Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Қыркүйек, 2019

3728

Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы – өркендеу жолындағы 30 жыл

Келесі жылы Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы (ҚКҚ) 30 жылдығын атап өтпекші. ҚКҚ 1990 жылы тарихтың аумалы-төкпелі кезеңінде – Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақстан егемендігі мен тәуелсіздігін жариялайтын уақыт жақындаған кезде құрылды. Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының басты мақсаты – кәрістер этносын Қазақстанның көпұлтты халқының құрамдас бөлігі ретінде дамыту. 


Жандану кезеңінде

Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы жылдан жылға ұлттық мәдениетті дамыту мен жандандыруға, сондай-ақ кәріс халқының тілін, мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрлерін үйретуге қомақты үлесін қосып келеді. Жылдар бойына қалыптасқан жүйелік тәсілдер арқасында ҚКҚ қызметінің бағыт-бағдары айқын, алдына қойған міндеттері нақты. Сонымен қатар ол елімізде жүргізіліп жатқан үрдістерге белсене қатысуда.


1990 жылы Қауымдастықтың алғашқы басшысы ретінде көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер, ғұлама ғалым, профессор – Гурий Борисович Хан сайланған болатын. Сол кездері ұлттық сана-сезім енді жаңғырып, әр ұлттың мәдениетіне, тіліне ерекше назар аударыла бастаған. Әртүрлі кәріс ұйымдары құрылып, өңірлерде филиалдар жұмысы жанданады. Қоғамдағы әртүрлі дәрежедегі адамдар: зиялы қауым, ғалымдар, өнеркәсіптегі адамдар, шаруалар кәріс қоғамдық қозғалысының белсенді мүшелеріне айналды. Қазақстандық кәрістер мүддесінің бір арнаға тоғысқаны сезіле басталды.


- Еліміздегі және одақтас елдердегі басты экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси өзгерістер 1985 жылғы Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық комитетінің сәуірдегі Пленумынан бастау алған болатын. Аталған жиында дамудың жаңа саяси тұжырымдамасы баяндалды. Бұл, тұтастай алғанда, жаңа идеологияның туындауына, оның ішінде ұлттық сана-сезімнің дамуына түрткі болды,- деп атап өтті Гурий Борисович.


Өңірлерде кәріс тілін оқыту курстары ашыла бастайды. Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының бастамасы бойынша кәрістер көптеп тұратын өңірлердегі жалпы білім беру мектептерінде кәріс тілі міндетті бағдарламаға енгізілді. Кәріс мәдениетінің бірегей ошақтарын – Мемлекеттік республикалық кәріс музыкалық комедия театры мен «Коре ильбо» республикалық газетін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда кәріс театры мен газеті тек кәрістердің ғана емес, сонымен бірге бүкіл қазақстандықтардың мәдени мұрасы болып саналады. Осындай бай тарихы бар мекеме бүкіл дүниежүзінде жоқ десек, артық айтпаймыз. Себебі, биыл газет 96 жылдығын, ал академиялық театр дәрежесіне жеткен кәріс театры 87 жылдығын атап өтпекші. Театр мен газеттің сақталып, Қазақстанда табысты өркендеуі – еліміздегі ұлтаралық саясаттың арқасында екені баршаға мәлім.


Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде депортацияланған кәрістер құқығына ерекше көңіл бөлінді. Гурий Борисович Хан Қазақстан Халқы Ассамблеясының Бірінші Кеңесінде сөз сөйлеу құрметіне ие болды. Ол өз сөзінде азаматтарды ақтау мәселесін заңды түрде шешу туралы проблеманы көтерді. Содан кейін Елбасының тапсырмасы бойынша депортацияланған азаматтарды ақтау туралы құжат заңнамалық деңгейде қабылданған болатын.

1995 жылы Қауымдастықты Юрий Андреевич Цхай - белгілі жаттықтырушы, ірі бизнесмен, Парламент Сенатының IV және V шақыруларының депутаты сайланды. Юрий Андреевич басшылық жасаған кездері ұйымның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылды, мәдениетті, жастарды, білім беру саласын және т.б. қолдауға бағытталған жобалар іске асырыла бастады.


2004 жылы Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының 15 жылдығы қарсаңында Алматыда Кәрістер үйі салынған болатын. Бұл қаланың Орталық саябағында орналасқан бірегей ғимарат. Осы Кәрістер үйінде Қауымдастық кеңсесі, кітапхана, би студиясы, «Коре ильбо» газетінің редакциясы, «Қазақстандағы кәрістер жастар қозғалысы» және «Korean house» мейрамханасы орналасқан.

– Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап кәрістер еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының өкілдері пайда әкелетін болса, мұндай мүмкіндікті қалт жібермеу керек, – дейді Юрий Андреевич Цхай.


Кәрістер – қазақстандық қоғамның үйлесімді бөлігі

2007 жылы Роман Ухенович Ким Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының президенті болып сайланды. 2012 жылдың қаңтарында Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезектен тыс XVIII сессиясында Роман Ким ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Қауымдастық мемлекеттік органдармен, Қазақстан Халқы Ассамблеясымен жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра білді, республикадағы ең тиімді этномәдени бірлестіктердің біріне айналды, шешетін міндеттері айтарлықтай кеңейді.


Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының қызметіне қарай отырып, қазіргі уақытта Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің қызметі диаспоралық мүдде, мәдениет, этносаралық сала мәселелерінен тыс ауқымды міндеттерге негізделгенін нық сеніммен айтуға болады. Қауымдастық Президент жолдауларын іске асыруға, «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты стратегиялық мақаланы іс жүзінде жүзеге асыруға белсенді қатысады. Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы мемлекетіміздің серпінді дамуына бағытталған ауқымды міндеттерді орындауға ат салысады. Қауымдастық көптеген жобаларға бастама жасап, ең алдымен жалпымемлекеттік міндеттерді шешуге және бірлікті, бейбіт өмірді, тұрақтылықты нығайтуға бағытталған әртүрлі іс-шаралар өткізеді.


Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде елімізде тұрып жатқан этностар Қазақстан мен өздерінің тарихи шыққан елдерінің арасындағы «тірі көпірге» айналуы тиіс деп бірнеше рет атап өткен болатын. Кәрістер қауымдастығы осы сөздерді басшылыққа алып, іс жүзінде жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келеді.

Бүгінгі таңда еліміздің экономикасын табысты дамыту үшін дамыған елдердің, соның ішінде Корея Республикасының тәжірибесін негізге алып, ақпарат, технология алмасу және білікті мамандарды даярлау бойынша ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Қазақстандық кәрістер Корея Республикасымен және басқа де елдердегі қандастарымызбен халықаралық байланысты қалыптастыруда байланыстырушы буын болып табылады.ҚКҚ инновациялар трансфері, инвесторларды тарту, жаңа бірлескен кәсіпорындар құруда белсенді ат салысуда.


2017 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының құрылтай съезінде қоғамдық ұйымның жаңа басшысы ретінде Сергей Огай сайланды, ол бұрын вице-президент лауазымын атқарған болатын. Жаңа басшы келген соң, Қауымдастықтың заңды мәртебесі де өзгерді. Қауымдастық енді Заңды тұлғалар бірлестігіне айналды, оның құрылымына бүкіл өңірлік бөлімдер кіріп, басқару органдары тағайындалды. Осылайша, ұрпақтар сабақтастығы Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы дамуының айрықша белгісіне айналды. ҚКҚ өз қызметінде әрдайым біржақты бағдарды ұстанып, асыра сілтеушілікке жол бермейді. Қауымдастық осы жылдар бойына өз жұмысын дұрыс жолға қоя білді, оның өкілдіктері республикамыздың 16 өңірінің бәрінде де жұмыс атқарады. Бүгінгі таңдағы міндет – қол жеткізген табысты сақтау, жаңа әдістер қолдану және міндеттер шеңберін кеңейту арқылы одан әрі дамыту.


Келесі қадам – халықаралық деңгейдегі белсенді қызметті ұйымдастыру. Бұл қоғамдық қозғалыстың дамуына серпін беріп, жаңа белестерге жол ашады. Ақпараттық технологиялар мен интернет дәуірінде қалыс қалмай, ешқандай шектеусіз ғаламдық деңгейде ойлау қажет. Қауымдастық тек ішкі міндеттермен шектелмей, жалпымемлекеттік міндеттерді де шешуге ұмтылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда қоғамдық сананы жаңғырту процесі белсенді іске асырылуда. Бұл ретте кәрістік қоғамдық қозғалыста болып жатқан өзгерістер Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында айтылған идеясымен үндеседі. Қауымдастық ертеден қолданылып жүрген игі істерді одан әрі түрлендіре отырып, өрбітіп, бүкіл көпұлтты елмен бірлесіп, жаңа тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру ісіне үлесін қосуда.


