Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Сәуір, 2020

1312

Қарағанды мен Қостанай облыстарының ҚХА-лары әлеуметтік жағдайы осал топтарға белсенді көмектесуде

Бүкіл әлем қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатқан уақытта бірлік пен ынтымақты таныту өте маңызды. Бұл жолы да еліміз қиындықтарды жеңетініне күмәніміз жоқ.


Елдегі төтенше жағдайға және Қарағанды ​​облысындағы жарияланған карантинге байланысты көптеген азаматтар, атап айтқанда, аз қамтылған жандар, қоғамның әлсіз тобының өкілдері өздерін қажетті заттармен қамтамасыз ете алмайды.

Осыған орай Қарағанды ​​облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері сын сағатта мұқтаж тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуді қолға алды. Бүгінгі таңда Әнет баба мешітінің орталық штабына, «Қазақстан татарлары мен башқұрттары конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды ​​облысы филиалының төрағасы Шамиль Осин 12 тонна азық-түлік пен көкөніс жеткізді. Сонымен қатар облыстық тәжік этномәдени орталығының өкілдері де гуманитарлық көмектерін аямады.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыстық штабының еріктілері де Аналар кеңесі мүшелерінің қолымен тігілген бетпердені қоғамдық көлік жүргізушілеріне таратып, жедел жәрдем қызметкерлері үшін ыстық ас таратуда. Бұл жұмыс одан ары жалғаса бермек.

Ал Қостанай облысының этномәдени бірлестіктері көп балалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясына қатысып, Тобыл қаласындағы 7 жанұяға көмек көрсетті.


«Жұмыла көтерген жүк жеңіл, біз еліміздегі төтенше жағдайға бейжай қарай алмаймыз. Бір ғана асыраушысы бар, көп балалы немесе қаржылай көмекке зәру отбасыларға қолдау таныту қажет. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған елміз, ортақ міндетіміз - мұқтаж жандарға көмектесу. Біз азық-түлік, тұрмыстық химия жиынтықтарын Тобыл қаласындағы көп балалы және тұрмыс жағдайы төмен жанұяларға табыстадық», - деді корей этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Ульяна Ким.
Акцияға корей, поляк, армян, шешен-ингуш этномәдени бірлестіктері, қырғыз, әзірбайжан, «Ұлы Дала Ұрпақтары Қостанай» қоғамдастықтары қатысты.

Кейін қарай