Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Сәуір, 2016

1420

Балалар үйінде өткен «Игі іс» акциясы

12 сәуір күні Павлодар ауданы Шақат ауылының отбасы үлгісіндегі балалар үйінде белорусс этномәдени бірлестігінің жастар қанатының ұйымдастыруымен «Игі іс» акциясы өтті. Балалар үйінің алаңында концерттік бағдарлама өткізілді. Бағдарлама барысында «Гуканье весны» белорусс халқының дәстүрлі салты көрсетілді.

«Гуканьне Вясны» – белорустардың ең басты көктемгі мерекесі болып табылады. Осы уақытта құстар қайтып келеді және олар өздерімен бірге көктемді алып келеді. Дәстүр бойынша бұл мереке күн мен түннің теңелген кезінде тойланады. Көктемнің келуі күннің шуақ шашып, жаңа өмірдің басталуымен тығыз байланысты. Бірақ бұл уақытта өздерімен бірге көктемді алып келетін құстар аз болады. Сол себепті, салтқа сай, балалар оларды қағаздан жасап, барлық тәрбиеленушілерге табыстады. Жас өнерпаздар белорус және мемлекеттік тілдерде әндер мен тақпақтар айтып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кейін балалар бірлесіп балалар үйінің бағында 30-ға тарта бүлдірген түптерін отырғызды.     

Шақат ауылы отбасы үлгісіндегі балалар үйінің директоры Оңғаров Қабиден Сарыбайұлының айтуынша бұл мекеме жергілікті шаруа қожалығының басшысы Сүлейменов Серік Төлеуғазыұлының мұрындық болуымен 2006 жылы ашылды. Қазіргі таңда мұнда 6 бала тәрбиеленуде. Олар жергілікті балалармен бірге мектепке барып, отбасыға жақындатылған жағдайларда өсіп келеді. Балаларды ана-тәрбиешілер Мешелева Бақытжамал мен Ахметова Сайран бағып-өсіріп келеді.

Мен барлық балаларды «менің балаларым» деп айтамын. Бұл үйге келгенімде ең кішкентай Асылжан 4 жаста еді. Барлығы менің көз алдымда өстіп, қазір 13-14 жасқа толып отыр. Ең кішкентайлары менің қасымнан шықпайды, әрдайым көмектеседі. 9 жыл ішінде отбасымыздан төрт бала өсіп шықты. Роман мен Әсемгүлдің өздерінің отбасылары бар. Қазір олардың кішкентай балалары өсіп келеді. Біз үйімізді ешқашан «балалар үйі» деп атамаймыз – «отбасы» деп атаймыз, өйткені бір-бірімізге деген қарым- қатынасымыз өте ыстық, - деп ана-тәрбиеші Мешелева Бақытжамал өз ойымен бөлісті.

Сонымен қатар ол облыстық белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы Богнат Любовь Ивановнаға тамаша концерттік бағдарлама мен жуық арада жемісін беретін бүлдірген бұталары үшін алғысын білдірді. Ал Любовь Ивановна оны және барлық балаларды Достық үйіне қонаққа шақырды.

   

   

   

   

 

 

Айтпаев Мақсат

Кейін қарай