 Қазақ халқына шексіз алғыспен

Бүгінде Қазақстанда кәрістердің алтыншы ұрпағы өмір сүріп жатыр. Әрине, уақыт өте келе есімдер мен тұлғалар өзгереді, дегенмен ешқашан ұмытылмайтын, естен кетпейтін «дүние» де бар. Ол – мейірімді істер, адамдардың ізгілігі, байырғы тұрғындарға деген ерекше ілтипат сезімі.


Қоныс аударған кездері де, қазіргі уақытта да кәрістердің қазақ еліне деген алғысы шексіз. Осындай шын алғыс сезімін сөзбен жеткізу де қиын, оны тек іспен дәлелдеуге болатын шығар. Халық арасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы ізгі құндылықтар енді қалыптаса бастаған кездері бір-біріне тірек бола білген қиын-қыстау уақыт тарих парағына айналды. Ата-аналарымыздың басынан өткен сол кездері қазақ халқының қол ұшын бергенін мәңгілік есте сақтау қажет!


Сондықтан 2012 жылы Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының бастамасы бойынша Үштөбе мен Оралда бүкіл депортацияланған этностардың атынан қазақ халқына алғыс монументі орнатылған болатын. Біздің көпұлтты халықтың тарихи мұрасы осы ескерткіштерде көрініс тапқан. Бүгіннің өзінде мұндай мемориалдар Қазақстанның тағы да бірнеше қаласында ашылған.


Осы ескерткіштерді орнату Қазақстанда Алғыс күнінің пайда болуымен үндеседі. Алғыс күні Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылған күні атап өтілетін бірегей мерекеге айналды. Алғыс күнін белгілеу, ескерткіштер орнату – болашақ ұрпақ үшін жасалуда. Кемел мемлекет құру үшін, барлық адамдар бейбіт өмір сүру үшін ата-бабаларының басынан өткен күндерді, тарих беттерін жас ұрпақ мәңгілік есте сақтауы тиіс.


Еңсесін көтеру үшін аянбай көмектескен елге, халыққа алғыс сезімін нақты істер арқылы дәлелдеу – қазақстандық кәрістердің басты мұраты. Олар күні бүгінге дейін ортақ мемлекеттің өркендеуіне үлесін қосып келеді.

Бұдан екі жыл бұрын кәріс диаспорасы Қазақстанда тұрғанының 80 жылдығын атап өтті. Бүгінде олардың саны 100 мыңнан асты. Олардың ішінде көрнекті ғалымдар, спортшылар, өнер қайраткерлері және бизнесмендер де бар. Кәрістер мемлекеттік органдарда басшылық қызметтерді атқарады.


1937 жылғы күздің салқын күндерінің бірінде Қиыр Шығыстың маңындағы аудандардың кәрістерін малдарға арналған вагондармен қазақ даласына қоныс аударып тастайды. Қазақстандағы кәрістердің қарапайым тарихы осылай басталады. Осы тарих беттерін алғашқы қоныс аударушылардың ұрпақтары жадында сақтап, сол оқиғалардың куәгері болған көнекөз қарияларды құрмет тұтады.

Герман Кимнің естеліктері: «Біз Қазақстанда тұрғанымыздың 60 жылдығын атап өткен кездері алғаш қоныс аударғандар саны мың, он мыңдап саналатын. Ал бүгінде олардың саны күннен күнге азайып барады. Ең алдымен осы адамдарды еске алған орынды деп санаймын.».

Отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған кездері Валентин Нидің жасы    10-да болатын. Осы елде білім алып, математика профессоры дәрежесіне дейін жетті, отбасын құрды. Осы жетістіктерге жетуі қазақ халқының арқасында ғана мүмкін болды деп есептейді Валентин Ни.

Валентин Ни, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің профессоры: - «Қойған маңында тұрып жатқан қазақ тұрғындары қолда барын беріп, ет, нанымен бөлісті. Бізге қолдау көрсетті. Соның арқасында біз жаңа қонысқа бейімделе бастадық».

Ал Константин Кимнің атасы Талдықорғанға жақын жерде орналасқан Үштөбе қаласына қоныс аударылған екен. Өзінің болашақ зайыбымен осы жерде танысқан. Осынау қиын-қыстау кездері жергілікті халық қол ұшын бергенін атасы айтып отыратын. Бірақ депортацияланған кәрістер де ризашылығын білдіру үшін аянбай еңбектенуге кірісті. Тіпті сол кездері жергілікті тұрғындарға экзотикалық болып саналатын дәнді-дақылдарды өсіруге үйретті. Сонымен қатар қазақ тілі мен салт-дәстүрлерін де үйреніп алды.

