Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Наурыз, 2017

4017

Алғыс айту күніне арналған салтанатты кеш

Достық үйінде Алғыс айту күніне орай «Алғыс – асыл сөз» атты мерекелік салтанатты кеш өтті. Оған облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Қырымбек Көшербаев, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер мүшелері, қала тұрғындары және республикалық, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада тілек-алғыс сөздер жақсы істердің бастауы болсын деген ниетпен, айтулы мереке күні Сыр еліндегі барлық этномәдени бірлестіктің мүшелері қазақ еліне, Елбасына, туған өлкесіне, жақын-жарандарына деген ризашылық сезімге толы алғыстарын бәйтеректей тілек ағашына жазып қалдырды. Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, тілек ағашына өз алғысын ілді.

Қиын-қыстау кезде өздеріне құшағын айқара ашқан қазақ топырағына тамыр тартып, осында тұрақтап, бірлігі жарасып, ұрпағын өрбіткен, интернационал отбасылар Сыр елінде баршылық. Бүгінгі мерекеде қазақ халқына тән тазалық пен ұқыптылықты, еңбекқорлықты бойына сіңіріп өскен шаттықты шаңырақ иелерінің шын жүректен шыққан жылы лебіздері бейнесюжет арқылы берілді.

Жүректі жылытар жылы сөз, бір-біріне жақсылық жасау, ризашылық сезім, ақ тілекпен алғыс білдіру – адамзат баласының ең ізгі қасиеттері екені белгілі. Бүгінгі кеште төңірегіне таң нұрын шашып, аналық мейірімін төккен ақ жаулықты аналарға ерекше ілтипат көрсетіліп, гүл шоқтары таратылды. Тыныштықтың бағасын біліп, бейбіт өмір үшін ұйқысыз түн қатқан шекарашыларға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін күзеткен әскерлерге де алғыс айтылды.

Жарқын мереке көркемөнерпаздардың әсем әні мен мың бұралған биімен жалғасын тапты.

Кейін қарай