Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Желтоқсан, 2020

825

Атырауда ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Кеңес үкіметі жауынгерлерінің ауған жеріне кірген күніне орай Атырау қаласының Достық үйінде “Жаңғыру жолы” жастар қозғалысының белсенді мүшелері дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Аталған шараға ауған соғысының ардагерлері, “Ауған соғысындағы Атыраулық жауынгерлер шежіресі" кітабының авторы Айгүл Ермекова және этномәдени бірлестік өкілдері мен ауған соғысы жауынгерлерінің ерлігіне құрметпен қарайтын ел азаматтары қатысты.

Кеңес одағы кезіндегі ауған соғысы тарихтағы ең ұзаққа созылған соғыстың бірі болды. Ауған соғысы 9 жылға созылып, оған 22 мың қазақстандық қатысып, оның 900 -ге жуығы Атыраудан шақырылған болатын.

Бүгінде облысымызда ауған ардагерлеріне деген құрмет ерекше. Олардың өжет ерлігі қазіргі жас буын өкілдеріне үлгі болмақ. Өйткені ауған жерінде интернационалдық міндетін орындаған жерлестеріміздің батылдығы жастардың бойына патриоттық рух береді.

Осы ұстанымды мақсат еткен “Жаңғыру жолы” қозғалысының белсендісі Қуаныш Юсупов ауған ардагерлеріне, қатысушыларға жастар атынан үлкен ризашылық білдірді.

Сонымен қатар, шараға белсенді атсалысқан жас буын өкілдері Георгий Вавилов, Гаухар Байботаева, Богдан Шевченко және Мадина Еркиновалар ауған жауынгерлерінің ерліктерін баяндайтын әңгімелерге де тоқталып өтті.

Шара соңында ауған ардагерлеріне Ассамблея атынан естелік сыйлықтар табысталды.


Кейін қарай