Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Ақпан, 2020

2641

Ахметжан Ашири: Қазақстан халқы Ассамблеясы бұйрық беріп, үкімді атқаратын құқықтық орган емес

Мен ардагер жазушы әрі ұйғыр ұлтының өкілі ретінде Қордайдағы тұрмыстық жанжалдан өрбіген топтық төбелеске жүрегім ауыра отырып өкініш білдіремін!

Бұл жағдайды, арандатушылар айыптап отырғандай, қазақ пен дүнген арасындағы ұлтаралық қақтығыс деп айтуға мүлде болмайды. Жеке адамдар арасында пайда болған жанжалды мүдделі топтар асқындырып, ақыры қанды оқиғаға айналды. Нәтижесінде бір шаңырақтың астында қыз алып, қыз беріп, құдандалы болып кеткен екі ұлттың арасына от тасталды.

Мәселенің анық-қанығын құқық қорғау мекемелері ажырата жатар, қылмысты кім болса да, сөзсіз жазасын алады. Қазақта: «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген дана сөз бар. Біз сол ұлағаттан аттап, адамдардың көңілін ала жаңқа етіп, араздыққа жол аштық. Менің жаныма қатты бататыны – халыққа басу айтуы тиіс, басшылық қызметтегі кейбір әріптестеріміздің мемлекет саясатына қарсы шығып, ұлттар арасына одан сайын іріткі салуға тырысып отырғаны.

Қандай жағдай болмасын, мен қазақ халқымен біргемін, оны осы кезге дейін айтып та, жазып та келемін. Елге деген құрметімді өзімнің ісіммен дәлелдеп, айналама өнегемді көрсетуден шаршаған емеспін.

«Қордайдағы жанжал» кезекті соғып өткен жел, мезгілдік «тұмау» екені анық. Өкінішке қарай, өз арамызда іріткі сөз тастау, теріс мінез көрсетіп, көсемдікке ұрыну асқынып барады. Алайда оларға еріп, тұтас қазақ халқы дүрбелеңді қаламайды, жанжалды жақтырмайды. Бәрімізге сүттей ұйыған тыныштық, бөлініп-ажырамайтын бірлік керек. Ол тіршіліктің кепілі, өмір сүрудің өзегі. Біздің айырып алуға болмайтын ортақ тағдырымыз бар. Балталаса жарылмайтын терең достық, махаббатымыз бар.

Осы жанжалдың арасында «Ассамблея мүшелері қазақ тілінде сөйлемей отыр» деген реніш те айтылып жатыр. Ол бүгінгінің мәселесі емес, ол Кеңестер одағы кезеңінен келе жатқан жағдай. Тарихи жағдай бәрімізді сол бағытқа мәжбүр еткен болатын. Қазақ тілінде сөйлей алмау өзге ұлтты былай қойғанда, қазақтың төл перзенттерінің де басынан өтіп жатқан трагедия. Қазақтың бірталайы өз ана тілінде сөйлей алмайтыны ащы да болса, шындық. Ал қуанарлық жағдай тәуелсіздік дәуірінде туған жас ұрпақ мейлі ол қазақ әлде басқа ұлт болсын, мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді. Бір ғана мысал, жаңа жыл қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын өткізді. Мемлекеттік тілде білім алған өңкей өзге ұлт өкілдері жиналып, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты жеткенін мәлімдеді.

Бұл – тәуелсіздіктің жемісі, Ассамблеяның атқарған оңды жұмысының жеңісі емей, немене?!.. Міне, бұл әлемнің өзге елдерінде жоқ ұлтаралық қатынастарды дұрыс жолға қоюдың қазақстандық үлгісі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік пен келісім – біздің ең үлкен байлығымыз. Оны бұзуға, елдігімізге нұқсан келтіруге ешкімнің қақысы жоқ» деді. Міне, бұл – біздің ұстанатын басты бағытымыз, сара жолымыз.

