Қазақстан – Болгария: 27 жыл мінсіз ынтымақтастық

Статистикаға сәйкес бүгінгі таңда Павлодар облысында шамамен 1000 болгарлықтар тұрады екен. 


Осы ұлт арасында педагогтар, құрылысшылар, дәрігерлер, басшылар, кәсіпкерлер және саясаткерлер де баршылық. Олар тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі үшін білімін, білік-дағдыларын және барлық күш-жігерін салған. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен болгарлықтарға өз тілін үйрену, салт-дәстүрлерін дамыту және жаңғырту үшін барлық жағдай жасалған.

Орталық құрылған 2002 жылдан бастап Қанат Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде Болгариядан арнайы келген оқытушылар еңбек етуде. Осы педагогтар жас ұрпақ өз бірегейлігін біліп, мақтан етуі үшін күш-жігерін салуда.


Бүгінгі таңда Валентина Николаевна Шатова басқаратын «Славяне» облыстық болгар ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі осы өңірдегі болгар ұлттық мәдениетіне, ана тіліне, осы этностың тарихына баулитын орталық болып табылады. Мұнда өз елінің салт-дәстүрлері дәріптеліп, Павлодар өңірінде тұратын басқа да этностардың мәдениетімен өзара іс-қимыл жолға қойылған. Шығармашылық ұжымдар құрылып, жұмыс істейді. Олар Қазақстан халқының мәдениеті мен өнеріне арналған фестивальдердің, халық шығармашылығы көрмелерінің лауреаттары мен жеңімпаздары болған.


Қанат Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде болгар бөлімі бар. Мұнда жастар мен балалар Болгариядан келген мұғалімнің көмегімен ана тілін үйреніп, тарихи Отанының мәдениеті және әдебиетімен танысады. Орталықта сонымен қатар хореографиялық және вокалдық топтар, Ақсақалдар кеңесі, жастар қанаты, «Родна стряха» клубы жұмыс жасайды.

Бұл ұжымдар бірлесіп Қазақстанның мемлекеттік мерекелерін де, «Баба Марта», «Лазарица», «Енев день» сияқты дәстүрлі болгар халқының мерекелерін де және басқа да мейрамдарды атап өтеді.


Қазақстан мен Болгарияның достық қарым-қатынасына біраз жыл болды. Болгар ұлттық-мәдени орталығы Болгарияның Қазақстандағы елшілігімен, сондай-ақ Тырнов университетімен тығыз байланысты жолға қойған. Мектеп түлектері жыл сайын Болгарияның жоғары оқу орындарына түскен кезде болгар тілі, тарихы бойынша жақсы білімдерін көрсетуде. Кейіннен олар София, Русе, Варна, Благоевград қалаларындағы университеттерде білімдерін жалғастырады.


Болгарияның Вице-Президенті Илияна Йотова Павлодар облысына сапары барысында осы бағыттағы тың өзгерістердің куәгері болды.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов Болгариядан келген делегацияны Достық үйімен таныстырды. Кейіннен өткізілген дөңгелек үстелге жергілікті болгарлық қоғамдастық (Ақтоғай және Ертіс аудандары) өкілдері де қатысты. Сонымен қатар ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырылды. Бұл ретте жоғары мәртебелі қонақ Илияна Йотова қазақтың ұлттық тағамдарының көрмесіне қатысып, емдік шипа сусын – қымыздың дәмін татты.


Атап өту керек, ең алғашқы болгарлықтар Павлодар облысының аумағына 1907-1908 жылдары қоныс аударған. Олардың келуімен Разумовка және Андрияновка деген екі жаңа ауыл пайда болған екен.

2007 жылы болгарлықтардың қазақ еліне қоныс аударғанына 100 жыл толуына орай Ақтоғай ауылында ескерткіш-стелла орнатылған болатын. Қазіргі уақытта Павлодар облысының аудандарында, яғни Ертіс және Ақтоғай аудандарында болгар мәдени орталықтарының филиалдары белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы филиалдарды Дымова Тамара Владимировна және Попенко Мария Васильевна басқарады.


Өзінің кіріспе сөзінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов: «Павлодар облысының Достық үйінің ғимаратты 2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, осы қоғамдық институттың негізін қалаушы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашқан болатын. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жиырма бес жылдық қызметі ішінде мемлекеттік басқару және реттеу деңгейіндегі бүкіл міндеттерді шешу, біздің ұлттық саясатымызды жетілдіру ісіне қатысатын қоғамның белсенді саяси, шоғырландырушы күшіне айналды. Біздің елімізде санына қарамастан кез келген этнос Қазақстандық қоғамның маңызды әрі үйлесімді бөлігі болып табылады.


Қазақстан мемлекетін құру ісіне қатыса отырып, өзінің рухани қажеттілігін қанағаттандыру, өз ерекшелігін сақтау, өзін жетілдіру үшін осы этнос өкілдеріне бүкіл мүмкіндіктер берілді. Қазіргі уақытта Павлодар облысында Ассамблея құрамында 24 этномәдени бірлестік қызмет етеді. Ал өңір бойынша олардың саны жүзден асады. Осы бірлестіктер жанында 600-ден астам қатысушылары бар 50 шығармашылық ұжым жұмыс істейді.


Бүгінде осы залдағы жиынға этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ақсақалдар алқасының» мүшелері, Ассамблеяның Жастар қанаты, Қанат Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінің ұстаздары қатысып отыр. Олар этносаралық келісімді сақтауға, ұлтжандылық сезімін тәрбиелеуге бағытталған ауқымды жұмыс жүргізуде. Бұл өз еліне деген махаббатынан, мақтанышынан, оның тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін дәріптеуінен байқалады. Біз кең байтақ отанымызда тұратын халықтың осы әлеуетті сақтауына деген ынтасын одан әрі де қолдайтын боламыз.»,-деп атап өтті.


Асхат Оралов құрметті қонақ Илияна Йотоваға ескерткіш ретінде Қазақстан халқының ән және аспаптық шығармашылығының музыкалық антологиясын сыйға тартты. Бұл антологияда 100-ден астам этностың музыкалық мұрасы жинақталған. Аталған басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім халық шығармашылығының әртүрлі жанрымен таныстырады, онда әрбір этнос музыкасының өзіндік ерекшелігі мен бірегейлігі ашылады.Ал екінші бөлім музыкалық фольклордың ең үздік түрлерін қамтитын 28 CD- дискіден тұрады.


Салтанат залында өткен мерекелік концерт аталған іс-шараның шарықтау шегі болды. Болгар этномәдени орталығының «Лазарки» вокалдық ансамблі орындаған «Көзімнің қарасы» әні көрермендердің көңілінен шықты.

Концерттік бағдарлама «Росна китка» би ансамблінің, поляк этномәдени бірлестігінің «Нарциз» вокалдық ансамблінің, неміс этномәдени бірлестігінің «Вир» халықтық вокалдық ансамблінің, кәріс этномәдени бірлестігінің «Анен» хореографиялық ансамблінің, шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Даймохк» хореографиялық ансамблінің, фин-угор этномәдени бірлестігінің «Самрұқ» хореографиялық ансамблінің, Б.Бектемировтің, П.Петровтің және «Достық үйінің» жиынтық вокалдық ансамблінің әсерлі әндері және билерімен жалғасты.


Бір шаңырақ «Достық үйінде» бас қосқан бірнеше этнос өкілдерінің күшімен қойылған мерекелік концерт барлық көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Материалды әзірлеген Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.




Back to the list