Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Қазан, 2023

116

Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

2023 жылғы 2 қазанда Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңес отырысының күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмаларын орындау мәселелері, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру контексіндегі ҚР Парламентінің «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының қызметі талқыланды.

Аталған депутаттық бірлестік өз жұмысын ағымдағы жылдың маусым айында бастады. Бұл парламентаризм дамуының жаңа кезеңі, себебі жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелері бойынша палатааралық және партияаралық өзара іс-қимылдың нақты құралы қалыптасты.


Кеңес мүшелеріне Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың, Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақовтың, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттары Н.Жүсіп пен З.Кузиевтің баяндамалары ұсынылды.

ҚХА Төрағасының орынбасары М.Әзілханов Республика күні қарсаңындағы бұл шараның маңыздылығына тоқтала отырып, «Елімізде өткен конституциялық реформа, Президент, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, Ұлттық құрылтай форумдары, «Әділетті Қазақстан» идеясы Қазақстанның дамуына жаңа серпін берді. Бұл әділеттілік векторы, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуының жаңа мүмкіндіктері, қосымша әлеуметтік және саяси лифттер» екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Кеңес бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерін талқылады.

Кеңес отырысы аясында ұйымдастырылған оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрлерінің ҚХА Кеңесінің мүшелерімен кездесуі барысында қатысушылар еркін форматта өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алып, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін қызықтырған мәселелерді талқыға салды.



Кейін қарай