
20 Сәуір, 2020
930
Айгүл Сәдуақасова: Заманның жаңа міндеттері
Заман мың құбылып тұр. Күні кешегі ұзақ мерзімді бастамалар аз уақытта шырқау шегіне жетіп, кенет туындаған ахуалдар кейбір қалыптасқан ұстанымдарды жаңартуды, толықтыруды талап етуде. Соның әсерінен жалпы адамзат өркениет, жеке елдер мен халықтардың болмысын айқындайтын факторлардың барлық спектрі бойынша жаһандық және жергілікті өзгерістердің трендтері күн тәртібіне шықты.
Жалпы әлемге ортақ оқиғалар – коронавирус пандемиясы, мұнай нарығындағы бағалар шайқасы, әлемдік рецессия Қазақстанда да өмірдің әр саласында өзгерістер тізбегінің басталуына себепші болды. Коронавирустың таралу қаупіне байланысты жарияланған карантин елдің басқару, әлеуметтік, экономикалық, технологиялық, адами ресурстарын жұмылдыру тетігіне айналды.
Мемлекет саясатының әлеуметтік векторы дәстүрлі либералдық үлгі шеңберінен шығып, әлеуметтік мемлекеттің конституциялық принципі шынайы өмірде алдыңғы қатарға шықты. Сонымен қатар бүгінгі күннің сұраныстарына жауап бере алатын жаңа тәсілдер мен әдістердің қажет екендігі айқын көрінуде. Бұған біз Қордай оқиғасы кезінде көз жеткіздік. Өткен оқиға қазақстандық социумның тағы бір проблемалық жағын көрсетіп қана қойған жоқ, ол мемлекеттің мұндай іске тез назар аударып, шешім қабылдай алатындығының көрсеткіші болды.
Осы ретте мына жайды баса айтуымыз керек: көп этносты қоғам ретінде Қазақстан үшін бірлік мәселесі қашанда басты мәселе болған және солай болып қала береді. Ал әлемде де осыған ұқсас қақтығыстардың болып тұруы бұл бағытта тиісті қадамдар жасалуы керек екендігін айғақтайды.
Бірлік мемлекеттік құрылыс, қоғамдық дискурс, азаматтардың өз мәртебесі мен қоғамдық үдерістердегі орнын жеке қабылдауы деңгейінде құрылады. Біріктіруші құндылықтардағы ортақ түсіністікке қол жеткізу қоғамдағы бірлік пен келісімнің, жаңартылған қоғамдық шарт негізінде қалыптасқан тығырықтан шығудың жолы болып табылады.
Қоғамда қазақстандық бірегейлік үлгісі, оның қандай құндылықтарға негізделуі керектігі және қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясат қалай жүзеге асырылып жатқандығы қызу талқылануда. Қазіргі кезде бұл үдерістердің қоғамдық сананы жаңғыртумен байланысты екендігі және оның ажырамас бөлігі болып табылатынын ескеру қажет. Бірегейлікті, ұлт бірлігін және қоғамдық сананы жаңғыртуды түсінуде сан түрлі пікірлер бар. Олардың негізінде «азаматтық ұлт» түсінігінің өзіне этностық, мәдени, тілдік бірегейлікті қаншалықты сыйғыза алатынын түсіну бар.
Біздің ойымызша, ең алдымен, азаматтық ұлт дегеніміздің өзі саяси және мәдени деп аталатын екі компоненттен тұратынын түсіну қажет. Мемлекеттік саясатта осы компонентке қатысты идеологиялық құрылымдарды қалыптастыруда тепе-теңдік сақталуының маңызы зор. Саяси және мәдени тұрғыдан алғандағы этностық компонент ұлт пен мемлекеттің өзіндік ерекшелігі мен бірегейлігін сақтайтын ядро болып табылады. Қазіргі қоғамда ол технологиялық, зияткерлік компоненттерге сауалнама жүргізу есебінен қарапайым, тіпті прагматикалық заттардан көрінеді. Оның ішінде еңбек этикасы, құқықтық мораль және басқару мәдениеті де бар.
