Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Наурыз, 2021

5883

Алғыс айту күніне орай бірнеше облыста мерекелік іс-шара өтті

Ақтөбе облысы ҚХА ғимаратында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен «Қазақ еліне мың тағзым!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.


Салтанатты шара сол дәуірде қазақ жеріне қоныс аударылған ұлттардың құжаттары мен суреттерінен дайындалған көрмені тамашалаумен басталды. Ақтөбеліктерді құттықтаған өңір басшысы Алғыс айту күні барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділік, достық пен құрметінің нышанына айналғанын атап өтті.


Одан әрі О.Оразалин этномәдени бірлестіктер төрағалары атынан «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Қалиева Съезгүлге 100 мың теңгенің сертификатын, «Динар-Электромаш» ЖШС атынан әртүрлі ұлттың 18 баласын асырап алған, оларға қазақ тілін үйретіп, мәдениеті мен ұлттық өнеріне баулып жүрген Жетесовтер отбасына 350 мың теңгенің сертификатын, Ақтөбе қаласындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі жастар қанатының атынан көпбалалы ана Күздібаева Айсұлу Мұханбетқызының үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасап, үй жиһаздарын сатып алу үшін 2 млн. теңгенің сертификатын табыстады.


Облыс әкімі қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырып жүрген жандарды да ұмытпады. Олардың қатарында Ақтөбе қаласындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Бабек-Құрылыс» ЖШС басшысы Азизов Рахиб Хазайыр оглы, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Симонов Анатолий, ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Вишняк Сергей, «Қайырымды жандар» волонтерлік тобының мүшесі Нұржігіт Жеңіс бар.

Алғыс айту күні аясында БҚО ҚХА Достық үйінде де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шаралар «Мұнайшылар» саябағындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гол шоғын қоюдан басталды.


«30 игі іс» республикалық марафоны аясында «Қайырымдылық керуені» акциясы бастау алып, әлеуметтік осал 150 отбасыға азық-түлік себеті табысталды.


Облыс басшысы және БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Есқалиев Ғали Нәжмеденұлы жиналғандарды мерекемен құттықтап, пандемия кезінде қайырымдылық шараларына үлес қосқан кәсіпкерлер мен аймақ меценаттарына алғысхаттар табыс етті.

Сонымен қатар Ақтау қаласының Достық үйінде Алғыс айту күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік концерт өтті.


Қазақстан халқы Ассамблеясының "Musaev production" шығармашылық ұжымы Ислам Мұзаевтың жетекшілігімен бейбітшілікке арналған шығармалар орындады. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының шығармашылық ұжымдарының өнерін көрсетіп, Алғыс айту күнінің мән-маңызын түсіндіру. Концерттік бағдарламадан бөлек, Маңғыстау облыстық ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «30 игі іс» атты қайырымдылық шарасы жалғасын тауып, «Қуанышты күн» акциясы өтті. Бұл күні көмекке мұқтаж отбасы мүшелері арнайы мамандардан емдік массаж, психологиялық кеңес алды. Онымен қоса, аспаздар түрлі тағамдардың жасалу жолдарын көрсетті.

Ал Тараз қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі орналасқан алаңда Жамбыл облысы әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болуымен «Қазақ халқына мың алғыс!» атты мерекелік іс-шара өтті.


Мерекелік іс-шараның салтанатты ашылуы облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлы мен облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестік мүшелерінің құттықтау сөздерінен басталды.


Мерекелік шарада «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші алаңынан бастап Арбат-2 бойымен арнайы тігілген шатырларда қазақ халқы мен өзбек, поляк, әзірбайжан, дүнген, түрік, орыс, грузин, қарашай-балқар, ұйғыр, қытай, неміс, еврей, күрді, украин, тәжік, татар, корей тәрізді түрлі этностардың ұлттық тағамдары қойылған «Достық дастарханы» жайылды. Бұған қоса, жиылған жұрт әр этностың қолөнер бұйымдарын тамашалады.


Көпшілік-мәдени іс-шара соңы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен этномәдени бірлестік өкілдерінің және облыс ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің ағаш отырғызу рәсімімен аяқталды. Дәстүрлі ағаш отырғызу рәсімі «Қазақ халқына мың алғыс» монументі және қалалық «Қан орталығы» аллеяларында өтті.

Алғыс айту күні қарсаңында өткен Алматы қаласы ҚХА қалалық кеңесінің отырысында этносаралық қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.


Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров алғысөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күнінің институционализациялаудағы рөлін атап өтіп, ҚХА Кеңесінің мүшелерін Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан алғысхаттар табыс етті.

Отырыс барысында өткен жылғы жұмыс қорытындылары шығарылып, қаладағы этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі кешенді шаралардың іске асырылу барысы және осы бағыттың ағымдағы міндеттері қаралды.

