Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Мамыр, 2020

1512

Қарағанды: ҚХА саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай онлайн шара өткізді

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ZOOM форматында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дөңгелек үстел өткізді.

Айтулы шара ҚХА-ның «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» - «Память во имя будущего» атты халықаралық мәдени жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, «Азаматтық әлем» халықаралық коалициясының президенті, философия ғылымдарының докторы, академик Қазбек Қазкенов, ҚХА өкілдері мен Қарағанды облысының ҒСТ сарапшылары қатысты.

Ерлан Бейсембайұлы өзінің кіріспе сөзінде: «Қазақстан халқы үшін бұл күн ерекше мәнге ие. Қарағанды облысы жер аударылып, қуғын - сүргінге ұшыраған сан мыңдаған адамдарды пана қылған қасиетті өлкенің бірі болып табылады», - дей келе: «Тоталитарлық зорлық-зомбылықтың бет қаратпас от-жалыны тұтастай алғанда әрбір шаңырақты шарпып өтті десе де болады. Баршамыздың басымызды біріктіруге негіз қалайтын бұл күні біздер, сол бір зобалаң жылдарды бастан өткерген аға буын өкілдерінің ұрпақтары, тарихтың сол бір оқиғаларын естен шығармай, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауына қолдан келгенше атсалысып, ол туралы өскелең өрендердің біліп өсуіне, санасында сақталуына барынша үлес қосуымыз қажет», - деп атап өтті.


Өткен ғасырдың 30-50 жылдары Қазақстан қылышынан қан тамған Кеңестер Одағының әр түкпірінен жер аударылған халықтар үшін ортақ үйге айналды. Күштеп қоныс аударту кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Қазақстанға жарты миллионға жуық адам жаппай жер аударылған. Олар республиканың 12 өңіріне қоныстандырылды. Бір кездері күштеп қоныс аударылған барлық этностар бүгінде Қазақстанның біртұтас халқына айналып шыға келді.

«1997 жылы жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы ретінде аталып өтті, оған қоса Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялау туралы жарлық шығарды. 2011 жылы Жарлыққа толықтырулар енгізіліп, 31 мамыр қазақстандықтар үшін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болды. Белгілі ғалым, саяси қайраткер, бүгінгі күні ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтың басшылығымен «Болашақ» академиясы ұзақ уақыт бойы ауқымды мемлекет тарихында бұрын-соңды болмаған ең бір аласапыран кезеңдердің бірі - саяси қуғын-сүргін фактілерін зерттеумен айналысып келеді. Академия ғалымдары «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасын жүзеге асыруға зор үлес қосты. Бүгінгі таңда Академия ғалымдары зерттеу сипатындағы 3 тілде 40-тан астам кітап шығарды», - деп еске алды шараның модераторы, Қарағанды ​​облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, «Болашақ» академиясының бірінші проректоры, з.ғ.к., профессор Гүлнара Рысмағамбетова.

Жиналысқа арнайы шақырумен келіп қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Қазбек Майлыбайұлы, қуғын-сүргіннің жаппай құрбандарынан басқа, қазақ халқына өзінің ана тілі мен мәдениетін жоғалту қаупі төнгенін атап өте келе: «Мұндай маңызды іс-шаралар радикалды идеология ғасырының өткенін еске түсіру болып табылады, бірақ біз тарих сабақтарынан дұрыс қорытынды шығарып, оларды ұмытпауымыз қажет. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы әлемде болып жатқан үдерістерді тереңнен қайта зерделеудің және Қазақстандағы орасан зор дүниетанымдық идеологиялық жұмыстардың бір бөлігі болып табылады», - деп атап өтті.

Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарының ең сорақысы, өз халқына риясыз қызмет еткен қазақ зиялылары мен мемлекет қайраткерлерінің, олардың ішінде біздің жерлестеріміздің Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Абдулла Асылбеков, Жанайдар Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов сынды және т.б. жазықсыз зардап шегіп, атылғандығы болды.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы аясында деректі фильмдер мен телехабарлар түсіруді және көрнекті саясаткер, заң шығарушы талантты тұлға туралы кітаптар шығаруды, Достық үйінің жанынан арнайы орталық ашуды ұсынды. «Бүгінгі күнге дейін бізде ол туралы бірде-бір мазмұнды монография жоқ. Бұл өте өкінішті, орны толмас олқылық. Біздер, туған халқы үшін отқа да, суға да түскен халқымыздың біртуар азаматын жастардың білуі үшін барлық күш - жігерді біріктіруіміз қажет», - деді ол. Өз кезегінде қатысушылар Нұрсахан Ахметқызының ұсынысына бірауыздан қолдау білдірді.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында жазушы, тарихшы, қуғын-сүргінге ұшыраған саяси қайраткер, «Алашорда» партиясының мүшесі болған, «Қазақ» сөзінің шығу тегі туралы» кітаптың авторы Ілияс Ахметовтың ұрпағы – Фараби Ахметов, Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағат бөлімінің меңгерушісі Ольга Беркун, «Литуаника» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Виталий Тварионас, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ресей немістерінің тарихы мен мәдениетін зерттеушілердің халықаралық қауымдастығының мүшесі Арайлым Мұсағалиева, «Bolashaq» академиясының жалпы білім беру пәндері кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі, өлкетанушы Әлия Аупенова сөз сөйледі. Сондай-ақ, қуғын-сүргінге ұшыраған аға буын өкілінің ұрпағы «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев естеліктерімен бөлісті. Онлайн-кездесу аясында жер аударылған этностарға арналған тарихи-құжаттамалық көрме көрсетілді.


Кейін қарай