Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Наурыз, 2021

285

Атырауда өткен семинарда этностардың мәдени бірегейлігін сақтау тәжірибесі айтылды

Атырау қаласының Достық үйінде «Азаматтық жеке тұлғаны қалыптастыру процесіндегі ҚХА-ның рөлі» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Шараға этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, ғылыми-сараптамалық топ, Қоғамдық келісім кеңесі, ақсақалдар кеңесі, медиация кабинетінің мүшелері және «Қоғамдық Келісім» КММ-нің мамандары қатысты.

Семинарда Атыраудағы азаматтық бірегейлік және Қазақстандағы этностардың интеграциясы мәселелері бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері талқыланды.

Сондай-ақ, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев, «Тхониль» кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ли, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зураб Бобохидзе және славян бірлестіктері қауымдастықтары филиалының төрағасы Владимир Заверткин және басқа да этномәдени бірлестік өкілдері этностардың өзіндік мәдени бірегейлігін сақтау тәжірибесімен бөлісті.

«Хиуаз» ҮЕҰ төраға орынбасары, кәсіпкер, тілші Ляззат Әлиева шетелден оралған этникалық қазақтардың азаматтық идентификациясы, интеграциясы және бейімделуі мәселелері бойынша өз пікірін білдірді.

Сондай-ақ, ҚХА ғылыми-сараптама тобының мүшесі, бас сарапшы Жанат Асабаева БАҚ әлеуетін белсенді пайдалану, этномәдени бірлестіктердің қызметі арқылы өңірдегі шетелдік азаматтарға және шетелден оралған этникалық қазақтарға Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру және тарту қажеттігін атап өтті.

Кейін қарай