Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Сәуір, 2022

384

Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясы қарсаңында ауқымды эксперттік дискуссиялар өтті

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI-сессиясы аясында сессияға шығарылған мәселелер төңірегінде ауқымды эксперттік дискуссиялар өтті. Сессия алдындағы дискуссиялар үш панельдік секцияларда өрбіді.

Секциялар жұмысын ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов "Іс-шараның мақсаты — ортақ мүдде - Жаңа Қазақстанды құру бағытында ұлт бірлігін нығайту мәселесін қарастырып, жүйелі өзгерістерге екпін беріп, мемлекет құрылысының жаңа кезеңіндегі этносаясат мәнін талқылау және бұл бағытта халықтың үлесін айқындау" екендігіне тоқталды.

Дискуссия алаңында Ассамблея мүшелері және шақырылған сарапшылар мен қонақтар пікір алмасты.


Секция жұмысы еркін форматта өрбіді. Оның барысында әрбір қатысушы Жаңа Қазақстан идеалдары төңірегінде елді біріктіру, саяси реформаларды талдау мен қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен ауызбіршілікті нығайту, мемлекеттік тілдің біріктіруші қызметі, рухани тәрбие т.с.с мәселелер жайында өз пікірін білдіруге мүмкіндік алды.

Күннің бірінші жартысында 2 секция өтті. Бірінші секция аясында саяси реформалар мен жалпыұлттық бірлік, сондай-ақ, қазіргі тарихи кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясын модернизациялау мәселелері талқыланды. Екінші секция жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында білім, мәдениет, азаматтық қоғам институттары және mass media қызметін ашу мәселелеріне арналды.

Секцияларға ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттары, саясаттанушылар, танымал сарапшылар, этномәдени бірлестіктердің көшбасшылары, журналистер, сондай-ақ, ғылыми-сараптамалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.


Спикерлер жоспарланған саяси реформалар билік пен халық арасындағы тиімді коммуникацияны қамтамасыз ететінін, ұлттық құрылыс процесіне жаңа

серпін беретінін атап өтті.

Сөз алғандар қазақстандықтардың Тәуелсіздік тарихындағы күрделі кезеңдердің бірін бастан өткергендігіне назар аударды.

Қазақстан халқы бүкіл ел мен қоғамды түбегейлі жаңарту жолында бірігу қажеттігін ұғына отырып, осы кезеңнен сабақ алды.

"Біздің халқымыз тарихи кезеңдерде өзінің даналығы мен күшін талай көрсетті. Егер біз бірлігімізді сақтап қалсақ, қазақстандықтар ең күрделі сын-қатерлерге де лайықты төтеп бере алатынына сенімдімін", - деп атап өтті өз сөзінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов.

Күннің екінші жартысында "Болашаққа

бірге" ұранымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар сессиясы өтті.

Секция аясында жастармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері және оны топтастыру, жастар бастамаларын дамыту, жастарды жасампаз және әлеуметтік қызметке тарту, жастарға жақын қарым-қатынас әдістері арқылы жастармен тілтабысудың маңызы туралы айтылды.

Сондай-ақ, бүгін секциялық пікірталастардың алдында ҚР Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына ҚХА атынан ұсынылатын депутатты сайлауға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы өтті.

Дауыс беруге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Ассамблея мүшелері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беру қорытындысы бойынша Закиржан Кузиев ҚХА мүшелерінің 60,94 % дауысын (259 дауыс) жинап, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. Екінші үміткер Виталий Тварионас 30,12 % дауыс алды.

Ағымдағы жылдың 29-сәуірінде ҚР Президентінің төрағалығымен "Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі" атты Қазақстан халқы Ассамблеяның XXXI-сессиясы өтеді.

Кейін қарай