Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Мамыр, 2022

511

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ

2022 жылы 16 мамырда сағат 11.00-де Нұр-Сұлтан қаласында (Бейбітшілік көшесі 11, 201 зал) «Жалпыхалықтық плебисцит: жаңа мүмкіндіктер мен даму болашағы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының отырысы өтті

Іс-шараға ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғ.Құсманғали, «Abai tv» телеарнасының директоры А.Кеңесұлы, сарапшылар: журналист Амангелді Құрмет пен саясаттанушы Самат Нұртаза т.б танымал журналистер, блогерлер және Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, аталған шараға ел аумағындағы этноБАҚ өкілдері ZOOM-конференция арқылы онлайн қатысу мүмкіндігіне ие болды.

ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғ.Құсманғали өз сөзінде «Президент ұсынған реформалар ел өмірінің барлық саласын қамтитын кешенді жоспар. Сол себепті, ол өзгерістерді өмірге енгізу бәріміздің, яғни әрбір Қазақстан азаматының атсалысуын қажет етеді. Әрбір қазақстандықтың пікірі ел тағдыры үшін маңызды. Өз кезегінде, референдум сияқты саяси тетіктің 27 жыл өткеннен кейін қолданылуы, алдағы уақытта қабылданатын шешімнің тарихи маңыздылығын тағы да бір мәрте айқындатып отыр» - деп атап өтті.

Бұл күні аталған жиын аясында клубтың жаңа төрағасы - «Abai.TV» республикалық телеарнасының директоры Азамат Кенесұлы таныстырылды. Одан соң, сөз кезегін алған Азамат Кеңесұлы «Клубтың алғашқы жиыны Референдумға арналып отырғанын мен жақсылыққа балап отырмын. Өйткені, алдағы конституциялық реформалар ҚХА жұмысын да қамтиды. Сәйкесінше, реформалар ҚХА құрылымдарын да, оның ішінде Журналистер клубын да қамтиды. Сондықтан да, бұл шара - Жаңа Қазақстан құру бағытындағы жаңа қадам, жақсылықтың бастауы санаймын», -деп өз ойын білдірді.

Кездесу барысында қатысушылар ашық әңгіме форматында қазіргі таңда елдегі өзекті мәселелердің бірі – конституциялық реформалар мен республикалық референдум жайында сөз өрбітті.

Саясаттанушы, сарапшы Самат Нұртазаның айтуынша, «Барлық елдерде билік бір қолда шоғырланып, жоғарғы билік күшейтілуде. Ал Қазақстанда бұл бірегей бастаманың ерекшелігі – Мемлекет басшысы өз билігін халықпен бөлісіп отыр».

Сонымен қатар, ZOOM-байланыс арқылы жиынға қатысқан этноБАҚ «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Муллахунулы де өз пікірін қосты «Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы қадамы Конституцияға жаңа өзгерістерді енгізу деп ойлаймын. Бұл референдум дәл уақытында халықтың көкейіндегі мәселелері енгізіліп отыр, сондықтан 5 маусым күні халқымыз бір адамадай дауыс береді деп сенемін. Біз жақында республикалық Ұйғыр этномәдени орталығының жиынында барлық бюро, басқарма мүшелері осы реформаны бір адамдай қолдайтынын айтып өтті. Біраз аймақтарға барып, кездесулер ұйымдастырдық, халық арасында референдумның маңыздылығын түсіндіріп келдік. Біздің газетімізде осы жайында бейсембі күнг,і кезекті нөмірде ақпараттар беріледі».

АҚПАРАТ: Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубы 2009 жылы құрылған болатын. Негізгі мақсаты – этносаралық тақырыпта жазатын ел аумағындағы БАҚ өкілдері мен блогерлер қауымының, әлеуметтік желі белсенділерінің іс-әрекетін үйлестіріп, шынайы әрі жылдам жан-жақты ақпарат алуына ықпал ету, қолдау көрсету.

Кейін қарай