДЫ

24 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Елбасының кітапханасында әлеуметтік желілерде жыл сайын өткізілетін «Абай оқулары» әдеби эстафетасы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл шара қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туған күніне орай ұйымдастырылды.

Елбасы кітапханасының директоры Ботагөз Қайыпова атап өткендей, байқауға келіп түскен жұмыстарда ақындық шеберлігі, іскерлігінен бөлек, оқырманға ұлы ақынның шығармаларын көркем, әдемі жеткізе білу, сондай-ақ қатысушылар көрсете білген жоғары деңгейдегі креативтілік те назардан тыс қалмады. Сонымен қатар кейбір үміткерлер Абай мұрасын зерттеуде терең таным байқатты. Олар әлеуметтік желідегі Кітапхана парақшасында алғашқы қазақ классигі жайлы баяндамалар, сонымен қатар Абай жайлы ғылыми-зерттеу жобаларын жариялады.

Ботагөз Муттахинденовна пікірінше, биылғы жылы сарапшы топ жеңімпаздарды анықтаудың дәстүрлі түрінен жаңаша серпінге ауысып, келесі марапат түрлеріне кезек берді: «Ең жас қатысушы», «Ең бірінші қатысушы».

Байқауға қатысушылар Абай шығармашылығын түсіндіруде  аса жоғары белсенділік танытты.

Байқау қорытындысы бойынша І және ІІІ орындарды Тараз мемлекеттік университетінің студенттері, екінші орынды Алматы қаласындағы №81 мектеп-лицейінің оқушысы Ақтоты Асанова иеленді.

Байқауға биыл тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ Польшадан да қатысушылар болды. Осыған орай Жешува қаласындағы Ақпараттық технологиялар және менеджмент университетінің І курс студенті Гүлназ Қалиева «Абай мұраларын әлемдік деңгейде насихаттаушы» номинациясы бойынша марапатталды. Қатысушының айтуынша, ұлы ойшылдың рухани бай мұрасы – әлемдік мәдениеттің асыл қазынасының бөлігі.

Оның шығармалары әлемдік құндылықтардың қатарына енген.

 «Абай даналығы – күні бүгінге дейін өз құндылығынан айырылмаған өте қуатты рухани тірек, бай мұра. Өйткені ол өз уақытында  ұлтты сақтап қалу – оның рухани жаңғыруында екендігін айтып кеткен. Ұлы ақын ақыл-ой, адамгершілік, әділдік және қайырымдылық сияқты қасиеттерді жырлаған», – дейді Гүлназ.

Біз осы орайда үздік әлемдік ЖОО-ның бірінде оқитын өз жерлесімізбен жақынырақ сұхбаттасуды жөн көрдік. Ол өзінің Польшадағы өмірі, оқуы және әр елден келген құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасы жайлы қуана әңгімелеп берді.

Гүлназ 18 жаста. Жевуштегі Ақпараттық технологиялар және менеджмент университетінің «Халықаралық менеджмент» факультетіне Гүлназ биыл түскен, оған дейін арнайы мамандандырылған «Foundation» (шетел студенттеріне жоғары оқу орнына түсуге дайындық мақсатында – ред.түс.) бағдарламасы бойынша оқу курсынан өткен.

– Неге бұл ЖОО-ны таңдадыңыз? Несімен қызықтырды?

– Мен шетелде оқып, Қазақстаннан тыс жердегі өмірді көзбен көргім келді. Басқа елдер жайлы көбірек білсем деймін. Бала кезімнен жаңаны зерттеуді ұнатамын. Ақырында армандаған күнге жетіп, қайда, қай оқуда оқитынымды таңдауым керек болды. Нақты университетті таңдамас бұрын, бұған дейінгі олар туралы пікірлерді оқыдым және сол кезде Жешув қаласындағы осы ЖОО назарымды аудартты. Ол Польшадағы мемлекеттік емес университеттер арасындағы көшбасшылардың бірі болып табылады. Кейінірек білгенімдей, бұл УИТМ – ерекше алтын сертификатқа, сондай-ақ «Ең жоғарғы сапалы оқыту» арнайы марапатына ие болған жалғыз мемлекеттік емес университет екен. Сол кезде мен дәл осында түсуге бел будым.

— Алғашқыда Польшада қиын болды ма?

— Бұл жерде қазақтар көп, сондықтан үйрену қиындық келтірмеді. Қалғандарымен біз ағылшын және поляк тілінде сөйлестік. Жешув халқы, әсіресе, үлкендері ағылшын тілін білмейді, сондықтан  поляк тілінде түсінісуге тура келді. Қосымша жергілікті тілді де меңгерудемін.

— Сізбен қанша студент оқиды және қай елден келген?

— Студенттер өте көп, сондықтан бірнеше топтарға бөлінген. Біз Тәжікстан және Қырғызстан студенттерімен оқыдық. Меніңше, бізді тілдегі барынша ұқсастыққа қарай біріктірді.

— Ал топтағылардан басқа тағы басқа елдерден достарыңыз бар ма? Олармен қандай қарым-қатынастасыз?

— Иә, Украина, Польша, Ресей, Түркия елдерінен достарым бар. Олармен өте жақсы қарым-қатынастамыз. Уақытымыздың көбін бірге өткіземіз. Бір-бірімізді қонаққа шақырамыз.

— Гүлназ, оқу кезінде қай қалаларда болдыңыз? Не ұнады, несімен тартымды болды? Жергілікті тұрғындар өмірінде қандай ерекшеліктерді атай аласыз?

— Әзірге Жешув және Варшавада ғана болдым.  Бірақ алдағы уақытта басқа қалаларды аралайтыныма сенімдімін. Бұл жерде өте тыныш. Адамдар мейірімді, жайдарлы. Жоғарыда айтқанымдай жергілікті тұрғындардың көпшілігі ағылшын тілін білмейді, таза өз ана тілінде сөйлеседі.

— Сіздіңше, поляктар мен қазақтарда ортақ ұқсастық бар ма?

— Екеуі де халқының мейірбан, ақжарқын, мейірімді, сабырлығымен ұқсас.

— Әр елдің, әр ұлттың студенттерінің өзара қарым-қатынастарында не маңызды деп ойлайсыз?

— Ең бастысы – бір-бірін құрметтеу, бір-бірінің пікірін тыңдау. Сонымен қатар олардың мәдениетін, қарым-қатынасын, өнерін, асханасын және т.б. ерекшеліктерін білген көптік етпейді.

Әңгіме барысында Гүлназ жергілікті асхана мәзіріне тоқталды.

«Сол картоп, сол голубцы  біз жейтін, жалғыз-ақ дәмі аздап ерекшеленеді», — дейді ол. Студенттер әдетте асты өздері дайындайды. Көшеден сирек тамақтанады.  Әдеттегідей тамақ ретінде кеспе (сорпа), палау және басқа да тағамдар даярлайды.

– Ағылшын тілін жетік меңгеріп, бүкіл әлем бойынша саяхаттауды армандаймын. Менің жоспарларым — кәсібім бойынша Қазақстанда жұмыс істеу, яғни, Польшада  барлығына оқып-үйреніп, еліме мықты маман боп оралып, ел экономикасын көтеруге өз үлесімді қоссам деймін. Мен мемлекетіміздің дамып, көркейіп, өркендегенін қалаймын.

Қазақстан халқы Ассамблеясы порталының редакциясы Гүлназға оқуда жетістіктер тілеп, әңгімесі үшін алғыс білдіреді.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Дата события ассамблеи: 28.08.2018

Кейін қарай