Қауымдастықтың жұмысы жаңа деңгейге көтерілуі керек

Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары республикалық қауымдастығының кеңейтілген отырысы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚХА кафедраларының меңгерушілері, Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудағы ҚХА кафедралары мен орталықтарының міндеттері талқыға салынды.


Жиналысты ашқан Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков мұндай деңгейдегі кеңейтілген жиналыстың алғашқы рет өткізіліп отырғанын тілге тиек етті. Кездесудің ұйымдастырылуына мұрындық болған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов кафедра жұмысына оң баға беріп, бүгінде ел аумағындағы жоғарғы оқу орындарында 40-тан астам Ассамблея кафедралары жұмыс жасайтынын айтты. «Мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі болған бірлік пен ынтымақтастық саясатының жарқын көрінісі ретінде Ассамблея қызметін дәріптеу, жас ұрпаққа түсіндіру бағытында көптеген насихат жұмыстары жүргізілуде. Және осы жиынға қатысып отырған елдің барлық аймағынан жиналған ғалымдар мен оқытушылар сол үлкен идеяны, артылған міндетті жүзеге асыруға атсалысып жүр деп білемін», - деді Ерлан Сыдықов.


Ассамблея және оның құрылымдары алдындағы үлкен мақсаттар мен міндеттер туралы сараптаған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Жолдауға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға белсенді қатысу қажеттілігін айтты.

«Қазіргі таңда қоғамда үлкен өзгерістер болып жатыр. Соның бәрін зерделеп, қоғамдық процесстердің дамуына Ассамблея қандай үлес қоса алады деген сұрақтар төңірегінде ойлануымыз керек», - деген Жансейіт Қансейітұлы, сондай-ақ, Ассамблея кафедраларының жұмысын жаңа белеске көтеру мәселесін жан-жақты талқылауды ұсынды.

«Ассамблея Президент Жолдауында басымдық берілген 5 тапсырманың жүзеге асырылуына тікелей қатысатын болады. Бұл - 2025 жылға дейін азаматтық қоғамды дамыту Тұжырымдамасы шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін, көппартиялылықты, пікір алуандығы мен саяси бәсекелестікті арттыру жөніндегі шараларды анықтау, мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі іс-шараларды айқындау, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту жөніндегі Жалпы республикалық жоспарды әзірлеп, бекіту», - деген Жансейіт Қансейітұлы мұндай жауапты іске Ассамблеяның барлық орталықтары мен кафедралары жұмылуы керек деді.

Мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы, өзге тілдердің оның тасасында қалуын білдірмесе керек. Мемлекет алдағы уақытта да Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін, мәдениетін, дәстүрін дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Мемелекеттік тіл мәселесіне тоқталған Жансейіт Қансейітұлы, осы мақсатта кафедраларға Ассамблея құрылымдарына мемлекеттік тілді оқып-үйренуде әдістемелік көмек көрсетуді жүктеді.

Өткен күндерге шегініс жасар болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы кафедрасы 2013 жылдың 28 маусымында елордада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашылған болатын. Араға бір жыл салып, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары республикалық қауымдастығы құрылды. Және оның құрамына еліміздің үздік жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде құрылған 42 кафедра енді.

Алайда, ҚХА кафедралары аяғынан нық тұрып, білім беру жүйесіне енгізілгенімен, бүгінге дейін шешімі табылмай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Кездесу барысында Жансейіт Қансейітұлы бұл мәселелерді атап көрсетті.

«Біріншіден, кейбір жоғарғы оқу орындарында ҚХА кафедраларының статусы әлі де төмен деңгейде. Бұл туралы бұрыннан айтып келеміз. Алайда, кейбір университеттерде гуманитарлық тәртіп жөніндегі кафедраларға «ҚХА» жалғауын жалғай салып, дүбәра кафедралар құрылуда. Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары республикалық қауымдастығының үйлестіруші рөлін күшейту қажет. ҚХА кафедралары мен орталықтары дәріс оқумен және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен көбірек айналысады. Бұл әрине қажет жұмыс, дегенмен, ҚХА кафедралары мен орталықтарының әлеуеті Ассамблея қызметінде толық деңгейде пайдаланылмай отырғанын мойындауымыз керек. Әсіресе бұл әдістемелік, талдамалық материалдарға қатысты. ҚХА кафедраларын ақпараттық жұмысқа тарту керек. Мұның барлығы қауымдастықтың жұмысын жаңа деңгейге көтеретін уақыт жеткенін аңғартады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Қауымдастық қызметінің ақсап тұрған тұстарын атап өткен Жансейіт Түймебаев осыған байланысты алдағы уақытта басымдық берілуі керек бағыттарды атап өтті.

Жансейіт Қансейітұлы бірінші кезекте, білім және ғылым министрлігіне ҚХА кафедралары мен орталықтарының дербестігін көтеру жөніндегі шараларды қабылдауға ықпал етуді және Ассамблея кафедраларының қауымдастығына қызмет барысында үйлестіру ісіне көңіл бөлуді ұсынды.

«Қауымдастықтың үйлестіру жұмыстарымен айналысатын өз Хатшылығы болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, ұйымдастыру жұмыстарын жаңартып, жолға қою керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы. Сондай-ақ, Жансейіт Түймебаев Қауымдастықтың көпшілік жұмысы ел назарында болуы керек екендігін де ескертті.

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Back to the list