«Береке, қайда барасың?» деп сұрағанда, ол: Ынтымаққа барамын!» деген екен. Ынтымағы жоқ елден тыныштық кетеді, тыныштығы жоқ жерде тіршіліктің үйлесімді ырғағы бұзылады. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы – сараптама жасап отыратын, кеңес беріп, нақты ұсыныстармен шығатын мекеме. Ол бұйрық беріп, үкімді атқаратын құқықтық орган емес. Ол мемлекеттік қызметтің толықтырушысы, кемелдендіруші, кеңесші орган екенін толыққанды түсінуге тиіспіз.

Әдетте бір үйдегі бір әке мен бір шешеден туған балалар да ұрысып-соғысып, араздасып жатады. Оны үлкендер жағы тәртіпке келтіріп, ынтымаққа шақырып, жөнге түсіреді. Мәселенің мәнісіне тез көз жеткізіп, өз уағында сабасына түсірсең, әдеттегі жағдай ретінде қалады. Керісінше, өсіріп, өрекпітіп, сынықтан сылтау іздеп ұлғайтсаң, әрине асқынады.

«Сөз қуған пәлеге жолығады» деген бар. Оны әлде бір орайшылдар отқа май құйғандай өршітсе, «бас жарылып көз шығады». «Ауыз – өзімдікі» деп, дүйім жұртты дүрліктіре беруге болмайды. Қордайдағы оқиға ойланбай шешім қабылдап, асығыс дүрмекке ілесудің арқасында осылай шектен шығып кетті деуге болады. Оқиға болды, енді не істеу керек?

Менің оған айтар уәжім бар. Мысалы, бақшаңдағы алма ағашының бір бұтағына құрт түссе, оның шыбығын қиып алып тастап, жалпы ағашты дәрілейсің, емдейсің. Оны мүлде түбінен кесіп алып шығарып тастамайсың. Үлкен бақшада жалғыз тал гүл өссе, бақша екенін білдірмейді. Жалпы гүл жарыса өсіп, жамырай шешек атқанда ғана бақша жайқалып, құлпырып тұрады. Міне, біз осыны ұмытпауымыз керек!

Демек, «емдеу-сауықтыру» шарасын қолдануға тиіспіз. Қылмыстыларды тауып, заң бойынша лайықты жазасын беру керек. Бірақ, тұтас бір ұлтты қаралауға, «түймедейді түйедейге айналдырып», албаты даурығуға жол жоқ. Жоқ жерден астар іздеп, ұлтараздық деңгейге көтеріп, мәселенің ұлғаюына қарсымыз.

«Ассамблеяны тарату керек, Ассамблея өз жұмысын тоқтатсын!» деген талап негізсіз. Осынша жылдар ішінде Ассамблеяның мемлекетімізге, ұлттардың байланысына зәредей зиянын көрген жоқпын. Егер ел ішінде кейбір қайшылықтар мен билікке өкпе-реніштер болса, ол тек Ассамблеяның кінәсі емес. Ол тұтас халықтың, әр сала ұйымдардың ортақ кемшілігі. Соның бәрінің олқылығын бір Ассамблеяның басына үйіп төгуге болмайды. Қысыл-таяң осындай сәтте халыққа басу айтып, арандатушыға ерген бауырларымызды сабырға шақырып, еліміздің саясатын түсіндіру зиялы қауымның, қаламгерлердің міндеті болуы тиіс.

Біздің тәуелсіз еліміз, жүйеге түсіп жолға қойылған заң-түзіміміз бар. Ниеті бұзықтар мен іріткі салушылар өз жазасын алады, алайда осындай кикілжіңге бола көшелі көш тоқтап қалмайды. Қазақ халқы мен барлық өзге ұлт өкілдері бір әкенің баласы, бір анадан туғандай өмір сүре береді.

Ахметжан Ашири,

жазушы-драматург,

Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері

Кейін қарай