Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Сәуір, 2016

767

Аналар кеңесі қамқорлығына алынғандарға келді

Наурыз айы – жылы қарым-қатынас пен сыйлықтарға толы ай. Жамбыл облысы ҚХА жанындағы аналар кеңесі №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қамқорлығына алынғандармен тек мереке күндері ғана кездесу жасамай, мұнда жиі-жиі келіп тұрады.

Бұл жолғы кездесуді Аналар кеңесінің төрайымы Мухабатхон Миражапова бастаған аналар мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Жүректен жүрекке» және «Қайырымдылық керуені» акциялары аясында ұйымдастырды. Этномәдени бірлестіктерден келген аналар қамқорындағыларға өздері ала келген тәтті тағамдарын сыйлап, олармен шәй үстінде әңгіме-дүкен құрды. Асия Оловянникова, Людмила Иващенко, Николай Власов, Георгий Пак тағы басқалар кітапхана залына келіп сыпайылық танытып үстелдің бір бұрышына елеусіздеу отыра кетсе, Ұлы Отан соғысының ардагері Полина Никитина есіктен кіре салысымен жауынгерлік тәртіппен баяндай жөнелді:

- Сәлематсыздар ма жолдастар! Мен, Полина Федоровна 94 жастамын, 19 жауынгерлік медалім, 2 орденім бар. Міне, сіздердің алдарыңызға келіп тұрмын, - дегені сол екен, залда отырғандардың барлығы шапалақ ұрып қолпаштай кетті.          Полина Федоровна соғысқа қатысқан кездері мен ұзақ та тағылымды өмірінде көрген-білгендері туралы ұзақ әңгімеледі.

Әлеуметтік интернатта тұратындардың көбісі 10 жылдан астам осы жерді мекендеуде. Біреулері өздерінің туған мекеніне көшіп кетсе де, онда үйренісе алмай, Қазақстан жеріне қайта оралған, ал кейбіреулері мүгедек болып қалып, осы жерден пана тапқан. Тұрғындар өздерінің ұлғайған жасы мен сырқатына қарамастан өмірге деген құштарлықтарын әлі де болса жоғалтпаған. Елімізде өткен мәслихаттар мен ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысып, «Нұр Отан» партиясынан сайлауға түскен үміткерлерді қолдапты.

Шәй үстінде әңгіме-дүкен құра отырып, олар ән айтуды да ұмытпады. Соғыс кезінде әрбір жауынгердің сүйікті әні болып кеткен «Катюша», «Синий платочек» және заманауи қазақ, орыс, украин, татар әндерін де орындады. Сонымен қатар жастардың да өнерде жеткен табыстарына тәнті болып, мақтаныштарын білдірді. «Жарық» фестивалінің лауреаты, Қырым Республикасындағы Саки қаласының 60 жылдығын мерекелеуге қатысқан зағип Қайрат Абдуллаев пен мүгедектер арбасына таңылғандар арасында бал биінен өткен республикалық конкурстың күміс жүлдегері, Абай атындағы гуманитарлық колледждің студенті Талғат Амалбековтің жеңістеріне тәнті болды.

Мекеме директорының міндетін атқарушы Райхан Сейдалиева  келген қонақтарға көпшілік атынан алғыс айтты. Ұзаққа созылған шәй үстіндегі әдемі әңгіме, ықыласты кездесу әрбір қатысушының есінде қалатыны анық.

 

   

 

 Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ-і баспасөз-қызметі

Кейін қарай