Константин Ким, «Коре Ильбо» республикалық газетінің бас редакторы: - «Мен Кореяға барған кездері салыстырамын. Ол да көпұлтты ел ғой, негізгі тұрғындары – кәрістер. Ондағы барлық дүние кәрістерге жақын болу керек сияқты. Бірақ мен өзімді ол елде бір түрлі жайсыз сезінемін. Біздер, қазақстандық кәрістер, үшін Қазақстан, осындағы орта жақын тартып тұрады. Біз үшін туған жер, отанымыз – Қазақстан. Осындағы бай мәдени мұраны да өзімізге тән, жақын деп есептейміз. Біз, қазақстандық кәрістер – осы қоғамның, осы мәдениеттің үйлесімді құрамды бөлігіміз».

Бүгінгі таңда Қазақстанда Мемлекеттік академиялық кәріс музыкалық комедия театры бар. Жақын арада Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чже Ин осы театрдың құрметті қонағы болған. Сонымен қатар Қазақстанда кәріс тілінде газет те шығарылады. Бүкіл өңірлерде кәріс этномәдени бірлестіктері құрылған.

Игорь Ли, Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының вице-президенті: - «Біздің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстанда бақуатты және жайлы өмір сүру үшін барлық жағдайлар жасалған. Яғни, әрбір адам білім алып, жұмысқа еркін орналаса алады, бізде басқа ұлттар арасында шиеленіс жоқ. Біз бір шаңырақ, бір ашық аспан астында мамыражай өмір сүріп жатырмыз. Менің ойымша, бүкіл әлемде осыған ұқсас мемлекет жоқ сияқты. Сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы да – бірегей институт, дүние жүзінде оған ұқсас ештеңе болған емес».

Георгий Кан, Алматы Кәріс ұлттық орталығы төрағасының орынбасары:- «1937 жылы кәрістерді Кореядан, Қиыр Шығыстан әрі 10 мың шақырымнан асырып алып кетеді. Осылайша кәрістер кіндік қаны тамған жерінен қол үзеді. Тәуелсіздік таңы атқан кездері Н.Ә.Назарбаев айтқандай, қазақстандық кәрістердің рухани жаңғыруы басталды, Корея Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды.

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы депортация тарихына көптеген дүние жүзі ғалымдарының қызығушылығы артуда. Бәрінің атап өтетіні, сол кездері қоныс аударған ұлттардың сол елдің мәдениеті мен экономикасына қосқан үлесі. Тарихшылардың айтуынша, кәрістер Қазақстанда күріш шаруашылығын дамытуға ықпал еткен.

Кәрістер диаспорасы 2017 жылы тағы да бірнеше атаулы мерекелерді тойлады: Алматы қаласындағы ұлттық театрдың 85 жылдығы, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы.

2017 жылғы мерекелердің ең елеулісі, тарихи тұрғыдан маңыздысы – Қазақстандағы кәрістер энциклопедиясының тұсаукесері болды. Бұл алғаш рет жарияланған дана еді. Осы энциклопедияда мың жарымға жуық есімдер жинақталған, сонымен бірге 3 мың мақала кәріс этносының 80 жыл ішіндегі қалыптасу кезеңінен сыр шертеді.

«Қазақстандағы кәрістер энциклопедиясы» - анықтамалық басылым, бүкіл ТМД елдерінде оған ұқсас жоқ. Бұл еңбекті жарыққа шығару үшін құрастырушылар тобы үш жыл жұмыс істеген. Мұнда қазақстандық кәрістер туралы барынша толық ақпарат қамтылған.

Айтпақшы, биыл көктемде Өскеменде ауқымды іс-шара – Қазақстан-Корей ынтымақтастығы форумы өтті, соның шеңберінде Оңтүстік Корея инвесторларының қатысуымен мәдени байланыстарды нығайту және туризмді дамыту туралы меморандумдарға қол қойылды.

Қазақстан-Корей қарым-қатынасы 27 жылдан бері нығайып, жалғасуда. Корея Республикасы Қазақстанмен байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі болып табылады. Білім беру, экономика, денсаулық сақтау, мәдениет және туризм салаларында өзара тиімді әріптестік дамуда. «Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бастамашылық жасаған осы форум екі жақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының төрағасы Сергей Огай аталған форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Форумның мақсаты – өзара тиімді ынтымақтастық, ең озық технологиялар және инвестициялар тарту алаңын құру болып табылады. Халықаралық форумды өткізу тек екі мемлекеттің ғана емес, сондай-ақ екі өңірдің – Шығыс Қазақстан облысы мен Канвондо шығыс провинциясының екі жақты байланысын дамытуға серпін береді»,- деп атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысының кәрістер қауымдастығының төрағасы Юлия Кунсттың айтуынша: «Сонымен қатар бұл екі қала – Өскемен мен Каннынның арасындағы туыстас ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне бастау береді». 


