Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Наурыз, 2021

688

Атырауда Алғыс айту күні 3 млн. теңге көлемінде қайырымдылық жасалды

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс айтам, қазақ еліне!» атты бірқатар ауқымды мерекелік шаралар өтті.


Достық үйінен бастау алған мерекелік экскурсияға Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушылары қатысып, Достық үйінде орналасқан этномәдени бірлестіктердің шығармашылық орталықтары мен мұражайын аралады.

Одан әрі мерекелік шара Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Алғыс айтам, қазақ еліне!» атты этнос өкілдерінің халықтық қолданбалы шығармашылық көрмесімен жалғасты. Көрмеге этнос өкілдері қолөнер туындыларын, «Ақсәуле» шеберлер клубының қолөнершілері киізден жасалған бұйымдарын ұсынды.


Шешен ұлтының өкілі Алихан Зубариев:

- Мен барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Менің ұлтым шешен. Кезінде жер аударылып келген бабаларымыздың төртінші ұрпағымын. Қазақ тілін үйреніп, салтын ұстанып жүрген мен сияқты жастар өте көп, - деді.

Көрмеден соң Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақтыгүл Хаменова және Ішкі саясат басқарма басшысы Қанат Әзмұқанов этномәдени бірлестік өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді.

Әкім орынбасары барша қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, еліміздің дамуы жолында өңірімізге өз үлестерін қосып отырған, әр қайырымды істің басы-қасында жүрген этнос өкілдеріне алғысын білдірді.

- Мен елордада өткен 22 сессия жұмысына қатысқан едім. Осы кездесуде Елбасы 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Бірақ сол кезде бұл мерекенің маңыздылығын түсінбедім. Кейін ойлап қарасам, Алғыс айту күні – халықтар арасында бір-біріне деген сыйластықты, достықты, татулықты арттыратын ерекше мереке екенін түсіндім, - деді «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зураб Бобохидзе.

Алғыс айту күні қарсаңында өңірде «30 игі іс» марафоны бастау алды. Оны алғаш болып қолдаған кәсіпкерлердің бірі, ҚХА мүшесі Владимир Розметов болды.


Ол аз қамтылған және көп балалы 50-ге жуық отбасыға 40 келіден асатын азық-түлік қоржынымен қайырымдылық көмек көрсетті. Сол сияқты «Сарайшық» ЖШС-нің директоры Тамила Розметова 150 000 мың теңгелік азық-түлік сертификатын аз қамтылған отбасыларға табыстады.

Қайырымды жанның айтуынща, бұл сертификат арқылы айына 15 000 теңге мөлшерінде тамақ өнімдерін алуға болады. Сондай-ақ, Махамбет ауданындағы 20 отбасыға 100 мың теңгелік және Атырау облысындағы аз қамтылған көп балалы 30 отбасыға азық-түлік сертификаты табыс етілді. Аталған отбасылар жыл бойына сертификат бойынша көрсетілген қаражатқа қажетті азық-түліктерін сатып ала алады.

Мереке күні ұйымдастырылған қайырымдылық іс 3 млн теңгені құрайды.

Кейін қарай