Алматы - этникааралық келісім және дінаралық өзара түсіністік орталығы болады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін Алматы қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының "Қоғамдық келісім кеңесінің қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартудағы рөлі" республикалық форумының кеңейтілген отырысында Алматы аумағын дамытуға арналған жеті стратегиялық бағдарды таныстырды.

Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, ҚР Парламенті депутаттары, Ассамблея Кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен этно-мәдени бірлестіктер өкілдері қатысқан болатын.

Бақытжан Әбдірұлының пайымдауынша, Алматы жақын болашақта әлемдік қалаға айналып, мәдениет пен өркениеттің шыңында тұрған мегаполистердің жүздігіне енуі тиіс. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бірінші кезекте, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін және экономикалық мүмкіндікті арттыру керек дейді әкім. Екінші, аймақтың барлық аудандарында жоғарғы өмір стандарттары қамтамасыз етілген шексіз қала құру, үшінші, техногенді қауіп-қатер мен қылмыстылық деңгейін төмендетіп, қауіпсіз қала құру көзделген. Төртінші стратегиялық бағдар ретінде Бақытжан Әбдірұлы бастамаларға арналған қала құруды ұсынып отыр. Мұнда әкімнің айтуынша, жергілікті жерлердегі мәселелердің 90 пайызы тұрғындардың ұсыныс-бастамаларымен шешілетін болады. Бесінші, Алматыны қайтадан жасыл желекке айналдыру ұсынылады. Болашақтың қаласы әлемдік экология талаптарына сай болуы керек. Қаланы әлемдік стандарттарға жақындататын және бір мәселе, бұл оны іскерлік астанасына айналдыру. Мұнда инвестиция, технология және әрине, талантты жандар жұмылдырылатын болады. Және ең маңыздысы, Алматы мәдениет ошағы болып қала бермек. Әкім санамалаған жеті басты стратегиялық бағдардың тоқетері осы, заманауи қаланың жоғарғы оқу орындары әлемнің аузымен құс тістеген мықты университеттерінің қатарына енуі тиіс.

«Бүгінгі форумда Алматының стратегиялық бағдарына «Алматы - этникааралық келісім және дінаралық өзара түсіністік орталығы» деген бағытты қосуды ұсынамын. Біз алдағы уақытта қаладағы барлық этностардың өз тілі мен мәденитетін дамытуына жағдай тудыра отырып, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтерілуіне, үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыруға жол ашуымыз керек», - деген Бақытжан Сағынтаев форумның нәтижелі жұмысы азаматтық қоғамның дамуына, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің әдістемесін және басқа да азаматтық бастамаларды әзірлеуге елеулі үлес қосатынына сенімділік білдірді.

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Back to the list