«2011 жылғы 30 мамырда Шығыс Қазақстан облысы мен Канвондо шығыс провинциясының, сондай-ақ Өскемен мен Каннын қалаларының арасында туыстық қарым-қатынасты орнату туралы меморандумға қол қойылды,- деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облысы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

– Біздің өңірлерге біраз дүние ортақ. Халық саны да шамамен бірдей, таулы, орманды, сулы жерлерге байлығымен ерекшеленетін табиғаты да ұқсас. Экономикасы, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, гидроэнергетикасы да серпінді дамуда. Өткен жылдың қыркүйегінде «Алтай-Invest» форумы шеңберінде Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сиктің қатысуымен облыс басшылығы әріптестік қарым-қатынасты жандандыру туралы келісімге келді.».

Биылғы форумның да мақсаты сол. Екіжақты ынтымақтастық тәжірибесі де мол. Облыстың Корея Республикасымен сыртқы сауда айналымы ұлғаюда. Мәселен, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сыртқы сауда айналымы 18 пайзыға артып, шамамен 50 млн.АҚШ долларын құраған екен.

2013 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Ёнсе университетінің жанындағы Северанс госпиталімен, сондай-ақ облыстың Денсаулық сақтау басқармасы мен Тегу (Оңтүстік Корея) қаласының Католикалық университетінің арасында ынтымақтастық туралы келісім іске асырылып келеді. Корея дәрігерлері өңірдің науқастарына 14 күрделі ота жасап, 2000-нан астам шығыс қазақстандықтарға консультативтік көмек көрсеткен.

Ғылым мен мәдениет саласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы археологиялық іздестірулер өркениет бесігі – Алтай тарихына өзгеше қарауға мүмкіндік береді. Бұл «Кёгере дәуірі» ғылыми-тарихи қоғамының қызметіне байланысты қызықты болып табылады. Бұл қоғам кәріс тарихшыларын біріктіріп, кәрістердің арғы Отаны қасиетті Алтай жері екенін дәлелдеген.

          Асқар Нұрғазиев: «Біздің ынтымақтастығымыз тек экономикалық, ғылыми, техникалық мүдделерге ғана бағытталып қоймайды. Шығыс – полиэтникалық өңір, онда 105 этнос тұрады. 117 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Солардың ішінде ШҚО кәрістерінің қауымдастығы да бар. Бұл қауымдастық өз салт-дәстүрін, тілін сақтап және одан әрі дамыта отырып, өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан бірлестіктердің бірі. »

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Серік Жеңісов форумға қатысушылардың барлығына ризашылығын білдіріп, біздің елдер, өңірлер мен қалалар арасында ортақ нәрселер шынымен көп екеніне және осы әріптестікті одан әрі нығайту қажеттігіне назар аударды.

Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің консулы, бірінші хатшы Тэ Кён Гон жан-жақты қарым-қатынас орнату үшін дипломатиялық өкілдік бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Канвондо провинциясының құрметті губернаторы, Самхо университетінің ректоры, жеке меншік жоғары оқу орындарының ректорлары қауымдастығының төрағасы Чо Чан Дук өз сөзінде осы кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде, ҚКҚ президенті Сергей Огай қазіргі заман талабына сай екі жақты қарым-қатынастар басқа деңгейде қалыптасып жатқанына назар аударды: «Достар, бүгін бәріміз үшін ерекше маңызды оқиға. Хаттамалық кездесуде болған кезде біз бәріміз бұл қарым-қатынастардың «жаңғыру» сатысы екенін түсіндік. Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстырушы көпір тәрізді. Біз көптен бері әзірленген кездесуге Алматы қаласынан арнайы келдік. Бізбен бірге Оңтүстік Кореяның ең ірі мемлекеттік мекемелерінің басшылары: Корея Республикасының Бас консулдығы жанындағы («КOTRA») коммерциялық бөлімнің бас директоры Юн Чжонгхёк және Оңтүстік Кореяның Ұлттық туризм ұйымының директоры Сонг Пхиль Санг қатысып отыр. Осы екі ірі ұйым арқылы көптеген кәсіпорындар мен тарихи, мәдени орындары бар Шығыс Қазақстан өңірінің әлеуетін ашу мүмкіндігі туындап отыр. Іске сәт!».

