Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Мамыр, 2020

1882

Атыраудағы Бобохидздер әулеті - көп ұлтты бақытты отбасы

Отбасындағы татулық пен келісімнің қайнар көзі - өзара сыйластық, бірақ одан да маңыздысы – кешіре білу. Бұған көп ұлтты отбасының тірегі атыраулық «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе өте сенімді.


40 жыл бірге. 3 ұл-қыз. 7 немере. Ол - грузин ұлтының азаматы, жары - орыс, ал немерелерінің бойында қазақ пен грузин ұлттарының қаны аралас.
«Отбасымызда балаларымызды грузин мен орыстың әдет-ғұрпымен тәрбиелеп, өсірген едік. Ал, қазір немерелерімізді грузин-орыс-қазақ ұлттарының әдет-ғұрпымен бірге араластырып тәрбиелеудеміз» дейді Зурабтың жары Татьяна. Оған себеп бұл отбасының қызы - қазақ ұлтының келіні, ал жалғыз ұлдары қазақ ұлтының күйеу баласы екен. Зураб Бобохидзе өзінің отбасын кішкентай ассамблея санайды.


Тәрбиелі, өнегелі үлкен отбасы әрдайым Жаңа жыл, Рождество, Пасха, Наурыз тойларын бірге атап өтеді. Халықаралық отбасы күні де балалары мен немерелері бір үлкен мерекелік дастархан басында бас қосты.


Бобохидзе отбасының тарихы 1976 жылы Ақтөбеде басталған. Жары Татьянамен дос болған Зураб Гедеванович Ташкент темір жол көлігі институтының Ақтөбе филиалының студенті, ал жары - дәрігерлікке оқып жүрген кездері болатын. Екеуі оқу бітіргеннен кейін шаңырақ көтерген.

Олардың өмірлерінде әртүрлі қуаныштар мен қиындықтар болды, бірақ олар ешқашан мойымады, керісінше бір-біріне деген сенім мен сыйластық - үлкен, тату шаңырақтың негізін қалады.


«Мемлекет - бұл үлкен отбасы, ал отбасы - бұл кішкене мемлекет және ол махаббаттан құралады», - деген дана сөз бар. 15 мамырдағы Халықаралық отбасы күні - өміріміздегі отбасының маңыздылығын айқындап, жақын адамдарға көңіл бөлуге мүмкіндік береді, деп атап өтті Атырау облыстық ҚХА.

Кейін қарай