Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Қыркүйек, 2021

689

Балжан Окенова: Сыбайлас жемқорлық – жай ғана қылмыс емес...

Сыбайлас жемқорлық бүгінде мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына қарамастан әлемнің кез келген елінде әлеуметтік құбылыс ретінде көрініс табуда. Адамзат өзінің даму тарихында осы індетпен қаншалықты күрессе де, билікке ие болу арқылы оңай олжаға бату азғыруларына қарсы тұра алмай келеді.

Қазіргі уақытта әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі жұмыс үздіксіз жүргізілуде және үнемі жетілдірілуде. Әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тетіктерінің барлық елдер үшін оңтайлы бірегей үлгісі жоқ. Әрбір ел қабылдайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі әдістер жиынтығы бірегей, ол тек саяси және экономикалық тұрақтылыққа ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрып пен дәстүрге, діни ерекшеліктер мен құқықтық мәдениет деңгейіне, мемлекеттің аумағы, тығыздығы мен халық санына да байланысты.

Сыбайлас жемқорлық – жай ғана қылмыс емес, сонымен бірге экономиканың дамуының да, елдің саяси жүйесінің жұмыс істеуінің де көрсеткіші. Ол үнемі мұқият зерделеуді, жүйелі тәсілді, кешенді және жедел қарсы іс-қимылды талап ететін қазіргі қоғамның жағымсыз құбылысы болып табылады.

Ел жаңару сатысында тұрған кезде сыбайлас жемқорлық әрқашан жоғары болады. Қазақстан қазір жаңғыртуды ғана емес, қоғамдық, мемлекеттік және экономикалық негіздердің түбегейлі өзгеруін бастан кешуде. Жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына тән қазақстандық қоғамда болып жатқан үдерістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту қажеттілігін өзектендіреді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық өтпелі кезеңдегі елдердің сөзсіз белгісі. Қазақстанда бұл ең алдымен экономикалық, институционалдық және әлеуметтік-мәдени саладағы бірқатар объективті себептерге байланысты болды.

Сол себептен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуды тежейді, инвестициялық ахуалға теріс әсер етеді, елдің имиджін, Қазақстан Республикасымен ынтымақтастыққа халықаралық мүдделілікті төмендетеді. Мұны әрбір азамат терең түсініп, бұл зұлымдыққа қарсы тұруы тиіс. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамның барлық салаларына кері әсерін жою үшін қоғам, мемлекет, әрбір адам тарапынан жүйелі күш-жігер қажет.

Қазақстанда экономиканы жаңғырту және ауқымды әлеуметтік өзгерістер жағдайында мемлекеттің қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланыстырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданды.

Стратегияда айқындалған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың түйінді бағыттары: мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; қоғамдық бақылау институтын енгізу; квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Ал сыбайлас жемқорлықты жеңу мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өткен жөн.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға бола ма? Бұл қауіпті құбылысты жою үшін әрқайсымыз не істей аламыз?

Бұл ретте елімізде бүгінгі таңда бұлтартпас жазалау – мемлекет қолданатын әдістердің бірі. Алайда, бұл процедура әрдайым көмектеспейді, кейбір билік өкілдерінің пара алуға тез азғырылуы жоғары деңгейде болып отыр.

Біз бір жерде сыбайлас жемқорлық көп, ал бізде ол аз деп өзімізді жұбатпауымыз керек. Сыбайлас жемқорлық – бұл екі жақты қозғалыстағы көше іспеттес. Егер параны алатындар болса, онда міндетті түрде беретіндер бар. Барлық бағыттар бойынша әрекет ету керек, ең алдымен, өзіңізден және айналаңыздағылардан сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюды талап ету аса маңызды.

ҚР Тұңғыш Презииденті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Азаматтық бақылау – сыбайлас жемқорлық пен немқұрайды шенеуніктердің ысырапшылығына ең сенімді тосқауыл. Біз бұл жолдан бұрылмаймыз. Бірақ бұл азаматтық қоғам үшін ақиқат сәті. Оның қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысуы бастамашылдық, кемелдік және азаматтар алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделуі тиіс» деп, бұл ретте қоғам жауапкершілігіне ерекше мән берген болатын.

Қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ мүшелері, әсіресе жастардың сауатты болуы және проблеманың алдын алу үшін заңнаманы білуі, шенеуніктердің пара алу себебін тудырмау үшін барынша жағдай жасалуы керек. Шенеунікке пара бергені үшін де жауапкершілік бар екенін халықтың білуі де өте өзекті.

Ұлы қытай философы Конфуций айтқандай: «Егер Сіз дұрыс мінез-құлықтың үлгісін көрсетсеңіз, кім дұрыс емес әрекетті жалғастыруға батылы жетеді?» Сондықтан еліміздің әрбір азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасай отырып, Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартып, экономиканың өркендеуіне және тиісінше қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететінін түсініп, іс жүзінде қолдануға міндетті.

Балжан ОКЕНОВА,

ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ

Алматы қ. Достық үйі қызметін

қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы

Кейін қарай