2020 жылы Алматы облыстық ҚХА 182 қайырымдылық іс-шарасын өткізген. 9346 мұқтаж азамат пен 2647 отбасы 60 млн. теңгеге қаржылай көмек алған.

Түркістан қаласында 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай, өңірдегі этномәдени бірлестік мүшелері мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.


Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аталған мейрамның мән-мағынасына тоқталды. Сондай-ақ, жиында облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов пен славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Марина Лимаренко да жылы лебіздерін білдірді. Жиын Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелігіне облыстан сайланған азаматтарға куәлік тапсыру рәсімімен қорытындыланды.


Сол сияқты 1 наурыз – Алғыс айту күнінде Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен, «Қоғамдық келісім» КММ және «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Бірлік пен бірегейліктің моделі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Достық үйінің фойесінде облыстағы этнос өкілдерінің қолданбалы заттар көрмесі ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар көрмеге қойылған экспонаттармен, этностардың ұлттық киімдері және тұрмыстық заттарымен танысты.


Конференция құрылымы Пленарлық отырыс пен екі секциялық жұмыстан тұрды. Бірінші секцияда Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктірушілік және қоғамдық-саяси рөлі, екінші секцияда көпэтносты Қазақстанның қалыптасу тарихы сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары С.Ахмет алғы сөзінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Алғыс айту күнінің маңыздылығына тоқталды.


Конференцияның бірінші баяндамасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы Мұрат Мұхамедов жасады. «Этнос өкілдерінің Сыр өңіріне қоныстану тарихы» тақырыбында баяндаманы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов жасап, зобалаң жылдардың қиындығы мен елге тигізген кері әсеріне жайлы айтып өтті.


Қазақстан Республикасы ҰҚҚ Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің жеке құрамы мен Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай, «Қазақ халқына мың тағзым» Шекара қызметі департаментінің әскери бөлімшесінде мерекелік іс-шара өткізілді.

Іс-шараға шекара қызметі департаментінің жеке құрамы мүшелері, облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктер өнерпаздары, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

«Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің өкілі Орынбасар Меңдібаев («Жылқычы ыры»)​​​​​​​ «Жылқышы жырын», «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Үкілім-ай» би ансамблі қазақ және татар билерін, облыстық немістер қоғамының «Поющие сердца» өнерпаздары «Тумбалалайка» әнін, бұған қоса, облыстық «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің әншісі Антонина Беляева орыс халқының «Мен өз жерімді сүйемін» әнін орындады.


Солтүстік Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ Алғыс айту күніне орай «Қазақ халқына мың алғыс» атты кездесу ұйымдастырды.

Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар, еріктілер, қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға қоныс аударылған отбасы мүшелері қатысты.

Жиын барысында поляк, корей, неміс, татар этностарының өкілдері депортация жылдарында қазақ даласына келген өздерінің ата-бабалары туралы айтып берді.

«Hangug Kazakstan» корей орталығының төрағасы Алексей Хан атасы мен әжесінің естеліктері туралы, жергілікті халықтың тағдыр тәлкегіне ұшыраған корей отбасыларына қалай көмектескені жайында әңгімеледі. Жиын барысында Алғыс айту күніне арналған «Қазақ халқына мың алғыс» бейнефильмінен сюжеттер көрсетілді.

Іс-шара соңында СҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы орталығының ең белсенді еріктілері марапатталды.


Алғыс айту күнінде облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бастамасымен «Qyzylorda» телеарнасының қолдауымен түсірілген «Шексіз алғыс – Тәуелсіздікке тарту» фильм-концертінің тұсаукесері өтті.

Фильм-концертті түсірудегі негізгі мақсат түрлі этностарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Сыр өңіріндегі бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан ырысы мен табысы мол ауызбіршіліктегі өмір бейнесін көрсету болды.

Сондай-ақ тұсаукесер аясында өңіріміздің қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігін сақтауда сүбелі үлесін қосып жүрген облыстағы этномәдени бірлестік жетекшілері марапатталды.


Атырау облысында «Бірлігіміз жарасқан» алғыс айту шеруі өтті. Атырау облысы Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында «Бірлігіміз жарасқан» атты алғыс айту шеруі өтті.

Бұл ауылда сегіз ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Сахна төрінде қазақ күйлері мен халық әндері шырқалды. Шараға "Қоғамдық келісім" КММ басшысы Жанар Ілиясова, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Айсұлу Оразбаева, «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы Нұржан Ермұханов және БАҚ өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шара барысында этнос өкілдері ата-бабаларының қазақ еліне депортациялу кезіндегі бастан кешкен қиындықтарын айтып берді.

Мерекелік кеш соңында ұйымдастырушылар өз өнерін ортаға салған этнос өкілдеріне алғысхат табыстап, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Кейін қарай