Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Шілде, 2020

762

Қарағанды: ҚХА мүшелері мен жергілікті билік өкілдері арасында онлайн-кездесу өтті

Ширек ғасыр ішінде ҚХА қамқорлығымен жалпыұлттық тарихи сана мен бірлікті қалыптастыруға, этносаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған көптеген маңызды жобалар іске асырылды. Осы және өзге де мәселелер туралы этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен басшыларымен және жергілікті билік өкілдерімен болған онлайн-кездесу барысында айтылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалаушы - еліміздің Тұңғыш Президенті-ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде этностар бірлігінің арқасында біздің республикамыз бүкіл әлемге танымал болғанын айтқан еді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған жылдар ішінде үлкен топтастырушы және зияткерлік әлеуетті жинақтап, халықтық дипломатия институтына айнала отырып, дамудың ұзақ жолынан өтті. Еліміздің жүзден астам этнос өкілдерін біріктіретін бұл бірегей институт республиканың тұрақтылығы мен үдемелі дамуында үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің басты жетістіктері Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын барлық этнос өкілдерінің бірлігі, достығы мен ынтымақтастығы арқасында мүмкін болды, – деген сөзін бірнеше рет естіген болатынбыз.


Алқалы басқосуды жүргізген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов:

– Бүгін әлемде COVID-19 тудырған экономикалық дағдарыстың себебінен еліміз қиын кезеңдерді бастан кешіп жатыр. Сондықтан да, халық татулығы пен келісімді сақтай отырып, әрбір азаматтың жүрегінде бейбітшілігіміз үшін жауапкершілік сезімін нығайту мақсатында қызу жұмыс жасауымыз керек, - деп өтті.

Сондай-ақ, қатысушыларды ашық диалогқа және пікір алмасуға шақырды.

– Қазақстан - біздің Отанымыз. Мұнда біздің отбасымыз, жақындарымыз бен ұрпағымыз өмір сүреді. Біз бірлігімізді сақтай отырып, бір-бірімізді қиындықта қолдауымыз керек, - деді.
Ассамблеяның 25 жылдығы – еліміз үшін өте маңызды мерейтой. Осы жылдар ішінде ҚХА біздің жастарды өз елінің тарихын білуге және құрметтеуге, басқа халықтардың тілі мен әдет-ғұрпын сыйлауға үйретіп келді. Сондай-ақ, келешек ұрпақтың бойында ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша күресіп, жаудан қорғап қалған туған жерімізді қастерлеу, тәуелсіздігімізді аялау міндет екенін де атап кетті.

ҚХА бастамашылық жасаған жобалар осы жылдар ішінде аз болған жоқ. Мысалы, басты мақсаты - жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға және оны болашақ ұрпаққа беруге ықпал етуге арналған елімізде халықаралық танымалдыққа ие болған "Тарихтан белгілі, өткенге тағзым" жобасы. Еліміз үшін тағы бір маңызды халықаралық мәдени жобалардың бірі - "Жібек жолы бойындағы сұхбат". Бұл жобаның арқасында Орталық Азия аймағындағы елдер мен халықтар арасындағы жан-жақты байланыстар жанданып, нығаюда.

ҚХА қызметінің арқасында ұлттық тіліміздің жанашырлары көбейіп, қазақ тілін меңгергендердің саны жыл сайын артып келеді. Осы мақсатта "Мың бала" республикалық мәдени-ағартушылық жобасы жыл сайын жүзеге асырылуда. Өйткені, мемлекеттік тілімізді игеру мен оны зерттеуге ұмтылу - азаматтардың өз еліне және өз мемлекетіне деген қарым-қатынасының көрсеткіші екенін жобаға қатысушылар жақсы біледі.

Онлайн кездесу барысында 2018 жылдан бастап ҚХА-ның "Қазақтану" мәдени-ағартушылық жобасы іске асырылып жатқаны айтылды. Сонымен қатар, ҚХА "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер", "Қазақстанның киелі географиясы" жобаларын іске асыруға белсенді қатысады. Олар өз кезегінде патриотизмді тәрбиелеудің, ұлттың мәдени-генетикалық кодын сақтаудың, жалпыұлттық азаматтық бірегейлікті нығайтудың негіздері болып табылады.

Ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік басқа этностардың мәдениетін бағалай білуге тәрбиелейді. Карантин уақытында Достық үйінің жұмысы түгел онлайн форматқа көшіп, жылдам икемделіп, тіл курстары да тоқтамады.

Өз уақытында ұлы Абай атамыз: "Тар ортада тұйықталған адам рухани кедей болады, ал жалпыадамзаттық қамқорлыққа жеткен адам шынайы жоғары адамгершілік тұлғасына дейін көтеріледі" деп айтудан жалықпаған.

Өз кезегінде Қарағанды облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, "Вайнах" шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев Ассамблея өкілдері тарапынан жасалатын қайырымдылықтың маңыздылығын атап өтті.

– Қазіргі болып жатқан жағдайларға байланысты қайырымдылық пен гуманитарлық көмектің орны өте маңызды. Сондықтан да, біздің еріктілерімізге, этномәдени бірлестіктерге, кәсіпкерлерге және жергілікті атқарушы билікке мұқтаж адамдардың тағдырына немқұрайлы қарамағаны үшін, алғысымды білдіргім келеді, - деді ол.

Осы тұста қайырымдылық институтының дамуына зор үлес қосқаны үшін "Қайырымдылық керуені" жобасын, "Арыс. Біз біргеміз!" жалпыхалықтық жобаларын атап өткен жөн. Бұл қайғылы оқиғаны барлық қазақстандықтар бірге көтеріп, зардап шеккендерді барынша қолдады. Қазақстан халқы Ассамблеясы оларға көмек көрсету жөніндегі штаб құрды. Бұл игі іске барлық этномәдени бірлестіктер бір кісідей атсалысты.

Кездесуде ҚХА мүшесі, "Кәріс этномәдени бірлестігі" облыстық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Ким карантин кезінде біздің отандастарымызға көрсетілген моральдық қолдау туралы айтып берді:

– Карантин жарияланып, барлығымызды үйде болуға шақырған кезде, түрлі бейнероликтер жасап, халықты ережелерді сақтап, тәртіпке бағынуға шақырдық. Біз қазақстандықтарды жан-жақты қолдауға тырыстық. Өйткені, біз біріксек алынбайтын қамал жоқ! - деді.

COVID-19 вирусына байланысты төтенше жағдай кезінде облыстың барлық өңірлерінде ассамблея мұқтаж жандарға

қайырымдылық көмек көрсетіп, #бізүйдеміз, #мыдома, #BizBirgemiz акцияларын ұйымдастырды.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқыны болған кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы оңтүстік өңірге гуманитарлық көмек - азық-түлік пен қажетті заттарды жіберген болатын.

- Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы - бұл өткенге қорытынды жасауға және болашаққа жоспар құруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жүргізіліп жатқан этносаралық қатынастар саласындағы саясатты қайта жүктеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ол үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитет құрылды. Бұдан басқа, этносаралық салада мониторинг және болжамдық-талдау қызметін күшейту мақсатында Үкімет қаулысымен қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Оның негізгі мақсаты этносаралық қатынастар, қоғамдық келісім және бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты зерттеу, әдістемелік және сараптамалық сүйемелдеу болып табылады, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Кездесу барысында облыстық Ішкі саясат басқармасында этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім құрылатыны белгілі болды. Облыстық ҚХА Хатшылығы мен "Қоғамдық келісім " КММ осы басқарма қарамағына беріледі.

– Жалпы осы шараларды іске асыру еліміздің ішкі саясатының бір бөлігі ретінде этносаралық процестерді басқарудың нақты біріктірілген құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Абзал Нүкенұлы.


Бұған қоса, "Кемелденуге арналған жаһандық емтиханнан өту үшін біз ұйымшыл болуымыз керек. Біз барлық қазақстандықтардың арасындағы сенімді нығайтып, бір-біріне толерантты болуға насихаттауға тиіспіз! Этносаралық келісім-бұл тірі оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, оны автоматты түрде жасаймыз-біз өмір сүреміз. Біз өзіміздің бірлігіміз бен этносаралық келісімді сақтауымыз керек…», – деген Елбасының сөзін алға тартты.

– Кездесу қатысушылары осы сөздермен келісетініне және әлеуметтік мемлекет пен ұлттық әл-ауқаттың шынайы, прагматикалық қазақстандық үлгісін қалыптастыруға белсенді қатысатынына сенімдімін, - деп қорытындылады облыс әкімінің орынбасары.


Кейін қарай