Кездесу барысында біраз маңызды оқиғаларға назар аударылды. Атап айтқанда, 1992 жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезден бастап екі бағытта да туристер саны жылдан жылға ұлғаюда. Бұның бірден бір себебі – Корея мәдениетіне (кино, тағам, к-рор) деген қызығушылықтың артуымен қатар, 2014 жылы визасыз режимнің енгізілуі де әсер еткен. Мәселен, өткен жылдың өзінде Қазақстанға 35 мыңнан астам кәріс қатынаса, біздің елден Корея Республикасына барғандар саны 53 мыңнан асқан.

Форум аясында қонақтар Өскемен қаласының кәсіпорындарын аралады, оның ішінде «Азия-Авто» автозауытына да барған. Шығыс Қазақстан облысының орталығында жинақталатын кәріс автокөліктерін көрген қонақтардың жүзінен мақтаныш сезімі байқалды.

Технологиялық процеске оң баға берген форумға қатысушылар Қазақстан-Америка еркін университетіне барды. GCU (АҚШ) университетінің профессоры Чо Сон Су аталған оқу орнындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығыс Қазақстан облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің алдында дәріс оқыды. Профессор бүгінгі таңда өте маңызды және қызықты болып табылатын тақырыптарға тоқталды. Соның ішінде ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, муниципалды активтерді (көлік, мектеп, кітапхана, электр станциялары және т.б.) басқаруға арналған интернетті қамтитын Smart City («ақылды қала») интеллектуалдық жүйесіне ерекше көңіл бөлді. Бұған қоса, дәріс кезінде блокчейн-архитектор, Smart-контракт әзірлеуші сияқты жаңа кәсіптер, осындай сирек кездесетін мамандардың жоғары жалақылары, IT-технологиялармен айналысатын кәріс фирмаларының инновациялық әзірлемелерінің қуаты туралы сөз қозғалды. Мұндай қызықты дәріс, әрине, жастар үшін өте маңызды болды.

Өңір қонақтары С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне, сонымен бірге этнопаркке және облыстық тарихи-өлкетану музейіне де ат басын бұрды. Осындай саяхат барысында Шығыс Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің дүние жүзіндегі танымалдыққа мүмкіндігі бар екеніне қонақтардың көзі жетті. Себебі еуразиялық кеңістіктің мәдени-тарихи процестерін зерделеуде бұл зерттеулердің алатын орны ерекше. Бұл ретте Археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы аясындағы жетістіктер де ескеріледі.

Форум барысында сөз алған қатысушылардың бәрі ұйымшыл әрі еңбексүйгіш кәріс этносы көпұлтты, ынтымағы жарасқан Қазақстан халқының ажырамас бөлігі болып қалыптасқанына назар аударды. Лебізін білдірген әр адамның сөзінен мейірімділік пен ризашылық сезімі байқалды. Кәрістер осындай Ұлы далада 80 жылдан астам ешбір алаңсыз, ашық аспан астында өмір сүріп келеді. Форумда белгіленген басымдықтар – ынтымақтастық деңгейін кеңейту, ұрпақтар сабақтастығын, бебітшілік пен келісімді нығайту.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы бәрімізді өз салт-дәстүрлерімізді білуге және сақтауға, сонымен бірге басқа да этностардың дәстүрлерін сыйлауға, құрметтеуге үндейді. Ең маңыздысы – біз негізгі құндылықтарды нығайтуымыз қажет. Яғни, туған жеріміздің дамуына үлес қосу, өз дәстүрімізді, мәдениетімізді, тілімізді құрметтеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қажет»,- деді сөз соңында Сергей Огай.

Шетелден келген қонақтар да қалыс қалған жоқ. Олар әртүрлі ұлттардың үйлесімді қарым-қатынасына, бірлігіне, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа баса назар аудару қажеттігіне тоқалып өтті.

Халықтық Ассамблеяның экс-төрағасы Чончжу Чу Дже Мин мырза өз сөзінде: «Қазақстан демократиялық бастамалары бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында жетекші орынды берік иеленді. Сіздің ел тарихи кезеңнің жаңа сатысына қадам басқалы тұр. Сол себепті қазақстандық кәрістер алдыңғы шепте болуы тиіс», - екенін атап өтті.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Кейін қарай