Тағы бір маңызды мәселе – бірегейлендіру үдерісі – бұл ұрпақтар байланысы. Ұрпақтардың тарихи байланысы қазіргі және болашақ қалыптасатын жадтың іргетасы, бастапқы конструкциясы болып табылады. Ол қазақстандықтардың барлық буындарына тән қасиеттердің, әдеттердің, құндылықтардың және менталдық ұстанымдардың жиынтығынан тұрады. Өзінің тарихи аумағындағы қазақтардың автохтондылығын ескере отырып, қазақ халқының тарихи жады мен санасы, ал белгілі бір тарихи кезеңнен бастап, елімізді мекендейтін барлық этностардың тарихи жады мен санасы – ұлттық сана-сезімнің негізі ретінде мұраны байланыстырушы негіз болып табылады.
Бұл жерде отбасы мен білім беру институты арқылы тәрбие және білім беру жүйесі маңызды рөл атқарады. Білім беру институтына білім жинағын беру жүйесі ретінде емес, ұлтты мәдени толықтыру институты ретінде қарау қажет. Қазіргі жағдай ерекшелігіне сәйкес қашықтан оқыту мүмкіндіктеріне бағдарлану білім және тәрбие берудің стратегиясы мен философиясын ұлт қалыптастырушы институт ретінде әзірлеу талап етіледі.
Тап осы білім және тәрбие беру институты қоғамдық қарым-қатынастардың этностандырудан интермәдениеттілікке эволюциялық жолмен көшуін жаңғыртуды жүзеге асыра алады. Бұл қазақ халқының түрлі мәдениеттердің өкілдеріне деген ашықтығы мен қызығушылығын білдіретін менталдық ерекшелігінің арқасында жүзеге асады.
Жаңа тарихымызда біз әлемнің түрлі елдерінде ашықтығымыз бен бейімделушілігімізді көрсетіп жүрміз, бұл полимәдени кеңістіктегі қарым-қатынастардың тарихи жадымызда сақталуының арқасы. Қазіргі заманғы адам үшін бұл – өзінің күнделікті қабылдау моделін, ойлау ерекшелігін, сезімдері мен мінез-құлқын нақты бағалауға мүмкіндік беретін мәдени және әлеуметтік капитал. Дәл осы қасиеттер бүгінде қазақтардың көп этносты және көп конфессиялы қоғамда біріктіру миссиясын атқаруына мүмкіндік береді. Міне, сондықтан да қазір Қазақстанның барлық этностарының интеграциясы мемлекеттік саясат бағытталуы тиіс қоғамдық трендтердің бірі болуы керек.
Интеграция дегеніміз – бұл тиісті бір ортаға, қоғамға көптеген қатысушыларды тартудың серпінді процесі. Бұл алуан түрлі қоғамның барлық мүшелерінің экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірге тиімді қатысуын қамтамасыз ететін болады. Интеграция маңызды міндетті шешеді – ол адамның жалпымемлекеттік және жергілікті деңгейлерде өзінің қатысы бар, тиістілік сезімін дамытуға ықпал етеді. Және мұны қоғамның барлық мүшелері қолдайды әрі ол өзінің сипаты бойынша инклюзивті болып табылады.
Бүгінде этносаралық қатынастардың барлық жүйесін жаңғыртуға, осы мәселедегі мемлекеттік саясатта жаңа жүйелі көзқарасты қалыптастыруға үлкен қоғамдық сұраныс қалыптасты. Сондықтан ел басшылығы алдымызға мемлекеттік этносаясаттың жаңа тиімді тетіктерін әзірлеу, қолда барды жаңғырту және оған азаматтардың қатысуын жандандыру бойынша жедел міндеттер қойып отыр.
Мұндай жұмыс, мемлекет пен қоғамның зияткерлік және басқару ресурстарын тарта отырып, қазір қарқынмен жүргізілуде.
Бұл мәселеде бір-бірімен тығыз байланысты екі құрамдас бөлік бар.
Біріншіден, этносаралық қатынастар, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік басқаруды күшті, әрекетке қабілетті уәкілетті орган жүзеге асыруға тиіс.
Осы функциялардың көпшілігін қамтамасыз еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының күшті жағы елдің барлық этностарының азаматтық интеграция процестеріне дайын болуын қалыптастыру болып табылады. Аталған мәселеде Қазақстанның этностық ортасында одан басқа балама жобалар жоқ екендігі – Ассамблея қызметінің табысты екендігінің дәлелі.
Білім, мәдениет, сыртқы вектор, қазақстандық қоғам интеграциясының мәдени, экономикалық және әлеуметтік негіздері салалық мемлекеттік органдардың этносаралық өзара іс-қимылға міндетті түрде қатысуын талап етеді. Мысалы, мемлекеттік тілді меңгеру мәселесінде негізгі рөлді білім саласы атқаруға тиіс, онда әрбір орта мектеп түлегі қай этносқа жататындығына қарамастан, мемлекеттік тілде функционалдық сауаттылық деңгейінде сөйлей алуы, оқуы және жаза білуі тиіс.
Тап осы уәкілетті орган – мейлі ол Этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі комитет немесе арнайы агенттік болсын – барлық мемлекеттік органдардың этносаралық қатынастар саласындағы жұмыстарының алуан түрлі спектрін жүйелі және дәйекті түрде біріздендіріп, бағыттап отыруға тиіс.
Екіншіден, қолданбалы этносаясат мәселелері бойынша мықты талдамалық инфрақұрылым – «ақыл-ой орталығы» қажет.
Этносаралық қатынастар – бұл экономикалық, мәдени, әлеуметтік, саяси және т.б. ықпал ету факторларының зор ауқымы жинақталу және белгілі бір жаңа сапалық өзгеріске түсу нүктесі.
Осы жағдайлар ескеріле отырып, мемлекеттік этносаясат терең пысықталған, ғылыми негізделген және тексерілген сипатқа ие болуы тиіс.
Ахуалды ғылыми талдау және дамудың болжамды сценарийлері жүргізіліп отырған саясатта пайдалануға бағытталуы тиіс. Көп этносты қоғамда жанжалдардың пайда болу қаупі қашанда болады. Өкінішке қарай, біз осындай құбылыспен бетпе-бет келдік. Мемлекеттік саясат олардың алдын алуға жұмыс істеуі үшін талдамалық жұмыс тұрақты мониторингтік қарқынды деректерге, сапалы зерттеулерге құрылып, көлемді деректерді талдауға арналған заманауи талдамалық өнімдер пайдаланылуы қажет.
Болашақта бізді бұл бағытта ауқымды, аса көп жұмыс күтіп тұр.
Бірінші кезекте, елімізде этносаралық қатынастарды одан әрі дамытудың мемлекеттік пайымы мен тәсілдерін айқындайтын тұжырымдама деңгейіндегі стратегиялық құжат қажет. Алдымызға осындай міндет қойылды.
Әрине бұл құжатта жобалық басқару, болжаудың сценарийлік әдістері сияқты жаңа мүмкіндіктер мен әдістер, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚХА-ның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің жинақталған тәжірибесі сөзсіз көрініс табуы тиіс.
Мемлекетімізде жарияланған карантин біздің бәрімізге белгілі бір кідіріс жасауға – алдағы дамудың ең жаһандық және өзекті мәселелерін ұғынуға мүмкіндік береді. Өйткені карантин бір кездері аяқталады. Сөйтіп, біздің ортақ дамуымыздың табыс кепілі – бірлігімізді нығайту бойынша қауырт және маңызды жұмыстың жаңа кезеңі басталады.
Айгүл Сәдуақасова,
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы
Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және
конфессияаралық қатынастарды зерттеу
орталығының басшысы
Ұқсас жаңалықтар
-
«Ассамблея жастары: Жаңа толқын, жасампаз буын»тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы III Республикалық жастар сессиясы өтті
-
ЖАҢА ӨМІРДІҢ ЖАРҚЫН БАСТАМАСЫ
-
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзі
-
Жаңа 2025 жыл құтты болсын!
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында болған қайғылы ұшақ апаты туралы жаңалықты күйзеліспен қабылдады
-
Жаңа оқу жылы қарсаңында Жетісу облысында ҚХА өкілдері «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды
Ұқсас жаңалықтар
-
«Ассамблея жастары: Жаңа толқын, жасампаз буын»тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы III Республикалық жастар сессиясы өтті
-
ЖАҢА ӨМІРДІҢ ЖАРҚЫН БАСТАМАСЫ
-
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзі
-
Жаңа 2025 жыл құтты болсын!
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында болған қайғылы ұшақ апаты туралы жаңалықты күйзеліспен қабылдады
-
Жаңа оқу жылы қарсаңында Жетісу облысында ҚХА өкілдері «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды