Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Наурыз, 2016

1073

Ардагерлер хоры Наурыз мерекесін тойлады

«Партнер» баспа үйі мен «Русское землячество» этномәдени бірлестігі «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінің ардагерлер хорын Наурыз мерекесімен құттықтады. Іс-шараның мақсаты – ардагерлерге қамқорлық танытып, оларға көңіл бөлу.

Ардагерлер хоры Маңғыстауға танымал өнер ұжымдарының бірі. Олар 42 жылдан бері халық алдында тамылжыта ән шырқап келеді. Хор құрамында тыл ардагерлері, зейнеттегі мұғалімдер бар.

- Бізді елеп-ескерген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, дейді шарада сөз алған ардагерлер хорының жетекшісі Виктория Франгулова. -Бізді осылай сыйлағанына ризамыз. Ардагерлеріміз сыйлық алып, мәз-мейрам болып жатыр. Келе жатқан наурыз мерекесімен барша маңғыстаулықтарды құттықтаймын. Еліміз аман болсын.

Ардагерлерге мерекелік іс-шара барысында ақ дастархан жайылып, азық-түлік салынған қалталар ұсынылды. «Көпті көрген, абзал жандарға көңіл бөліп, көмектесу әр адамның парызы деп білемін», - дейді ұйымдастырушы, «Партнер» баспа үйінің директоры  Елена Сазонова. - Біз қайырымдылық іс-шараларын жиі ұйымдастырып тұрамыз. Олар 40 жылдан астам уақыт біздің өңірдің өсуіне үлес қосып, аянбай еңбектенген жандар. Бұл іс-шарамызға біздермен қатар кәсіпкерлер де қатысты. 18 ардагерімізге құрмет көрсеттік. Олардың алғысын алу біз үшін зор құрмет.

Ардагерлер хоры да өз кезегінде ән айтып ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

   

 

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай