Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Қазан, 2020

699

«Барлық ақпарат жас ұрпаққа қазақ тілінде жетуге тиіс»

Қазақстанда тұрып жатқан бірде-бір адам тіл мәселесінен тыс қала алмайды. Мемлекеттік тілге байланысты маңызды мәселелерді назардан шығармай оларды ашық айтып, талқылау қажет.

Президентіміз Қ.К.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деп айтқан болатын. Менің ойымша, ақпарат өнімдеріне әлеуметтік желілерді де қосуға болады.

Қаласаңыз да, қаламасаңыз да қоғам әлеуметтік желілерге желімденді. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын салып, виртуалды өмірден алшақтамайтындар саны күн өткен сайын артып келеді. Енді бізге осы құбылысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мемлекетке, мемлекеттік тілге пайдалы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті барынша сезініп, әлеуметтік желілерді мемлекеттік тілді насихаттайтын ортаға айналдыру орынды болмақ.

Бұл осы жылдың ішінде тілге байланысты мен қатысып отырған үшінші республикалық іс-шара. Әрине қазақ тілінің жанашырларын бірге жинап, мемлекеттік тілді меңгеру, үйрену туралы пікір алмасып отырғанымыз қуантады. Адам көргенін айтады, дейді, мен де өз тәжірибемде кездесетін тілге байланысты тосқауылдарды айтайын. Алдыңғы осындай жиналыстарды терминология, әлеуметтік желілерде қазақ тілінде сапалы контенттің кемдігі туралы сөз қозғаған едім, ал бүгін ғаламтор беттеріндегі қазақ тіліндегі ресурстар туралы айтқым келеді. Жоғары оқу орнында жұмыс жасағандықтан студенттерге өз алдына ізденуге тапсырмалар беріледі, әсіресе карантин кезінде барлық оқыту процессі қашықтықтан жүргізіледі. Осыған орай көптеген ақпаратты өз алдына іздеп, үйренуге тура келеді. Менің ойымша, соңғы уақытта қазақтілді интернет-аудитория аз-аздан өсе бастады. Бұған бір жағынан мемлекеттік саясат, екінші жағынан патриотизмнің өсуі және қазақ тілінің еліміздегі жағдайын түсіну әсер еткен сияқты. БАҚ-тың қажеттілігін айтпағанда, интернет-өнімдерді мұғалімдер де, жоғары оқу орындарының оқытушылары да, қазақ тілінде сабақ беретін және оқитын студенттер мен оқушылар да талап етеді. Оларға қазақ тілінде білім алу үшін жақсы басылымдар жетіспейді, сапалы оқулықтардың, интернет-оқулықтардың саны шектеулі. Қазақ тілінде мағлұмат аз, кейде жоқ болғандықтан орыс тілінде тауып соны Яндекс, Google арқылы аударады, бірақ ол аударманың дұрыс, не бұрыс екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Қазақ тілі бұл Абайдың тілі, Мағжанның тілі, әр қазақ сөзінің мағынасы терең, мүмкіндігі кең. XXI ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан, қазір ақпарат уақыттан да, алтыннан да қымбат. Барлық ақпарат жас ұрпаққа қазақ тілінде сапалы жетуге тиіс, ол үшін баршамыз ат салысуымыз қажет деп ойлаймын.

Зульфия Таипова,

Каспий Университетінің лекторы,

«КУЯБ» этномәдени бірлестігінің мүшесі

Кейін қарай