Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Ақпан, 2020

3027

«Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі тағайындалды

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль тағайындалды.

Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы құрметіне ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын.

2. Қоса беріліп отырған: 1) «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары; 2) «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етуге, ел тәуелсіздігін, қазақстандық қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, конституционализмнің идеялары мен қағидаттарын қалыптастыруға және дамытуға елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтары наградталады.

Мерекелік медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары, Үкіметі, Конституциялық Кеңесі, Жоғарғы Соты, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер енгізеді.

Мерекелік медальды Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады. Мерекелік медальды Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша:

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;

2) Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.

Мерекелік медальдың белгісі алтын түстес жезден жасалады, диаметрі 34 мм дұрыс шеңбер болады. Мерекелік медальдың беткі жағында (аверсте) бірінші көріністе Қазақстан Республикасының Конституциясын білдіретін, ортаңғы бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналасқан ашылған кітаптың бейнесі жасалған. Кітаптың астында көгілдір эмальмен құйылған «25 ЖЫЛ» деген жазу орналасқан. Аверстің барлық реңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен түстес эмальмен құйылған. Шеңбердің ішінде аверстің шетін бойлай «ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫНА» деген жазу бар.


Аверстің төменгі бөлігінде ұлттық ою-өрнек бейнеленген. Мерекелік медальдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы әрі жылтырақ. Мерекелік медаль құлақша мен шығыршық арқылы ені 32 мм және биіктігі 50 мм алты бұрышты тағанмен жалғасады. Таған ені 32 мм көгілдір түсті жібек қатқыл лентамен қапталған. Лентаның ортасында ені 8 мм сары жолақ өтеді. Тағанның сыртқы жағында бұйымды киімге бекітетін визорлы бекіткіші бар түйреуіш орналасқан.

akorda.kz

Кейін қарай