Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Мамыр, 2020

1025

Атырау: Сұрапыл соғыс кезінде танк жасау қорына 50 мың сом жолдаған жомарт ана Самиға Тапалова

Атырау облысы этномәдени бірлестік өкілдерімен «Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналады...» атты эстафетасын облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесі жалғастырды.

Адал ісіне ақы сұрамас еңбекқор жандардың болмыс-бітімі бүгінгі ұрпақтың бағыт алар бағдарына айналары белгілі. Себебі туған жеріне, өскен өңіріне пайда әкелу, қолдау білдіру мақсатында Отанына қызмет еткен жандар қашан да мақтан төрінде, марапат биігінде.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де күрмеуі қиын мәселелерді шешуде айшықты із қалдырған, ұлтымызға тән қасиет – қайырымдылықтың жоғары үлгісін көрсеткен аға буын өкілдері жетерлік. Солардың қатарына Ботақан ауылдық кеңесінің төрайымы, кейіннен Микоян атындағы колхоздың басқарма бастығы болған аудандағы алғашқы қазақ әйелі Самиға Тапалованы әбден жатқызуға болады.

Ол сұрапыл соғыс уақытында жомарттық танытып, жалғыз өзі жеке қаражатынан «Қазақстан колхозшысы» атты танк жасау қорына 50 мың сом ақша жолдаған.

Самиға Тапалова 1905 жылы дүниеге келген. Ел басына күн туған 1942-1948 жылдар аралығында Ботақан ауылдық кеңесінің төрайымы болып сайланып, қиын кезеңде ауылдастарын біріктіруге бар күш-қайратын жұмсайды. Сол кездегі қажырлығына сай «тас қайнататын Тапалова» атанады. 1948 жылы ауылдастары оны Микоян атындағы колхоздың басқарма бастығы етіп бір ауыздан сайлайды.

Ерлерге тән еңбек еткен Самиға Тапалова көп жылдар бойы кеңес пен колхозды басқарған аудандағы алғашқы қазақ әйелі ретінде аудан мен облысқа танылды. Жалғыз ұлы Ғайнеден Қабасов 1943 жылы 8 қаңтарда майданға аттанады, 1944 жылы Ураина майданында қаза болады. Жалғыз ұлы жауды жеңіп елге оралса деген тілекті сағыныштан сарғайған ана өзінің жинаған қаражатынан 50 мың сомды «Қазақстан колхозшысы» танк жасау қорына аударған.

Қарапайым қазақ әйелінің ерекше ерлігі Жоғары Қолбасшыға да мәлім болып, И. Сталиннің қолы қойылған Алғыс хат келеді. Сарғайған қағазда «Жолдас Тапалова, Қызыл Армияға жасаған қамқорлығыңыз үшін алғыс білдіремін, менің сәлемімді қабыл алыңыз! Москва. Кремль. 1943ж. Иосиф Сталин.» деп жазылған екен.


Қайсар ана 1944 жылы жалғыз ұлынан айрылса да қайыспай, ұзақ жыл Микоян атындағы колхозды басқарып, талай социалистік жарыстарда жеңіске жетеді. 1968 жылы інісі Сарбала Жанкеев екеуі Украина елінің Федосеевка селосының маңайындағы бауырластар зиратына жерленген ұлы Ғайнеденнің қабіріне барып, туған жердің бір уыс топырағын салу бақыты бұйырады.

Жар дегенде жалғыз ұлы қан майданда қаза тауып, өзге елде қалса да, қайғыдан қан жұтқан Самиға ана күйіктен еңкейіп қалмай, қайта қайсарлана түскен. Кейінгі жылдары «Көкарна» май зауытының меңгерушісі болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады.

Кейін қарай