Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Ақпан, 2019

3308

Қазақстандағы өзбек этностары туралы кітап жарық көрді

Қалың оқырмандарға «Қазақстан. Өзбек халқының мемлекет тарихындағы рөлі» атты үш тілде жазылған кітап жол тартты.

Қалың оқырмандарға «Қазақстан. Өзбек халқының мемлекет тарихындағы рөлі» атты үш тілде жазылған кітап жол тартты.

Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді.

Алғашқы беттері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қымбатты достар, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы біздің екі халық арасындағы нақты туысқандық сипатты білдіреді. Оның тамыры терең ғасырларға тартады және даңқты ортақ тарихпен, сондай-ақ ата-бабаның бай рухани мұрасымен нығайтылған. Бізде ортақ дүниетаным, ортақ дүниеауи түсінік бар. Бізде ортақ мәдениет, ортақ дін мен ортақ дәстүр бар. Барлық замандарда мәдениет, тіл, дәстүр қауқарлы байланыс тетігі болды, халыққа қызмет етуде маңызды рөл атқарады» алғы сөзімен басталған кітап мазмұны Қазақстан мен Өзбекстан туралы мәліметті қамтиды.  

Негізгі бөлімдерінің бірі – Қазақстан аймағындағы өзбек этносының тарихы. Онда «Қазақстандық ерекшелік елдегі этникалық көпқырлылықты сақтауды білдіреді. Қоғамдық келісім мен бірліктің жоғарғы салауатты моделінің арқасында өзбек тілі мен мәдениетін дамытуға қажетті жағдайдың бәрі жасалынады» делінген.

Қазақстанда бүгінгі таңда бес жүз елу мың өзбек этносы тұрып жатыр. Олардың басым көпшілігі Түркістан облысында шоғырланған. Кітапта еліміздің қалалары, облыс орталықтарында және аудандарда құрылған өзбек этномәдени орталықтары туралы мәлімет берілген. Республика бойынша үш жүз жиырма бір этномәдени бірлестік бар. Сондай-ақ өзбек халқының ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті, асханасы, ұлттық киімдері, қолөнері, қазақстандық өзбек этносының жетістіктері, білім мен ғылымдағы үлесі сипатталған.

Тағы бір негізгі бөлімінде Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы, құрылымы, қызметі мен этностар арасындағы татулық пен келісімді сақтауға бағытталған саяси бағыттары жарияланған.

Аталмыш кітаптың әзірленуіне атсалысқан Астана қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов: «Бұл кітап Қазақстандағы Өзбекстан жылының өтуіне байланысты шығарылып отыр. Ол танымды, мазмұнды энциклопедия. Мені қуантатыны – республикадағы өзбек этномәдени бірлестіктері туралы мәліметтердің енгізілгені. Кітап оқырмандардың көңілінен шығады деген сенімдемін. Ізденген адам өзіне керекті мәліметтер мен деректерді алуына болады», – дейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланды. Осы орайда екі халық арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды.

Биылғы жыл Өзбекстанда Қазақстан жылы деп жарияланды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Дата события ассамблеи: 15.02.2019

Кейін қарай